Қоғам • 11 Маусым, 2019

Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық фестивалі өтті

3044 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғаты ғажап Алатаудың етегіндегі «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде жыл сайынғы «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтуде, оған әлемнің 18 елінен 140-тан астам өкіл қатысты.

Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық фестивалі өтті

Екі күн ішінде Алматы тұрғындары мен қонақтары бүркітшілердің, шабандоздардың, көкпаршылардың, садақ атушылардың шеберліктеріне тәнті болып, батырлардың жекпе-жегін, желдей ескен ат үстінен жерден тиын алғандардың ептілігін, ұлттық ойындарды тамашалады, ұлттық ас мәзірінен дәм татты. «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» қазақтар мен түркі халықтарының бай мұрасымен кеңінен танысуға мүмкіндік берді.

«Фестивальде ірі этномузыканттар мен спортшылар, бүркітшілер мен қолданбалы өнер шеберлері өздерінің таланттарын паш етті. Этномәдениет фестивалінің басты мақсаты – көшпелі халықтың ерте тарихын жаңғырту, өскелең ұрпаққа әр ұлттық өзара ұқсастығын түсіндіру», - деді қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов.

Шара барысында Қазақстанның жеті дүркін, әлемнің екі дүркін чемпионы, Гинесстің рекордтар кітабына екі рет енген Сергей Цырульниковтың басқаруымен алыптар шоуы болды. Олар күреседі, шегені қолдарымен қағады, темірді майыстырады, гир көтереді. Алып күш иесі Сергей Цырульников шеберлік сыныптарын өткізеді және көрермендер үшін арнайы жарыстар ұйымдастырды. Бұдан өзге, Андрош Бироның басқаруымен Мажарстаннан келген қонақтар әскери ат ойындарына қатысады, буряттық шаман Вэлигто Бадмаев ыстық тастар арқылы көз тиюден қорғайды. Башқұртстаннан келген садақшылар жаяу және ат үстінде тұрып «Мэргэн уксы» мергендік өнерлерін көрсетті. Қырғыздың «Салбуурун» командасы бүркітпен және тазы итпен аң аулау шеберлігін ұсынады.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Боралдай қорғандары аумағында Сақ мәдениеті орталығы құрылысының жобасымен танысты. Қазірдің өзінде оның жобалық-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Қала басшысы өзінің сөзінде мұндай орталықтың пайда болуы Алматының туристік әлеуетін, ел тархиына деген қызығушылықты арттыратынын, құнды археологиялық паркті қорғауға, болашақ өскелең ұрпақ үшін тарихи-мәдени мұра жауһарын көздің қарашығындай сақтауға мүмкіндік беретінін айтты.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында Алматыда Райымбек батырдың мавзолейі реконструкцияланады. Осынау киелі орында мемориалды музей кешені ашылады. Бұлардан өзге, «Этноленд» этномәдени кешен салу жоспарланып отыр.

Фестиваль аясында бірқатар заманауи ұлттық өнер көрмелері ұйымдастырыл иды, «Тұран», «ХасСак» этно-фольклорлық ансамбльдері, Түркиядан, Монғолиядан, Алтай мен Тывадан, Чувашия мен Қырғызстаннан және басқа елдерден келген танымал артистер өз өнерлерін көрсетті.

Ниет білдірушілердің барлығы түрлі жарыстар мен викториналарға қатысып, бағалы сыйлықтар және ұсталық, зергерлік өнердің құпиясына бойлап, ұлттық ас мәзірінен дәріс алды, қолөнершілер мен басқа да қолданбалы заттарды жасаушылардың сабақтарына қатысты, шағын киіз үйді құру мен жинауды үйренді.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»