Қоғам • 11 Маусым, 2019

Ыңғайсыз сұрақтар

990 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда еліміздің гинеколог-репродуктолог мамандары жасанды жолмен ұрықтандыруға жүгінетін жұптар саны артуда деген ақпарат таратты. Орта есеппен Қазақстанда жыл сайын шамамен 20 мың ерлі-зайыпты баласыз болып келеді.

Ыңғайсыз сұрақтар

Сол сияқты елімізде 25 жасқа дейінгі бала таба алатын қыз-келіншектер арасында ерте жүктілік пен аборт тақырыбы өзектілігін жоймай отыр. Өкінішке қарай, әйелдер қауымының басым бөлігі «бала алдыруды» құрсақтағы керек емес шаранадан құтылудың жалғыз жолы деп есептейді. Түсіктен кейінгі ең қорқынышты диагноз – бедеулік. Бүгінгі таңда елімізде әрбір бесінші отбасы осындай жағдайды басынан өткеріп, бір перзентке зар болып жүріп қол жеткізеді. Ал ЭКО 100% сәби сүюге кепілдік бермейді. Бәрі – бір Құдайдың құзырында.

Осы арада сұрақ туады. Неге оң мен солын танымаған жап-жас қыздарымыз жыныстық қатынасқа барады? Біреудің бойжетіп үлгермеген баласын төсекке сүйрейтін жігіттер қызбен жақындасқанда жүкті болып қалатынын неге білмейді? Осындай жағдайда қоғам көбіне қыз баланы ғана кінәлауын неге қоймайды? Түбінде бедеулікке алып баратын жыныстық жұқпалы аурулардың түрі көбейгенін білетін жастар осы кезде неге білмей қалады?

Осы мәселе төңірегінде жуырда ғана психолог мамандармен, сексопатолог дәрігермен пікірлескен едік. Арамызда дін жолында жүрген адам да болатын.

Сонымен үйдегі бала-шағамызға ретін тауып, жасына қарай жыныстық сауаттылық туралы айтуымыз керек пе, керек емес пе? Әңгіменің басын ашып алайық. Жыныстық сауаттылық туралы әңгіме жыныстық қарым-қатынасқа үйрету дегенді білдірмесе керек. Ұлға ұлдың не екенін, қызға қызды Құдай тағала қалай жаратқанын қай кезден бастап түсіндірген жөн?

«Ойбай, не айтып отырсыздар? Осы бізге ешкім үйретпей-ақ өзіміз бәрін біліп алдық қой», дейтін адам мұндай кезде бірден табылады.

«Егер қыз бала кішкентайынан қағынып, екіқабат болып қалса өзі кінәлі. Әке-шешесі қайда қарап отыр?», дейтін уәж әрине, айтылады.

«Интернетті ашып қалсаң бәрі бар. Жастардың көзі ашық, өздері-ақ біліп алады» десті енді бірі.

«Баяғыда мұндай әңгімені қыздарға жақын жеңгесі айтатын» деген сөздің де айтылмай қалмасы аян. Бірақ бүгін ағалардың көзі айфоннан, жеңгелердің қолы әлеуметтік желілерден босамай жатқанда, ұл мен қызға берілетін тәрбие ата-ананың тікелей міндеті болып қала бермек.

«Мен қайдан шықтым? Әкем туды ма, шешем туды ма?» деген ыңғайсыз сұрақтарды бала бәрібір ертелі-кеш қояды.

Сондықтан да «Аһ дегенде аузымнан түсіп қалғансың, базардан сатып алдық, капустаның арасынан тауып алғанбыз» деген жауаптан қашыңыз», дейді мамандар.

«Сен анаңның құрсағында жаттың. Ананың құрсағындағы дәнді әкең берген. Кейінірек ол дәнді әкең қайдан алғанын өзі түсіндіреді» деп жасына қарай, жауап беріп, біртіндеп осы тақырыпқа әкеліп, осы тақырыпты, жыныстық қарым-қатынастың жауапкершілігін барынша абайлап түсіндіру қажет», деді сексопатолог-дәрігер.

Қалай болғанда да өмірлік сұрақтың жауабын өсіп келе жатқан жас адам ең жақындарынан білгені жөн. Ғаламторда толып тұрған, електен өтпеген түрлі пиғылдағы ақпараттар легінің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екеніне ешкім кепілдік бермейтіні белгілі.

Жүз жерден ыңғайсыз тақырып болса да, тағдыршешті мәселе екенін мойындау қажет. Әйтпесе, еліміздегі ең жас ана бар болғаны 13-те болар ма?

Барлық мемлекеттер сияқты Қазақстанда жасөспiрiмдердiң репродуктивтiк денсау­лы­ғын сақтау күрделi мәселелердiң бiрi. Осы арада ЮНФПА-ның техникалық қолдауымен жүргiзiлген зерттеу нәтижелерi бойынша жастардың 13,6 пайызы 15 жасқа жетпей жыныстық қатынасқа түсетіні анықталғанын алға тартуға болады. 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің жартысына жуығы жыныстық қатынаспен өмір сүреді. Олардың көбі бейбастақ жыныстық байланыс – денсаулық үшін өте зиян екенін ойламайды.

БҰҰ Халық саны саласындағы қоры­ның атқарушы директоры Бабатунде Осотимехин әлемнiң 15 жылдан кейiнгi бейне­сі бүгінгі 10 жастағы қыз балалардың тәрбиесіне, білімі мен бала табуға қабі­лет­ті­лік денсаулығына тікелей тәуелдi екенін мәлімдеген жоқ па?!