Қоғамдық істерге атсалысып, жастарға ақылын айтып жүрген ағамыз «Қонысбайдың қалжыңдары» атты шағын кітабындағы әзілдерін айтып, жиналғандарға жақсы көңіл-күй сыйлады. Мен де ағаның әкем жайлы айтқан шумағын есіне салдым. Бірден кітабын ашты да, парақтай бастады. Сөйтіп, әкем Монтайдың айтысқа шыққан сәті туралы естелігіне үңіліп, оқи бастады:
«Амангелді ауданының ақындар айтысына Монтай деген жас жігіт қатысады. Оның бір ерекшелігі – қарсыласының не айтып жатқанына құлақ салмай, тамақ ішумен болыпты. Кешігіп келген біреу қазылар алқасына қарап:
- Айтыс қалай өтіп жатыр? – деп сұрайды.
Сонда Монтайдың қылығына мәз болып отырған Қонысбай:
Ақындар даусын баптап, сәндеп отыр,
Көпшілік олар үшін қам жеп отыр.
Қарсыласы қадалып сынап жатыр,
Монтайжан жайбарақат нан жеп отыр, - деп жауап қайтарыпты».
Әкем жайлы осы әңгімені Қонысбай ағаның өз аузынан естіп, мен де, ұжым да күлкіге қарық болды.
Орталық қызметкері ретінде Қонысбай ағайға мен де тілек айттым. Біз Арқалық қаласында жүргенде бір топ студент Айбек Қалиев ағайымыздың кабинеті мен үйінен шықпайтынбыз. Ұстазымыздың бізге берген тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі – жөні бөлек, болашақтың еншісінде тебіреніп отырып жазатын естелік-әңгіме. Оған атүсті қарауға болмайды. Тек бір ғана өнегелі сөзін айтудың реті келіп тұр.
Үнемі бізге болсын, елдің алдында болсын:
- Мен үшін үлкен атақ – «Қонысбайдың шәкірті» деген сөз. Осы кезге дейін алған атақ, жиған абыройымның ішіндегі ең үлкені – осы» деп әрдайым бізге ұстазды құрметтеудің ғажап үлгісін көрсетті.
Мен Қонысбай ағайға ұстазымыздың осы сөзін айтып, ақ тілегімді жолдағанымда, маған басын шұлғып, қоштай сөйлеп, бұл құрметтің өзіне де қымбат, бағалы екенін байқатты.
Күні кеше ғана Көкшетаудан денсаулығына байланысты демалып, ем алып келген ағамыз сол күні біздің ортамызда жақсы көңіл-күймен, өткен өміріндегі ерекше сәттірін, әсіресе, Халық ақыны атағын қалай алғандығын және оны алған кезде көзіне жас алғанын да жасырмай әңгімелеп берді.