08 Ақпан, 2013

Отпен ойнағанның бірде шоқ басары анық

326 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отпен ойнағанның бірде шоқ басары анық

Жұма, 8 ақпан 2013 7:44

Қазір жұрт аузындағы бір әңгіме – Солтүстік Кореяда ядролық сынақ жасалмағы жайында. Ол бүгін-ертең болуы мүмкін дейді жұрт. Дәл қай күні нақты белгілі болмағанымен, сынақ өткізілетініне ешкімнің күмәні жоқ.

Басқасын былай қойғанда, сы­наққа байланысты бұл елдің көсемі Ким Чен Ын елде әскери жағдай енгізгені де белгілі болып отыр. КХДР-дегі барлық әскери күштер жауынгерлік дайындыққа көшіп, Пунгери полигонында қарбалас жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді.

Жұма, 8 ақпан 2013 7:44

Қазір жұрт аузындағы бір әңгіме – Солтүстік Кореяда ядролық сынақ жасалмағы жайында. Ол бүгін-ертең болуы мүмкін дейді жұрт. Дәл қай күні нақты белгілі болмағанымен, сынақ өткізілетініне ешкімнің күмәні жоқ.

Басқасын былай қойғанда, сы­наққа байланысты бұл елдің көсемі Ким Чен Ын елде әскери жағдай енгізгені де белгілі болып отыр. КХДР-дегі барлық әскери күштер жауынгерлік дайындыққа көшіп, Пунгери полигонында қарбалас жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді.

Соның бәрін есепке алып, са­рап­шы мекемелер ядролық сынақ бұрын сөз болып келген уақыттан бұрынырақ та жүзеге асуы мүмкін дегенді айтады. Ал бұрын жұрт қисынға салып, сынақ Солтүстік Ко­реяның бұрынғы көсемі Ким Чен Ирдің туған күні 16 ақпанда, әйтпесе, Оңтүстік Кореяның жаңа президенті Пак Хын Хенің таққа отыратын күні 25 ақпанда өтуі мүмкін деп келген. Мұның да қа­рабайырлау қисыны бар: бірін­ші­сінде көсемдеріне құрмет десе, екін­шісінде өздерінің ата жауындай есептейтін елдің жаңа басшысына қыр көрсеткендік.
Жүзеге аса қалған күнде бұл КХДР-дің үшінші ядролық сынағы болмақ. Бұрынғыларын олар 2006 және 2009 жылдарда өткізген. Бұл сынақтар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің арнайы қабылдаған бұл елде сы­нақ өткізуге тыйым салған ше­шіміне қарамай жүргізілген. Соған орай халықаралық бас ұйым бұл елге экономикалық санкциясын кү­шейтті. Бірақ олар райынан қайтар емес.
Ядролық қару болғанымен, оны діттеген жерге жеткізетін құрал да керек. Бұрын олардың мұндай құ­ралы жоқ, қаруы болғанымен, оны қолдана алмас деп келсе, өткен жыл­дың желтоқсанында КХДР жер серігі бар «Ынха-3» зымыранын ұшы­рып, әлем жұртшылығын тағы да шошытты. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі өзінің қолынан келетін шарасы – экономикалық санкция­ла­ры­ның ауқымын кеңейтті. КХДР басшылығы мұны өздеріне қарсы соғыс жариялау деп қабылдап, жа­ңа ядролық сынақ өткізетінін жариялады. Бүгінгі әлемдік әбігер – соның салдары.
Бұдан олар не ұтады? Ұтары жоқ. Өздерінің партиялық бас га­зеті «Нодон Синмун» ел басшы­лығы бұл қадамға «халықтың талабын ескеріп барды» деп жазады. «Қауіпсіздік Кеңесі бізге басқадай таңдау жасауға мүмкіндік қалдыр­мады. Енді ақырына дейін барамыз» – бұл тұйыққа апарып ті­рейтін сөз. Бұлар қыңыраяды екен деп енді халықаралық қоғам­дас­тықтың да олардың ыңғайына жы­ғылуы екіталай.
Әрине, ядролық қаруды қол­да­ну қаупі болмағаны жақсы. Сөйтсе де бұл қауіпті тым асыра бағалау да артық. Дәл бүгін Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяға және оның одақтасы АҚШ-қа ядролық қару­мен соққы беріп, оларды үлкен шы­ғынға ұшыратады дегенге, бас­қалардан бұрын, Пхеньянның өзі де сенбейді. Оған жауап соққы өз­дерінің түбіне жететінін олар жақсы біледі. Бұлардың басты мақ­саты – бопса. Сондықтан да жұрт­шылық арасында ядролық үрей туғызудың да жөні жоқтай.
Керісінше, ядролық қарумен ой­нау Солтүстік Корея басшы­лы­ғын тұйыққа тірейтіні даусыз. Бұл тұйықтан шығу оңайға соқпайды. Өйткені, олар басқалармен қарым-қатынастағы сенім жолын кесіп тас­тады. Тіпті енді олардың бұ­рынғы одақтасы демегенмен, ті­леу­лес­терінің өзі қолдамайтыны анық. Ал Қытай ашық айыптап отыр. Ең қиыны – осынау жосықсыз саяси ой­ыннан жапа шегетін билік­тегі­лер емес, қарапайым қара халық. Бірақ сол халықтың да шыдамы тау­сылуы мүмкін.

 

Барша дүние танитын Дағыстан

Өткен аптада Ресей Федерациясының Дағыстан респуб­ликасында басшылық ауысты – Магомедсалам Магомедовтің орнына Ресей президенті Владимир Путин белгілі саясаткер Рамазан Абдулатиповты уақытша басшы етіп тағайындады.

Жеке мемлекет те емес, бір федералдық елдің бір нысанында басшының ауысқанын сөз етудің не жөні бар деуге де болар. Бірақ біраз жұрт біраз елді білмегенімен, Да­ғыстанды біледі. Әртүрлі жағынан. Кешегі кеңестік заманда Расұл Ғамзатовтың «Менің Да­ғыстаным» деген тамаша кітабын оқып, бұл ел талай адамның жүре­гінде жатталып қалған. Бұл елден шыққан балуандар әлемді таңдан­дырады. Азаттық үшін арпалысқан азаматтары қандай! Әдебиеті де әлемге әйгілі.
Соңғы кезде бұл республи­ка­дағы жаманат істер көбірек ауызға ілініп жүр. Атыс-шабыс осы елде. Оның адамдары өздерін қойып, Мәскеуді шулатып жатады: метрода жарылыс жасайды, кісі өлтіреді, жұртты таңдандырған той өткізеді, сол тойда атыс та болады. Уахабиттер, таракаттар, жамағаттар дегендер де осы елде. Олар Мәскеу жіберген арнаулы бөлім сарбаздарымен соғысып, оларды өлтіреді, өздері де өледі.
Билікке талас тіпті бөлек, әу­лет­тер болып қырқысып жатады. Жур­налистердің, соттардың, ми­нис­тр­лердің, дін басшыларының, бизнес­мендердің өлтірілуі де жұрт­қа таңсық емес. Бұл республика өзін асырау үшін Мәскеуден ақша сұрайды, ал «Анжи» дейтін футбол командасына ойыншылар, жаттық­тырушылар жалдау үшін миллион долларлап қаржы жұмсайды. Бұ­ларың қалай деп сұ­райтын адамдар жоқ сияқты.
Ал бұл республикада тәртіп орнатуға Мәскеу де, ел ішінде де еш­кімнің шамасы келмейтіндей. Бас­қасын былай қойғанда, бүгінге дейін билік тізгінін ұстаған Магомедсалам Магомедов республи­ка­дағы аса бе­делді әулеттен шыққан адам еді. Оны Мәскеу қолдады, өзінің қомақты қаржысы да болды. Бірақ елде нақты тәртіп орната алмады.
Осы жерде оның әкесі Магомедали Магомедов туралы да айта кеткен жөн. Республиканы бүгінге жет­кізген сол адам. Жұрттың айтуына қа­рағанда, ол 90-шы жылдарда Да­ғыстанды мекендеген халық­тар­дың өзара қырқысуынан сақтап қалған. Ал бұл елде отыз тілде сөйлейтін халық бар. Бір кезде туыспыз, мүд­де-мақсатымыз бір дей­тін олар бү­гінде бір-бірін түсінгісі келмейді. Өз көсемдері бар, бас­қаларды мойын­дағысы жоқ. Жұрт бір-бірімен қару­дың, ақшаның ті­лімен сөйлеседі.
Енді осы елге Рамазан Абдулатипов тәртіп орната ала ма? Оны көзі қарақты жұрт сонау тоқ­санын­шы жылдардың басынан бері біле­ді. Ол орыстан басқа ұлт өкілдері ішінен шыққан аса беделді қайрат­кер ретінде танылған. Өзінің жү­йелі пікірімен, өткір мәселелерді ше­шуге байланысты парасатты ұсы­ныстарымен жұртты мойын­дат­­қан еді. Соның арқасында ол үлкен державаның министрі де болды, парламенттің сенаторы да, депутаты да болып сайланды. Жай бір республиканың ғана емес, Ресейдей державаның да бір басшысы бол­ған­дай беделге жеткен. Бі­рақ оған ондай қызметті қимай, сырт жаққа елшілікке жіберген. Кім біледі, сонда ол Дағыстанға жі­берілгенде, он­дағы жағдай бү­гін­де басқаша болар ма еді дейді жұрт.
Оның бұл республикада билік тізгінін ұстауының нәтижесі қан­дай боларын болжау қиын. Абдулатипов – күштің де, ақшаның да ті­лімен сөйлемейтін қайраткер. Оның халықпен сөйлесуге ұмты­латыны да даусыз. Және халықпен тіл табысатыны да анық. Ал Мәс­кеудің оны барынша қолдаудан басқа шарасы да жоқ. Сөйтіп, олар үш жақтап осынау республикада тамырын тереңге жіберген қыл­мыс­тық дүниені жеңе ала ма? Жұрт осы сұраққа жауап іздейді, қадағалап отыратын болады.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».