Руханият • 10 Маусым, 2019

Рух күші

1875 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Малым мен жанымды алсаң да, рухымды алма, Алла» деп өтіпті бір атамыз. Ол батыр да, жайсаң да болмаған, ауылдағы қара шал ғана болыпты. «Осының айта беретіні қайдағы рух? Қалбаңдаған қалжасы қояндай бола тұра, рух деп үзіледі де тұрады, рух мұның қай жеріне сыйып тұр осы?» деп құрдастары қаузайтын көрінеді. Сонда құртақандай күйбеңдеген қара шал: «Е, рухың өлді дегенше – ұрығым өлді де. Үрім-бұтағым солды де. Рухсыз тірлік болып па? Елдің ел болып отыруы да рухтың арқасы емес пе!» дейді екен.

Рух күші

Қара шал өзіне дейінгілерден ілге­нін айтады. Өзіне дейінгілер де өзі­не дейінгіден естіген. Қай-қай заманда айтылыпты осы сөз? Кім тергеген? Оның алғашқы авторы – халық. Білеріміз осы ғана. Бір адамның басынан өткен өмір­ден ғана алынбайтынын да білеміз. Ға­сырлардан келе жатқан кеп. Әбден дәлел­деніп, аксиомаға айналған ұғым. Ол аксиомаға өту үшін де сансыз ғасыр­лар керек болған шығар.

Рух бар жерде ел, халық бар. Ел мен ха­­лық сыйған жер бар. Егер осы елде, осы жерде жаралғанымыз рас болса, осы ха­лықтың ішінен шыққан ұлы болсақ, көлін қорғаған қызғыштай қайрат қыл­масақ, тірі болып керегі не? Ел мен жер­дің шылауына оралып, қорлыққа да, азапқа да төзіп, табан тіреп тұрып алуы­мыз керек қой. Еңсемізді түсірмей, түп­кі жеңіс біздікі деп үміт отын кеу­деге тұтандырып, Махамбет тәрізді «күн­­дердің күні болғанда бас кесермін жа­сыр­манның» ісін істеп, азаттықтың болат кездігін ашу мен ызаға малып, ке­зеңімізді күтпейміз бе. Қазақтың төзімі бұған жетті, шынында да. Кезеңі туғанда ақ алмастай атылдық!

Қазақ халқы ХVІІІ-ХХ ғасырлар ара­лығында екі бірдей зор майданды көрді. Отан соғысы мен Ұлы Отан соғыстары есімізде қалды. Екеуінде де халқымыз қырылды, қанға батты. Екеуінде де елі­міз егілді, жанға батты.

Рухтың беріктігі, тұтастығы тың жә­не тыңайған жерлерді игеру кезінде де мақ­сатқа жеткізді. Жаратылысында бауыр­мал мейірбан қазақ баласы тыңға кел­гендерді өз бауырларындай жылы қарсы алды. Жерімізден жер бердік. Араласып кеткеніміз соншалықты, біз тұрған жерде олар бізден бірнеше есе көп халыққа айналды. Тілімізді де араластырып жібердік.

1921-1922 жылғы, 1931-1932 жылғы қат­ты ашаршылықта Торғай халқы бас сауғалап босып кетті. Бейшараларға еш­қан­дай көмек ұйымдастырылмады. Елге нәубет төнгенде, ер-азаматтар не бі­тірді?

Геноцидтік саясат құрбаны болып қалың қазақ кете барды. Қостанайдың түбіндегі Воробьевка орыс шаруалары ме­­кендеген қоныс сап-сау аман қалды да, соның іргесіндегі 4-5 шақырымда ор­наласқан Бекберген ауылының 62 отбасы түгел аштықтан қырылып кетті, небәрі бір-екі бала ғана орман кезіп, шөп жеп, тамыр жеп өмірін жалғастырып әкет­ті. Сол аман қалған бала Бақыткерей Әбі­таевпен көзі тірі кезінде кездескенбіз, сол айтқан. Рухы басылып қалған қазақ өл десең өлді, тұр десең тұрды. Рухты көтеретін ер-азаматтар ұсталып кетті.

Торғайдың аш-арықтары солтүстік­тегі астықты өңірге қарай ағылды. Жет­кендері жетті, жетпегендері жеткен же­рінде көмілмей қалды. Әулиекөл кен­тіндегі қазіргі автовокзал тұрған жер онда тасқын су өтетін сай аңғары екен. Торғайдан жүдеп-жадап, мойны ыр­ғайдай, биті торғайдай болып жеткен құр сүлдері қалған аш-арықтар арқасын сайдың жарына беріп, демалып отырған қалпы о дүниелік боп кете барады екен. Алдыңғы жылдары жасы тоқсанға келген, кезінде белсенді комсомол болған орыс әжеміз ашаршылық жылдарын ес­ке түсіріп, осы жайттарды айтып бер­ді. «Аштан өлгендерді көметін комис­сия, күш-көлік ұйымдастырдық. Ком­сомолдар арбаға тиеп, жалпы молаға жет­кізіп үлгере алмайтынбыз. Аш-арық­тар үсті-үстіне қаптап келіп жатады, демаламыз деп қисая кеткеннен тұрмайды. Жағдайымыз солай еді» деген кейуана.

Сол босқындар бір тілім нан, бір қа­сық суға зар болған, даладағы құрт-құ­мырсқа, қара тышқанды талғажау етуге де шамалары келмей, өзегін аш­тық алып кеткен ел адамдары еді. Ал ашар­шылық құрбандарын қаңғытқан – тағдыр тауқыметі. Арасы жер мен көк­тей ғой. Олардың есі шықты, жанталас­ты, бар тапқаны ала түзді бетке алып жан сауғалау болды. Ондай міскіндерде рух қала ма. Рух сау дүниеде тұрады, сау­лық өмірде қонақтайды емес пе. Кейін, естерін жиған соң, 1954 жылдардан бастап олар туған жері Торғайына қай­та жинала бастады. Торғай даласы та­ғы да той-томалаққа толды. Бірақ та­ ашар­шылықта жеген құйқаның дә­мі ауыздан кетпейді дегендей, туған Торғайына қайта оралған әкелерімізде ащы өмірдің запыраны мәңгілік қалып қойды. Ол запыран Торғайда нарық дү­ниесі бас­талып, қаржы-қаражат жолдары жа­былып, өмір ащы бола бастаған шақ­та тағы да жүректі айнытып, өзін сақ­тап қалу инстинкті оларды жайлы жер­лер­ге қайта қоныс аударуға мәжбүр етті. Тор­ғайдың 28 мыңдай халқының 10 мы­ңы кө­шіп кетті. Кейін, естері кірген соң туған жеріне олар бәрібір оралар д­еген сенімге иланбайсың. Өйткені бұл көш­кіндердің менталитеті бөлек. Ді­лін­де де өзгешеліктер байқалады. Қанша дегенмен де, орыс-орманмен араласып өс­­кендер. Ата-баба рухынан айырылып қал­­ғандар.

Әңгіменің бәрі ұлттық рухқа келіп тіреледі. Ұлттық рухты ұлттың қанында сақ­тап қалу үшін, одан мәңгілік ажырамау үшін өмір сүріп келеміз ғой. Оның мәнісі – бүгінгі Қазақстан еліміз! Ға­сырлар желісінде жайымыз қандай бол­­ғанда да, жеттік, жеткіздік елді. Бізбен тарихтас елдердің талайының қазір ізі де жоқ. Рухы күлге айналды. Енді олар қайтадан тірілмейді, аңыздарда, ер­тегілерде ғана өмір сүреді. Біз қазақ елі де солардың кебін киюге аз-ақ қал­дық емес пе. Енді біз нағыз рухтық өр­леу кезеңімізге енгенде, рухымызды қа­нымызда сақтап отырғанымызда, жазатайым көз жазып қалуымыз да мүмкін емес пе.

Рух күші! Ол – дүниені жаңғыртады, адамзат баласын асқақ қиялға бөлейді. Ел рухы – оның тәуелсіздігінің бас­ты кепілі. Ел рухын тұтастай көтеріп тұр­ған ғаламат күш не десек, ол – біздің өзі­міз жаратылған ғаламшарымыздың кеңістігіне сыйымдылығымыз, қажетті­лігіміз, алдымен өзіміздің қажет екеніміз­­­­­­ді сезіну, одан соң, өзгелердің де барын мойындау, бір-бірімізсіз өмір сүре алмайтынымызды білу деп түсінемін. Егер менің өзгелерге қажеттілігім болмаса, мен шеттеп қаламын, онан соң қағажу қалған мені әлдекім иектеп әкетеді. Егер мен қажет екенмін, олар менімен санасады, өйткені мен де олардың өздері тә­різді тең жанмын, ешкімді басындыра алмаймын. Жаратылысым күшті. Жа­саған мені де ешкімнен қор қып жа­ратпаған. Қор болар болсам, ол менің әл­сіздігіме, өзіме байланысты. Рухым бойымда толып тұрғанда, мен кімге тәуел­ді болмақпын.

Алайда, Жаратқан да мені босқа жа­­рата салмаған, бойыма рух салып жаратқан. Өмірдің басқаға да, маған да бө­ліскен қасиетін мен неге құндап ұстай біл­меймін? Мәселе осында! Рухты үнемі биік ұстау менен ең бірінші талап етіледі. Мен дегенім – барша қазақ қой. Менің осы уақытқа дейін ғасырлар қойнауынан өтіп келгенім де, тәуелсіздікті армандап жү­ріп жеңіп алғаным да, бостандығым, еге­­мендігім, азаттығым, өз жерім, өз елім дейтін мақтанышым да рухымның арқасында сақталды. Осы рух мені әлі де шексіз биіктерге шығарады. Рухым тұр­ғанда, өмірдегі кездескен анау-мынау қиындықтардан мен асып өте аламын. Оған нақты мысал айтайын. Жұрттың аузынан түспей жүрген, елімнің жазылмай қызыл шақа күйінде тұрған бір жа­расы Арқалық қаласында соңғы рет тағы бір болып қайттым. Бұл – жартылай өш­кен қала! Соған қарамастан, осында адам­дар тұрып жатыр. Осы қалаға көшіп келушілер де табылып жатыр.

– Жағдай қалай? – десеңіздер, халық: «Жақ­сы, жақсы», – дейді.

– Мынадай жағдайда да жақсы ма? – дейсіз.

– Былтырғы, алдыңғы жылдардан жақсы болған соң айтамыз ғой. Бұдан да жаманына төздік. Мынау қайран қала ту­ған жеріміз болған соң, шыдауға ту­ра кел­­­ді. Қазір жылу да, жарық та бе­ріледі. Қала­ның жылусыз бөлігін бөліп тас­тадық қой.

– Бұл қаладан не күнкөріс табасыздар?

– Зейнетақы, жәрдемақыны уақ­тылы алып тұрамыз. Ауылда да осы тірлік қой. Әйтеуір ақшаға мұнда база­ры бар ғой, – дейді халық.

Тозып, бітіп жатыр десең де, ел Ар­­­­­қа­лықты қимай қалып қойған. Ел­­дің рухын Арқалық ұстап отыр екен. Арқалықты ұстап отырған – осы ха­лық. Педагогикалық институт­ты ұс­тап отырған да – осы халық. Ха­лық­ты ұстап қалған – пединститут, ин­фра­­құ­рылымдар. Ел мен қала рухтасып кет­кен. Бірінсіз-бірінің күні жоқ. Ар­қалыққа сырттан келгендердің бәрі келген жағына әлдеқашан тайып тұрған. Ал ол тайып тұрғандар Арқалық туралы не­ше түрлі сұрқия әңгімелерді таратты. Өзінің халқы – қаласы өліп жатса да еміреніп бауырында қалып қойды. Міне, ащы шындық осы.

Сонда бұларды тебірентіп отырған не? Әрине, елінің өшпеген рухы! Ол рух әлі өшкен жоқ! Өшіп, өліп қалуы да мүмкін ғой. Ұлттық рухтың өзі туған жер­ге деген махаббаттан тұра ма дейсің. Шынайы махаббат қана рухымызды жар­қырата түседі. Арқалықтықтардың еш­теңеге қарамастан, өз қаласын сақтап отырғандары – соның белгісі. Әйтпесе, Арқалықта болмай, оны көрмей, тылсымын түсінбей, бұл қалаға сын таға беру адамгершілікке жатпайды. Оған көмектесуіміз керек, ұлттық рухымыз­ды оны көтеруге жұмсауымыз адалдық бо­лар еді. Арқалықтың ендігі қажеті жоқ деушілер бар. Бәрі де босқа сөй­лейді. Халық отырғанда, ешқайда қоз­ға­лмаймыз, бізге осы Арқалық өмір­ге жарайды деп, оны сүйген елі бар­да, Ар­қалық қайда кетпекші. Рух кү­ші оны осылай ұстап отыр. Рух күші бар­лық жерде осылайша болсыншы, мұр­ты­мызды балта шаппайды!


 Есенгелді СҮЙІНОВ,

 ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 НҰР-СҰЛТАН