Аймақтар • 10 Маусым, 2019

«Хат қоржын» (10.06.2019)

5367 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (10.06.2019)

...алғыс айтады

Ауыл балаларына жасалған тарту

«Туған жер» деген кезде әрбір перзенттің жүрегінде тулаған шабыт пен сезім ұялайтыны анық. Себебі адам өз туған жерінің жаратқан сыйы, сол дархан даланың тумасы. Туған жерге деген сезім мен махаббаттың өлшемі шексіз. Осы бір ерекше патриоттық сезімді әрбір азамат пен жастардың бойына етене сіңіру үшін, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалу керек міндеттердің ішінде «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Жантеке ауылының азаматтары өз туған жеріне тамаша тарту жасады. Ауыл балаларының спортқа үлесін қосуға үлкен мүмкіндік жасап, күрес залын ашты. Алғашқы бастаманы тұрғылықты ата-аналар мен ауыл жастары және Қарашалғын ауылдық округінің әкімдігі бастаса, оны әрі қарай Жантеке ауылының түлектері қолдады.

Игі бастамалар бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа үлгі болары анық. Өнегесі мен тәрбиесі мол ауыл мектебі қаншама елім, Отаным деп жүректері соғатын тұлғаларды қанаттандырды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ауыл балаларына жасалған тартуға өз үлестерін қосқан барша азаматтарға шексіз алғысымды айтамын. Болашақта спорт саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыратын, төрткүл әлемде еліміздің туын желбірететін нағыз чемпион ауылдан шығатынына кәміл сенемін.


Қарлығаш АСАНОВА,

«Қызылту» орта мектебінің директоры 

Ақмола облысы

 

...әсерімен бөліседі

«Артық білім – кітапта»

Халқымыз өнер мен білімді ерекше қадірлеген. Бүгінгі таңда барлық қоғамның алдында тұрған басты мақсат – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ал ұрпақ білімді қайдан алады? Кітаптан. «Кітаппен достассаң көп білесің» демекші, ата-бабаларымыз кітапты ерекше ақылшы ұстаз санаған. Кітап – тілсіз тәрбиеші, рухани азық құралы десек, кітапхана – тілсізді сөйлете алатын, рухқа күш беретін киелі мекен.

 Қазірде кітапхана тынысы күн сайын кеңеюде. Кітап ұсынып қана қоймай, ұлы тұлғаларды насихаттап, еңбектерін елеп, шығармаларын таныстырып, кішкене болса да жастар санасына сіңіртіп, үлгі етуде. Әр мерекені, атаулы күндерді үлкен шараға айналдырып тәрбиелік мәні бар әңгімелер қозғалады. Осындай игі шараны С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы балалар кітабы күніне орай белсенді кітапхана оқырмандарымен атап өтті. Шараға белсенді жастар, яғни тұрақты кітапхана оқырмандары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

 «Кітап – тарих, шежіре» атты дефиле аясында, өздері оқыған жаңа кітаптарын сәнімен көрсетіп, сахна төрінде кітаптың кейіпкерлерін таныс­тырып, тақырып төңірегінде мазмұндап берді.

 Жылына 40-50 дана кітап оқып, тілдік қорын көбейтіп, күшпен емес, білімдерімен топты жарып жүрген жастар екі топқа бөлініп, «ХХ ғасыр кітаптарымен ХХІ ғасыр заманауи кітаптардың айырмашылығы» туралы дебат өткізді. Дебатта ХХ ғасырдағы «Алдар көсе» кітабымен заманауи «Гарри Поттер» кітабының қайсысы жастарды қызықтыратыны туралы пікірталасқа түсті

 

Бибігүл ШАМЕДЕНОВА 

 Ақтөбе

 

...уәж келтіреді

Көңілде қалды сансыз сұрақ...

«Жүре берсең, көре бересің» деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Денсаулық жағдайына байланысты ем-дом алу мақсатымен жолдамаға қол жеткізіп, Көктерек кентіндегі «Асыл бұлақ» шипажайына да жеттік. Келгенімізді қайтейік, мұнда бізді «алыс жолдан шаршап келді-ау» деп жылы қарсы ала қойған ешкім болған жоқ. Ұзақ жолдан шаршап әрі ауыр­ып келгенімізді айтқандай болып едік, оған да селт ете қойған ешкімді көрмедік. Не керек, таңертең келген біз түске дейін күтіп, әрең дегенде орын алдық. «Бақсақ бақа екен» демекші, басшылықтың бейқамдығы салдарынан мұнда келіп емделушілердің жататын орны алдын ала дайындалмаған көрінеді. Дәл сол біз барған күні кейбір емделушілер тарапынан асхананың тағам мәзіріне сын айтылып жатқанын да өз құлағымызбен естідік. Бар-жоғы алпыс шақты адамға арналған шипажайда ем алу үшін аядай ғана дәлізде кезек күтушілердің қатары көзге жиі шалынып жүрді.

 Айтушылардың сөзіне қарағанда, осы бір ғана Сарыағаш ауданына қарасты Көктерек кентінің өзінде қырыққа жуық емдеу орыны бар екен. Ешқандай қарсылығымыз жоқ, олардың көбі жақсы, әрине. Алайда, сол шипажайлардың кейбірінің сапасыз қызметіне қарнымыздың ашатыны болмаса.

 Шипажай аты «Асыл бұлақ», көңілде қалды сансыз сұрақ...

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

Түркістан облысы,

Созақ ауданы

 

...үлгі тұтады

Шеберлік сағатын өткізді

 «Рухани жаңғыру» аясында Жастар жылына орай «Ауылдар – жас­тар астанасы» жобасы негізінде Тұщыбекте маңғыстаулық атақты құсбегі, жас өнерпаз Айшуақ Тайманов өзінің шеберлік сыныбын өткізді.

 Шеберлік сағатында құсбегі өзінің бүркітін, қаршығасын, ителгісін жастарға таныстырып, құсбегіліктің қыр-сырын жан-жақты айтып берді.

 «Мен ең алғаш рет екі қаршығаны бағып ұстадым. Содан соң бүркіт ұстап, құс баптауды мақсат еттім. Керемет кәсіпте өзімнің ата-бабам салған сара жолымен жүруді мұрат тұтып, бүгінде балам Мерейді да­йындап келемін. Бүркіт пен қаршыға, ителгі деген құстардың әрқайсысы сұңқар тектес болып келеді. Мұның өзі қазақ халқының анау-мынау құсты таңдамай нағыз ұшқыр мен мықты құстарды қолына үйрету арқылы дархан даланы аялап, аңшылықты серік еткендігін көрсетеді», дейді құсбегі Айшуақ Тайманұлы.

 «Негізі, бүгінгі шараның маңыздылығы тереңде жатыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осындай ұмытылып бара жатқан ата кәсіптің қайта жаңғыруына зор септігін тигізетін болады. Жастар жылына орай басталған жобаны қос қолдап қолдаймын. Осындай ұлттық өнерді ұлықтап жүрген, ауыл жігіттерін насихаттап жүрген Жастар орталығының ұжымына үлкен алғыс айтқым келеді», дейді Тұщыбек ауылының тұрғыны Азамат Қапаров.

 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы