Әңгімелесу барысында Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге құттықтағаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанның Ресеймен жан-жақты ынтымақтастық жөніндегі ұстанымы жалғаса беретінін айтты.
Қазақстан Президенті Ресей Президентін алдағы Ресей күні мемлекеттік мерекесімен құттықтады.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтау жеделхаты келіп түсті.
Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына сайлануына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтау жеделхаты келіп түсті.
«Сіздің Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына сайлануыңызға байланысты Үкіметтің және қытай халқының, сондай-ақ жеке өзімнің атымнан жүрекжарды құттықтауым мен ізгі тілегімді білдіруді абырой санаймын.
Қытай мен Қазақстан тату көрші әрі стратегиялық әріптес саналады. Мен қазақ-қытай қатынастарын тереңдетуге баса мән беремін. Осыған дейінгі мемлекеттер басшыларының эстафетасын қабылдай отырып, екі елдің тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуы үшін жаңа парақты ашамыз және Сізбен тығыз байланыс орнатамыз деп үміттенемін», делінген жеделхатта.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке құттықтағаны үшін ризашылық білдіріп, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты әрі қарқынды ілгерілету жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатын жалғастыратынын атап өтті.
Мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 14-15 сәуірде Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтардың тиімді жүзеге асырылуы қазақ-өзбек қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті.
Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
Тараптар екі ел халықтарының тату көршілік және достық негіздегі қазақ-қырғыз қатынастарын одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап айтты.
Сонымен қатар президенттер алдағы кездесулердің кестесін қарастырды.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті.
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке құттықтағаны үшін ризашылық білдіріп, Әзербайжанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын жалғастыратынын атап өтті.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан әрі қарқынды дамитынына сенім білдірді.
Тараптар алдағы кездесулердің кестесін талқылады.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті.
Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, достас Қазақстанның игілігі жолындағы еңбегіне табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Үкіметінің басшысына құттықтағаны үшін ризашылық білдіріп, қазақ-армян ынтымақтастығын екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да дамытуды жалғастыруға ниетті екенін айтты.