Саясат • 09 Маусым, 2019

Алматыда сайлауды бақылауға 80-нен аса халықаралық бақылаушы қатысуда

459 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент сайлауының барынша ашық өтуін қадағалау мақсатында Қазақстанға бірқатар әлем елдерінен бақылаушы мамандар келгені мәлім. Еліміздегі ең алып мегаполис саналатын Алматыдағы қызу науқанды бақылауға 80-нен астам халықаралық сарапшы қатысты. Шаһардағы 563 сайлау учаскесіне 1 миллион 130 мың 792 сайлаушы тіркелген. Учаскелер тасымалданатын және тұрақты сайлау жәшіктерімен, қажетті ақпараттық материалдармен толықтай қамтылған.

Алматыда сайлауды бақылауға 80-нен аса халықаралық бақылаушы қатысуда

Қазақстан қонақүйінде журналистермен баспасөз мәслихатын  өткізген   Польшадан келген бақылаушы Виолетта Поровсканың сөзінше, мемлекет тарихындағы тағдыршешті оқиға барлық талаптарға сай өтіп жатыр.

«Қазақстан сайлауға жоғары деңгейде дайындалған. Халықаралық бақылаушылардың жұмысына ешқандай шектеу қойылған жоқ. Біз бір-бірімізбен еркін пікір алмасып, барлық процесті бақылап отырдық. Мен бір учаскеде 47-ші байқаушы болып қатыстым. Бұл дегеніңіз сайлауды көптеген елдің байқаушылары бақылып отырды деген сөз. Сайлау әділ әрі ашық өтіп жатыр деп айта аламын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тарихи оқиғадан тыс қалмауы ескерілгені қуантады. Мен №4 ауруханада жабық учаскеде болдым. Ол жерде жүре алатын науқастар өзі барып үнін жеткізсе, төсекте жатқан науқастардың конституциялық құқығын пайдалануға да мүмкіндік берілді», –  дейді Виолетта Поровска.

Румын елінен келген қос бірдей байқаушы Триф Рареш пен Юркон Жонаш Флориш те осы пікірге тоқайласты. Алматыдағы 10 сайлау учаскесіне барып, процессті өз көздерімен  бақылаған сарапшылар әзірге ешқандай заңбұзушылық әрекетін байқамағандарын жеткізді.

«Маған Қазақстандағы  сайлау процесін бақылау өте қызық болды. Сайлауға жастардың белсенді қатысқанын анық байқадым. Бұл – жас буынның ел ертеңіне немқұрайлы қарамайтынын аңғартса керек. Түске дейін сайлаушылардың 20 проценті дауыс беруге келді. Бұл өте жоғары көрсеткіш», дейді Юркан Жонаш Флориш.

«Ешқандай заңға қайшы жағдайды байқаған жоқпын. Тек бір әйел азамат өзін дауыс берушілер тізімінен таппады. Ондай жағдайлар жиі болып тұрады. Сайлаушылардың арасында жас студенттердің кезекте тұрғанын бақыладық. Бұл – азаматтық қоғамдағы демократияның салтанат құрғанын көрсетеді», деді Халықаралық Адам құқықтарын қорғау  ұйымының кеңесшісі Рареш Триф.

Бұл күні қоғамның сан саласында еңбек етіп жүрген танымал тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері сайлау учаскелеріне келіп азаматтық белсенділігін танытқанын айта кеткен жөн. №40 мектепте орналақан сайлау учаскесіне отбасымен келіп  таңдау жасаған қала әкімі Бауыржан Байбек болашағымызды айқындайтын сәтте елім деген әрбір азамат сайлаудан қалыс қалмау қажет дейді. Бұдан бөлек Алтынбек  Қоразбаев, Роза Рымбаева бастаған тағы басқа да өнер майталмандары барша қала жұртшылығын  белсенді болуға шақырды.

Тағы бір айта кетерлігі қаладағы барлық қоғамдық көліктер жолаушыларға тегін қызмет көрсетуде.

Арман ОКТЯБРЬ,

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ