Тарих • 11 Маусым, 2019

Сығанақ атауы – сара жолдың бастауы

1301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сығанақ атауы –  сара жолдың бастауы

Ұлы дала елінің тарихына қатысты айтар болсақ, ең алдымен ортағасырлық Сығанақ қаласы шамшырақтай жарқырап көз алдыңызға келеді. Бұл қалада қазақтың үш хандығы дүбір салып өткен. Ауызға жиі оралатын Қыпшақ, Ақ Орда, Қазақ хандықтары тарихының өзі өзгелердің басын идірген ірі мемлекет дәрежесіндегі орны бөлек оқиғаларға толы болды.

Осы Сығанақ шаһарында небір ұлы оқиғалар бастан өткен. Бұл көне қалада қаншама атақты ғұламалар өмір сүрген. Сығанақта ХVІ ғасырда тарихшы Фазаллах ибн Рузбихан бірқатар уақыт тұрған. Өзінің еңбегінде бұл жерден Дешті Қыпшақ даласы басталады, деген дерек қалдырған. Сонымен қатар Сығанақта ғұлама ғалым Хусам ад-Дин ас-Сығнақи ғұмыр кешкен. Бүгінде бұл кісі жайында үлкен ғылыми-зерттеулер жүргізіліп, кітап болып басылып та шықты. Докторлық диссертациялар қорғалып жатыр.

«Егемен Қазақстан» газетінде («Сығанақ – аудан атына сұранып тұр», 19 ақпан 2019 ж. ) Жаңақорған ауданының атын Сығанақ қаласының атына өзгерту туралы мақала жарияланды. Бұл әрине, құптарлық іс.

Ал тарихи қала Сығанаққа келер болсақ, Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасы-Бұқаның (1309-1315) және оның ұлы Ерзен ханның тұсы Сығанақтың дәуірлеген кезеңі болды. Онда Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құю ісі жолға қойылды. Ол кезде хандардың атында ақша соғу биліктің дербестігін көрсететін еді. Деректерде Ерзен хан ұзақ уақыт билік құрып, 1344-1345 жылдары дүние салып, Сығанақта жерленгендігі әрі осыдан бастап Сығанақ Жошы хан әулетінен тараған ақордалық билеушілерді жерлейтін ата қорыққа айналғандығы айтылған.

Орыс ханның билігінен кейін, Сығанақ қаласы деректерде жиі ұшырайды. Өйткені ол Шыңғыс хан мүлдем құртып жіберген Сығанақ, Сайрам, Яссыны қайтадан тұрғызып, Сығанаққа астанасын көшірген. Бұл кезде де теңге шығарылып, хижраның 772-773 (1370-1371) жылдары соғылған монеталар Эрмитажда сақталған. ХV ғасырда Әбілхайыр хан да өзінің астанасын көп уақыт Сығанақта ұстаған.

ХV ғасырдың 80-жылдарында қаланы қазақ ханы Бұрындық биледі, ал маңы қазақ тайпаларының қысқы қоныстарына айналды. Осы кезден бас­тап және негізгі саяси, экономикалық орталықтардың бірі саналды. ХV-ХVІІІ ғасырларда да қала-сауда, қолөнері жақсы дамыған және үлкен әскери-стратегиялық мәнге ие болды. Сығанақ халқы Сырдария бойындағы басқа қалалар секілді суармалы егіншілікпен айналысты. Ол туралы Ибн Рузбихан өзінің еңбегінде «Егістік жерлерді суғаруға пайдаланылған арықтар Сейхуннан шығарылады» деп көрсетеді. Сығанақ қаласының Дешті-Қыпшақпен етене тығыз байланыста болуы және оның Түркістан аймағымен түйіскен жерде орналасуы, саяси-әкімшілік, экономикалық маңызына орай оны билеушілер қуатты бекініске айналдырды.

Елбасымыз Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық еңбегінде «Біздің жеріміз материалдық мәдниеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны бас­тау бұлағы десек, асыра айтқандық емес», деп бүкіл түркі дүниесінің түп-қазығы болған жерді ерекше атап өткен болатын.

Бұл біздің тарихи жерлеріміздің қайта гүлденіп, өзінің ортасына қайта қауышуға жол ашып тұрған жоқ па? Олай болса, «Егемен Қазақстан» газетінде бастама болған Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданының атын «Сығанақ ауданы» деп атау өте орынды әрі қолдауға тұрарлық ой-пікір дегім келеді.

Бұл мәселе оң шешімін тапса, «Отырар-Түркістан-Сығанақ» арқылы туризмнің жаңа бірі қыры ашылып, еліміздің өзге жұртқа танылуына есігін айқара ашатын өзекті жолдың біріне айналып, экономикалық табыс көзінің де дами түсуіне жақсы ықпал етері де сөзсіз.

 

Қайрат ҚҰРМАНБАЕВ,

«Нұр-Мүбәрак» Мысыр ислам мәдениеті университетінің проректоры, PһD докторы