15 Ақпан, 2013

Дүбірге толы дүние

218 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Жұма, 15 ақпан 2013 7:13

Президент пен премьер-министр қол алысты

Грузиядағы саяси дағдарыс жұртқа белгілі.Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен премьер-министр Бидзина Иванишвили президент Михаил Саакашвилиді мойындамай келді. Енді тіл табысқан көрінеді.

 

Жұма, 15 ақпан 2013 7:13

Президент пен премьер-министр қол алысты

Грузиядағы саяси дағдарыс жұртқа белгілі.Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен премьер-министр Бидзина Иванишвили президент Михаил Саакашвилиді мойындамай келді. Енді тіл табысқан көрінеді.

Расында, бұл – күтпеген жаңалық. Бұл елдегі биліктің екі тармағының мәмілеге келуі мүмкін еместей кө­рінген және жұрт ол қалайда бір қатты қақтығысқа апарып соқтырады деген ойда жүрген. Өткен демалыс күндері президент пен премьер-министр бір-біріне негізгі мәселелер бойынша пікір алысуға дайын екен­діктері жөнінде мәлімдемелер жасапты.

Президент пен премьер-министр арасындағы тайталас әр елде де болып жатады. Ал оның Грузиядағы түрінің сипаты өзгешелеу. Елде парламенттік-президенттік жүйе қалыптасқанмен, президенттің парламентте сөйлеуіне жол бермеу   шектен шыққан жағдай еді. Мұны да президенттің өз әрекеттерінің салдары деп түсіндіруге болар.

Саакашвилидің билікке келуі, елде жүргізген саясаты туралы әңгіме көп. Ең алдымен, өзінің билікке жетуіне көмектескен достарымен ренжісіп, олар оппонентке айналды. Оның жемқорлықпен күресіне, құқық қорғау органдарындағы сыбайластықты жойғанына жұрт таңданса да, өз қарсыластарын түр­меге тоғытқанын айыптады. Ресеймен соғысуы да, Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан айрылуы да беделін түсірді. Батысқа бет бұрып, АҚШ-пен достасуын құп­тағандар көп болса да, Ресеймен ат құй­рығын кесісуін құптамағандар да бар.

Бір сөзбен айтқанда, өзі билік тізгінін ұстаған кезде достан гөрі қарсыластарды көп тапты. Оның «Біртұтас ұлттық қозғалыс» (БҰҚ) партиясының парламенттік сайлауда жеңілуінің басты себебі осында еді. Барлық билікке қар­сыластарды «Грузия арманы» бло­гына біріктірген миллиардер Бидзина Иванишвили үкімет басына келісімен, Саакашвилиге қарсы пәрменді әрекеттерге көшті. Оның жақтастарын билік құрамынан кетіруімен шектелмей, қудалауға да алды. Саяси әрекеттері үшін сотталған деп біраз адамды түрмеден босатты. Олардың арасында шын мәніндегі қылмыскерлер де болуы мүмкін. Енді олар Саакашвилиге қарсы күреске белсенді қатысты.

Биліктің екі тармағының бір-біріне қарсы болуы елдің мүддесіне мүлде қайшы еді. Өзекті мәселелерді шешу орнына олар бір-бірінің беделін түсіруге көбірек назар аударды. Жо­­ғарыда айтқандай, парламент көпшілік дауыспен президенттің онда дәстүрлі ұлтқа арнап сөз сөйлеуіне қарсы болды. Саакашвили сонда өзінің «Елдегі жағдай туралы» баяндамасын ұлттық кітапханада жасамақ еді. Кешегі түрмеден босағандар оған да мүмкіндік бермей, сол жерде Тбилиси қаласының әкімі Гиги Угулаваны және БҰҚ партиясының біраз мүшелерін сабап тастады. Пре­­зи­дент бұдан кейін баяндамасын өз резиденциясында жасауға мәжбүр болды.

Осы жерде жұрт күтпеген жағ­дай орын алды. Көшеге шыққан шерушілер президент резиденциясын да қоршап алып, оған шабуыл жасау ниеттерін де білдірген. Сонда резиденциядан шыққан АҚШ елшісі Ричард Норманд шерушілерге арнап сөз сөйледі. Ел мүддесі үшін президент пен премьер-министрдің өзара пікір алысуына мүмкіндік берейік, күш қолдану қиындықтан шығудың жолы емес, деді. Жұрт уәжге тоқтады ма, АҚШ беделіне тоқтады ма, әйтеуір, елшінің ұсынысын қабылдап, тарқасты.

Әңгіме ниетте ғой. Келісімге отырған соң тіл табысуға жол да табылады. Осы жерде президент Саакашвилидің премьер-министрді отставкаға жіберу құқын осы күнге дейін пайдаланбағанын да атап айтқан жөн болар. Енді ондай талапты конституциядан да алып тастауға келісімін білдірді. Мұны Иванишвили де бірден құп алды. Осының бәрі оларды ел мүддесі төңірегінде қайта табыс­тырар деген ойға жетелейді.

 

Келісіп жасалған шешім шикі болмайды

Дәстүрлі Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясында Иранның ядролық бағдарламасына байланысты «алтылықтың» Иранмен келіссөзінің кезекті раунды осы ақпан айының 26-сы күні Алматыда өтетіндігі туралы хабар әлемге тез тарап, жұртшылықтың құптаған ықыласын тудырды.

Бұл жөнінде Иран сыртқы іс­тер министрі Али Акбар Салехи мәлімдеді. Әрине, ол өз басшыларымен келіспей, мұндай мәлімдеме жасамайды. Ал «алтылық» жағының ойын бұл өзі жақсы хабар екен деп, Еуроодақтың сыртқы істер жә­не қауіпсіздік саясаты жөніндегі жо­ғарғы өкілі Кэтрин Эштонның арнаулы өкілі Майкл Манн біл­дірді. Алдын ала өзара келісім бол­ғандықтан, солай деп отырғаны да белгілі.

Жалпы, «алтылық» жағы үнемі Иранды келіссөзге шақырады. Қандай да бір желеу тауып, келіссөзден қаш­қалақтайтын ирандықтар. Иран­ның орынсыздау бір қадамына байланысты оны шектеу үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі санкция белгілесе болды, Иран президенті Махмұд Ахмадинежад қылт ете қалып, ке­ліссөзден қашады, МАГАТЭ-ні ел­ге кіргізбей қояды. Бұл өзі дәстүрге айналған жай.

Қарапайым қисынға қарағанда, «алтылық» пен Иран арасында келіссөз жүргізіліп, ол белгілі бір келі­сімге қол жеткізсе, әлемдік бір үлкен қайшылық шешіліп жатар еді. Ондай келісімнің беделіне ешқандай күмән болмайды. Оған «алтылықтың» құрамының өзі дәлел: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Германия. Алғашқы бес ел – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері. Содан да «алтылық» пен Иран арасында қол жеткен келісімді БҰҰ-ның шешіміндей қабылдауға да болар еді.

Әңгіменің түйіні – Иранның өз­дерінің ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатты көздейді деген мәлімдемелеріне сенімсіздік. Халықаралық бас ұйым оларға ниеттерің таза болса, оның бәрін ашық жүргізіңдер, МАГАТЭ-ге есіктеріңді ашыңдар, дейді. Ал Иран бұл талапты орындамайды. Оның үстіне жаңа қару-жарақтарды сынап, Израиль сияқты елді жер бетінен құртып жібереміз деп мәлімдеп жатады. Кең көлемді келісім осының бәріне нүкте қояр еді ғой деп үміт етеді жұрт.

Мұндай келіссөздің болмай, ке­лісімге қол жетпей келе жатқанының бір себебі – сол «алтылық» ішіндегі алауыздық. Ресей мен Қытай қатаң талап қою орнына Иранның мүддесін қорғаштайды. Мұның себептері де бар: Қытай Иран мұнайына зәру, ал Ресей Ирандағы Бушер АЭС-ін салып берген. Иран «алтылық» арасындағы алауыздықты тиімді пайдаланып, уақыт оздырып, уранды байыту жолындағы әрекеттерін, жаңа қаруларды сынауын жалғастырып келеді. Мұны әлем жұртшылығы қауіп санайды, мәселенің келіссөз жолымен шешілгенін қалайды.

Халықаралық санкциялар Иранға да оңай соғып отырған жоқ. Ол өз мұнайы мен газын өткізетін жер тап­пай отыр. Сол санкцияларға байланысты біраз ел одан бас тартуға мәжбүр. Мюнхен конференциясынан кейін де АҚШ өз санкцияларын күшейтіп, Иран мұнайын сатып алатын елдер санын қысқартты. Оны Иранға қатысты мәжбүрлеу шарасы деп те қабылдауға болар. Бүгінге дейін БҰҰ Иранға қарсы төрт санкция жариялады.

Жаңа келіссөз жұрттың бәріне қажет. Келіссөз біздің елімізде өтсе, оған барлық жағдай жасаймыз деп еліміз Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың сол Мюнхенде-ақ мә­лімдеме жасағаны содан. Ал ке­ліссөзде келісімге қол жетер болса, ол адамзатқа игілік, бізге де абырой.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».