Қоғам • 11 Маусым, 2019

Ене мен келін етене жақын болса

3800 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңдағы ене мен келін арасындағы қарым-қатынас жайлы әрқилы жағымсыз пікірлер айтылып жүр. Бұл жай ғана отбасы, ошақ қа­сының мәселесі болып кө­рінгенімен, өз кезегінде ұлттық болмысымыздың бояуын солғындата түсетін мәселе екені бесенеден белгілі.

Ене мен келін етене жақын болса

Айналамыздан көріп-естіп жүргеніміздей, екінің бірінің басында «адуынды ене» не бол­маса «кесірлі келін» жайлы күр­меуі шешілмей жүрген түйт­кілдер бар.

Негізінде, көшіміздің түзеліп, ұлт болып ұйысуымызда ұрпақ тəрбиесінің маңызы зор. Осы орайда негізгі рөл атқаратын ене мен келіннің өзара қарым-қаты­насының дұрыс болғаны жөн-ақ. Өйт­кені отбасының берекесін кіргізу де,  тулақтай тоз-тозын шы­ғару да олардың өз қолдарында. Егер ене мен келін­нің керісі өз шешімін таппаса, шаңырағының берекесін қашырып, нәтижесінде отба­сын­дағы жас өскіндердің психологиясына, сонымен қатар тәр­биесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл өз кезегінде, жел­кілдеп өсіп келе жатқан ұр­пақтың еңсесін түсіріп, олар­­дың жасық, жалтақ болып қа­лып­тасуына, бұрыс жолға бұрылып кетуіне итермелейді. Бұл ұлттық тәрбиеге жасалған қысастық, ауыр соққы екені айт­паса да түсінікті.

Кейде жап-жас, шымылдығы желбіреген келіндердің енесі туралы мұрнын тыжырып, жақ­тырмай сөйлеп отырғанын кө­ріп, «бұл қаршадай келін ене­сінен не тақсірет тартып үл­герді екен сонша?» деген ой­ға қаласың. Жас­­­тайымыздан ана­мыздың «Үл­кен үлкендігін жа­сағанда, кі­ші кішілігін жасау керек» деген сөзін санамызға сіңі­ріп өстік. Оның пайдасы­нан басқа зиянын көр­ген жоқпыз. Айт­пағымыз, ке­ліндер қауымы ене­нің айтқан сынын аналық қамқорлық деп қабылдап, Шәкәрімше айтқанда, біреудің мінін көргенше, жа­мандығын тер­генше, өз ойын, өз бойын тазалап үйренген дұ­рыс. Ене­сіне деген ашу-ызаны іш­тей семірт­пей, семдіріп, үлкен кісінің ра­зылығын алғанда ғана ке­лін келелі істерге аяқ баса алады.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, елімізде айрандай ұйып, мерейі тасыған отбасылар баршылық. Алайда, арамыз­да мəселені шешуші емес шие­ле­ністіруші, бала-шағасын жет­кізген əуелі Алла екенін ұмыт қалдырып, міндетсінетін енелер саны да артып келеді. Келінді «Отырса опақ, тұрса сопақ» етіп, түртпектің астына алып, ба­ла­сының тілеуін тілеп отырар шақта шаңырағының шытынауына себепкер болып отырған ана­ларды көргенде көңілің құ­лазиды, іштей қынжыласың. Сон­дай жайтқа кезіккенде, елі­­­­­­мізде мемлекет тарапынан «Ке­ліндер мектебі» мен «Ене­лер инс­титуты» ашылу керек-ау деген ой қылаң береді. Ра­сын­да да, ата-баба жолынан ал­шақтап бара жатқан біздің қо­ғамға арнайы мамандар жұ­мылдырылған орталықтар ке­рек-ақ. Бойжетіп келе жатқан қыз баланың құлағына «алтын сырға» тағып, некелі өмірге дайындау, дəстүрлі отбасын на­сихаттау жұмыстары, аналары­мызды дана болуға шақыру жұ­мыстары қолға алынатын кез келді. Себебі бұл мәселе жыл­дан-жылға күрделеніп, қойырт­паққа айналып келе жатыр.

Бұрынғы қазақ қоғамында ене мен келін арасында бүгінгідей кері кеткен қатынас болмаған дегенді бек сеніммен айта аламыз. Бұған біз қазақта «жер дауы, жесір дауы, құн дауы, ар дауы» дегендер болғанын, бірақ «ене мен келін дауы» дегенді естімегенімізді көлденең тартамыз. Төбе билердің ене мен келін дауына төрелік айтқан шешендік сөздерін де оқымадық. Дала заңы бұл мəселенің қалай алдын алып отырды? Осыған терең үңілуіміз қажет. Ата-бабамыз «дəстүрдің діңгегі – дін» деп санаған. Се­бебі сахих хадистерде ене мен келіннің қарым-қатынасы жайлы нақты айтылмағанымен, үл­кендерге құрмет көрсету парыз етілген. Сондай-ақ əйелге Ал­ланың ра­зылығы – ерінің разылығында екені ескертілген. Азаматының тілеуін тілеген қа­зақ əйелі үшін одан артық не тыйым керек?! Енесіне қырғи-қа­бақ таныту – еріне қиянат жасаумен пара-пар екені айтпаса да түсінікті. Айша анамыздың (р.а.) əйелдің мойнында ең көп кімнің ақысы бар екенін сұ­рағанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) «күйеуінің» деп, «Ал ер кісінің мойнына кімнің ақысы көбірек жүк­телген?» деген сұрағына, «Анасының» деп жауап берген екен. Тағы бір хадисте ата-ананы жəннаттың орта қақ­па­сына теңеген. Ата-ана разы­лығын ала алмаған адамға жəннат­тың есі­гінің айқара ашылуы не­ғайбыл.

Біздікі өткеннен ғибрат алып, ке­лешекке кемел ұрпақ қалдыр­сақ деген ниеттен туындаған ізгі ойымызды жеткізу ғана. Əрбір ана өзінің бір кездері бөтен бо­сағаны тосырқай аттаған келін бол­ғанын, əр келін ертеңгі ене еке­нін естен шығармаса екен дейміз.

 

Гүлбала ҚОШТАЙ,

көп балалы ана