Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Алмаз Ғилманов жеткізді.
Жалған автокөлік нөмірлерінің пайда болуына түрткі болған кімдер? Мәселенің мәнісін байыптай келгенде, гәп төмендегідей болып шықты. Яғни, жымысқы әрекетті жасауға бел буғандар ақысыз интернет көздеріне жарнамалар беру арқылы өз қызметтерін ашықтан-ашық ұсынады. Нәтижесінде, жалған нөмір сатушылардың қызметін пайдалануға мүдделілік танытушылар бой көтере бастапты. Жасырын жүргізушінің, бір сөзбен айтқанда өзге автокөліктің жол-қозғалыс ережесін сақтамай, емін-еркін жүре беруіне жағдай жасалатын көрінеді.
Сондай-ақ жалған нөмір жағдайында жол-көлік қозғалысын бұзғандардың бейнекамераға түсіп қалатын кезінде айыппұл төлемеуіне таптырмас мүмкіндік тумақ. Бұған қызығушылықтың басты сыры да осында. Қазір автокөліктің артқы және алдыңғы жағындағы жалған нөмірлердің бағасы 7000 теңгенің үстінде екені де белгілі болып отыр. Сырт көзге нағыз мемлекеттік нөмірден айырмашылығы жоқ десе де болады. Мұндай жағдайда жалған нөмірді бірден анықтау да оңайға түсе қоймайтыны мәлім. Оның анық-қанығы қазіргі кезде Ақтөбеде жол-көлік ережесі бұзылып, оны әкімшілік полиция қызметкерлері мәліметтер базасынан тексерген кезде ғана анықталуда. Рас, әзірге облыс орталығында жалған нөмірді пайдалану деректері айтарлықтай көп деуге болмайды. Әзірге көзге көрінбей, байқалмай жүрген жалған нөмір иелері және оны жасаушылар қанша екені белгісіз күйінде қалып отыр.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жалған мемлекеттік нөмір жасаушыларды анықтау үшін Ақтөбе облыстық полиция департаментіне ұсыныс хат түсірді.
Ақтөбе