– Сейітхан аға, әрбір азаматтың балалық шағы қайталанбас естелігімен қымбат. Сіздің балалық шағыңыз қай жерде және қалай өтті?
– Біздің балалық шағымыз Екінші дүниежүзілік соғысқа тап келді. Сол кездегі балалардың бәрінің басынан өткендей жоқшылық заманды біз де көрдік. 1939 жылы Фин соғысы басталғанда үлкен ағам Көшербай әскерге кеткен екен. Ол кісінің бейнесі нақты есімде жоқ. Бірақ еміс-еміс елесі ғана бар. Біздің үй ол уақытта көлдің бойында, Сұмқайтты деген жерде отырыпты. Атам сол жерде сыр жасайтын зауытта қарауыл болып жұмыс істейтін. Ол кезде қыс қатты суық болатын. Қатты аяздан көлдің беті қатып қалады. Үйдегілер мұзды ойып алып, жердің астын қазып мұздатқыш жасайды. Жаз бойы халық колхоздың сиырларын сауып, сүтін әлгі сыр шығаратын зауытқа өткізеді. Ол сүттің барлығын өңдеп, сыр жасап, оны жер астындағы мұздан жасалған «тоңазытқышқа» сақтайды. Мен сол жерде өстім. Мал бағып жүріп, кең далада өскен баламыз. Бір күні Көшербай ағам үйге қоян алып келіпті. Осы көрініс қана шала есімде. Одан өзге естелік есімде жоқ. Сол Көшербай, одан кейін Шешербай деген ағам соғысқа кетіп, содан қайтқан жоқ. Көшербай ағам 1939 жылы Фин соғысына кеткеннен келмесе, Шешербай ағам 1941 жылы кеткеннен оралмады.
– Мамандық таңдау адамның тағдырына тікелей байланысты дейді. Сіз әуелі геолог болуды армандаған екенсіз. Алайда, ойыңызды өзгертіп, медицина саласын таңдауыңызға не себеп болды?
– Рас, әуелі геолог боламын деп ойлап жүрдім. Біріншіден, мен табиғатты өте жақсы көремін. Дала кезіп, тауға шығып, табиғаттың тамашасын көзбен көргенге не жетсін. Сегізінші сыныпқа дейін геолог боламын деп жүріп, сол салаға қатысты кітаптарды көп оқыдым. Африкадан алтын іздеген адамдар туралы да қызықты деректер оқып, қызыққаным бар. Мұндайлар Якутия жақта да көп болған ғой. Мен сегізінші класты бітіріп жатқанда Әліп деген ағам әскерден демалысқа келді. Сол кісі менен қандай мамандыққа қызығатынымды сұрады. Геолог болғым келетінін айттым. Бірақ ағам маған геолог емес, хирург бол деді. Сол сөз маған аманат сияқты әсер етіп, сол күннен бастап мен хирургия саласына қатысты әдебиеттерді іздеп тауып, соларды оқи бастадым. Содан Юрий Герман деген белгілі ресейлік жазушының «Я отвечаю за все» деген үш томдық кітабын кездестірдім. Ол кітапта соғыста елге ота жасаған хирург туралы баяндалады. Талай жанды өлім аузынан алып қалады. Тіпті фашистердің өзіне де жақсылық жасайды. Бұл шығарма менің қызығушылығымды тудырды. Осыдан кейін хирург болуға толық бел байладым. Ол кезде Ақыртөбе стансасында тұратын едік. Содан арман арқалап пойыз арқылы сол кездегі Фрунзе, бүгінгі Бішкек қаласына тарттық. Фрунзе жақын еді. Бір жағы ол жақта Алматыдан қарағанда арзаншылық. Арада талай жыл өткен соң сол жақтан ғылым докторы, профессор, академик болып оралдық қой.
– Бүгінде өзіңіз Тараз қаласындағы «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығын» басқарып отырсыз. Жалпы, бұл орталықты ашу идеясы қалай туындады?
– Бес жыл бойы Қырғыз Республикасының Талас облысында хирург болып жұмыс істедім. Таласта Иса Ахунбаев деген білікті хирург болды. Сол кісінің жәрдемімен жүрек хирургиясына ауыстым. Иса Қонайұлы ұстазымыздың өз алдына бір орталық ашып, жүрек хирургиясын одан әрі дамытып, жүрек алмастыруға жетсек екен деген ойы бар еді. Бірақ ол кісі бұл арманына жете алмады. Кейін ойланып қарасам, жүрек хирургиясын дамыту үшін өз алдына жұмыс істеген адамға көптеген мүмкіндік туады екен әрі бұл халықтың денсаулығының жақсаруына да үлкен көмегін тигізеді.
Иса Ахунбаев 1975 жылы 5 қаңтар күні жол апатынан көз жұмған соң, Қырғызстандағы кардиохирургия саласының барлық жүгі маған түсті. Сөйтіп жүріп біз 1976 жылы кардиохирургиялық орталық аштық. Бұл кезде әрбір республикада осындай орталықтар ашылып жатқан болатын. Бірақ бұл республикалық аурухананың ішіндегі бір бөлімше ғана еді. Мәселен, Кеңес Одағы бойынша 23 кардиохирургиялық орталық болса, біз солардың алдыңғы қатарынан орын алдық. Әртүрлі оталар жасау, олардың нәтижесінің сапалылығы жағынан да жақсы жұмыс атқардық. Одақ кезінде Петровский деген министр біздің жұмысымызды келіп көріп, Мәскеудегі институттардың бір филиалы ретінде жұмыс жасауға болатынын айтқан. Бірақ жергілікті басшылардың түрлі сылтауымен бұл жоба жүзеге аспай қалды. Менің түсінгенім, алдына қойған мақсатты орындау үшін адам қай жаққа болса да барады екен. Қырғызстанда жұмыс істеп жүріп кардиохирургиялық орталық ашсам ба деген оймен Алматыға да бардым. Алматы қаласында 8 жыл жұмыс істедім. Ойым ол жақта да жүзеге аспаған соң қайта оралдым. 1992 жылы Қырғызстанға қайтып келіп, 12 жыл бойы осы мақсаттың соңында тағы жүрдім. 2004 жылы ғана өз алдына ғылыми жүрек хирургиялық трансплантология институтын құрдық. Бұл өз алдына қаржыландырылатын, өз бетінше жұмыс істейтін алғашқы қадам болды.
– Араға біраз уақыт салып туған жерге оралдыңыз...
– Уақыты келіп, зейнетке шыққан соң мемлекеттің мекемесінде жұмыс істеуге болмайтындықтан ауылға қайтуға тура келді. Кейіннен Астана, Алматы қалаларындағы күрделі құрылымдарға кеңесші болып баруға ұсыныстар түсті. Бірақ мен енді туған жеріме қызмет етейін деп 2007 жылы Тараз қаласына қоныс аудардым. Сөйтіп Таразға келген соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсатын алып, 2008 жылдан бастап жеке кардиохирургиялық орталығын ашып, жұмыс істей бастадық. Ұстазымыз болған Иса Ахунбаевтың арманын сөйтіп Қырғызстанда да, Қазақстанда да орындадым деп білемін. Бірақ барлық ойға алған мақсатты орындау үшін кейде қаражат көп керек болады. Қазіргі ғимаратымызды да талай жылдан бері күрделі жөндеуден өткіздік. Әуелі туғалы жүрек ауруына шалдыққан балаларға аппараттар алып, инфаркт алғандарға компьютерлік томография, диагностикалық орталықтардың бәрін дайындап келіп, өткен жылы ағза ауыстыруға қадам бастық. Былтыр біраз кісілердің бүйрегін алмастырдық. Одан кейін науқастарға жасанды жүрек салдық. Жүрек бұлшық етінің күші кетіп, нашарлаған уақытта қан тоқтап қалады. Содан адам ісіп-кеуіп, тіпті аяғын да баса алмайды. Ондай адамдардың жүрегін алмастыру керек болады. Мәселен, бізде жүрек алмастырғанға донорлар жоқ. Бұл – өз алдына үлкен мәселе. Ентігіп, төсек тартып қалған бір азаматтың жүрегін ауыстырдық. Қазір ол кісінің жағдайы жақсы. Бірақ донор күтіп жүр. Алға қойған мақсатымыз осылайша ақырындап іске асып келеді. Осы жұмыстардың барлығына бірталай уақытымыз кеткенге кейде өкінгенмен, кейде қуанасың. Біздің орталықта кілең жастар жұмыс істейді. Өсіп келе жатқан жастарды көріп көңіл марқаяды. Біз тек орталықта тәжірибелік жағына ғана емес, ғылыми жағына да жете көңіл бөліп отырмыз. Осы жерде біраз жастар магистратурада білімін жетілдіріп, докторлық диссертацияларын қорғап жатыр.
– Орталық әлемнің қандай елдерімен байланыс жасайды? Мамандардың өзара тәжірибе алмасу жағы қалай?
Мәселен, Америка Құрама Штаттарының кардиохирургтері жаңа бастамаларды қолдап, жетінші рет ғылыми конференция өткізді. Бірақ жетінші конференциясында жүрек хирургиясына төрт сағат қана берді. Біз кейінгі конференцияның өзінде үш күн бойы осы мәселемен айналыстық. Әлемнің денсаулық сақтау саласына енгізіліп жатқан технологиялардан қол үзуге болмайды. Сонда ғана ауруханада жатқан науқас бұрынғыдай жеті күн емес, бес-ақ күн жатады екен. Бұл тәжірибенің бәрін өзге облыстардағы әріптестерімізге көрсетсек деген мақсатымыз болды. Бүгінде еліміздің өзге өңірлерінен де кардиохирургтер, анестезиологтер келіп қатысуда. Сонымен қатар Германия, Аустрия, Қытай сияқты дамыған мемлекеттерден де қонақтар шақырылған. Сол білікті мамандар әріптестерімізге жүрек алмастырудың түрлі техникасын көрсетті. Украина мемлекетінен де білікті мамандар келді. Бұл үрдіс өзіміздің үйренуімізге ғана емес, өзгелердің де үйренуіне қажет деп есептеймін.
– Бүгінде көптеген шәкірт тәрбиелеген ұстаз, ғалымсыз. Осы орайда өмір жолыңызда не түйдіңіз, неге жете алмадыңыз?
– Өткен күндерге шегініс жасап қарасам, сексен жас деген ұзақ өмір сияқты. Қатарлас өскен, бірге жүрген азаматтардың көбі бұл күнде дүниеден озып кетті. Осындай жағдайлардың бәрі де адамды терең ойға жетелейді. Кейде өзіңе өмір ұзақ сияқты болып көрінеді. Ал атқарған жұмысыңды, өмірдегі алдыңа қойға мақсатыңды салмақтап қарасаң, әлі де уақыт жетпейтін секілді. Ойға алған дүниелердің бәрін атқару үшін әлі біраз уақыт керек сияқты. Тіпті кеудеңде өмір жасым әлі де ұзара түссе екен деген үміт оянады. Адам ешқашан үмітсіз болмайды ғой. Адам қырық жастан асқан соң алдына мақсат қойып, сол мақсатты жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді екен. Мен де өмір бойы ұстаздарымның жолын жалғасам екен, сол кісілердің арманын орындасам екен деген тілекпен тіршілік кешіп келе жатырмын. Тағдырыма тәубе, 12 ғылым кандидатын, 4 ғылым докторын, 3-4 PhD докторын тәрбиеледім. Олардың бәрі де еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүр.
– Кейде адамның өмір жолының дұрыс қалыптасуына әсер ететін азаматтар болады. Жалпы, сіздің тағдыр жолыңызда жақсы адамдар көп кездесті ме?
– Мен өткен өміріме көз жүгіртіп қарасам, өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Себебі менің өмір жолымда жақсы кісілер көп кездесті. Мәселен, институтқа оқуға түскенімде, жеңгемнің алыс жиенінің бір туысқан қызы Қырғызстанда тұрмыста екен. Мен сол кісінің үйінде тұрдым. Отағасы Ахмет деген қырғыз кісі сондағы былғары зауытында жұмыс істеп жүрді. Ол кісілер маған жақсы қарады. Өмірде ешқандай жамандық көргенім жоқ. Өзім сияқты ғылым жолында ізденіп жүрген жігіттермен жолықтым. Олармен дос болдым. Кейіннен Қырғызстанның Нарын облысына жұмысқа ауыстым. Константин Гаврилович деген сол облыстың бас хирургі маған білмегенімді үйретіп, қамқорлық көрсетті. Күн сайын ота жасауға қатыстырды. Өзім күн сайын ауруханада кезекші дәрігер болып жүрдім. Бір жылдың ішінде көптеген ота жасауды үйрендім. Иса Ахунбаев ұстазымның да жақсылығын көп көрдім. Мәскеуге кардиохирургия бойынша аспирантураға оқуға жіберді. Мен Мәскеуге оқуға барғанда тәжірибелі маман ретінде қалыптасып үлгерген болатынмын. Ол жақта мені барлығы жақсы қабылдады. Жақсы адамдардың жақсы қарым-қатынасы да менің өсіп-өнуіме көп әсер етті. Адамның өзінің пейілі таза, жүрегі ақ болатын болса, өмірде жақсы кісілер көп. Өмірімде жаман адамдар кездескен де шығар, бірақ олар есімде жоқ. Өзің жақсы болсаң, елдің бәрі де жақсы. Кезінде Украинада Бабляк деген профессор болған. Жетпіс бес жасында қайтыс болып кетті. Ғылыми жиындарда талай кездескенбіз. Сол кісінің баласы қазір танымал хирург. Біздің орталыққа келіп, тәжірибесімен бөлісуде. Сол сияқты Аустриядан Мюллер деген де профессор келіп, біздің жұмысымызбен танысуда. Осындай жақсы адамдар көп өмірде. Бірде болмаса әйтеуір бірде жақсы адамдардың шарапаты тиеді.
– Әңгімеңізге рахмет.