Қоғам • 11 Маусым, 2019

Ел «Егеменмен» есеюде

343 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ата жұрты Степняк қаласының іргесіндегі шоқ жұлдыздай шағын ғана Сәуле ауылы екен. Бұл жер қазақтың жақсы мен жайсаңы дүниеге келген қасиетті топырақ. Ілкіден жалғасқан ізетті жолды кейінгілер сабақтаған. Соның бірі Мұса қажы Абдос ақсақал. Бүгінде шағын қаладағы ел ағаларының бірі.

Ел «Егеменмен» есеюде

– Жазу-сызуға кішкентай кезімнен құмарттым. Ол кезде ауыл адамдары газет-журналға көп жазылатын. Аудандық, облыстық, Алматыдан шығатын әдеби журналдар. Жоғары сыныптарда оқып жүргенімде бір жолын қалдырмай оқыдым десем, өтірігі жоқ, – дейді Мұса қажы, – өзім де журналист бол­ғым келді. Сол арман алға жетелеп Алматыға әкелді. Ол тұста журналистика факультеті біреу-ақ. Конкурс күшті. Әй­те­уір бұрын аудандық газетте жарияланған шағын хабар, бірді-екілі мақалаларым сеп болды ғой деймін, жолым оңынан оңғарылды.

Өзінің айтуына қарағанда, кейін­гі өмірі аудандық газетте өтсе керек. Тақырып таңдамаған. Құры­ғын сүйреткен жылқышы, ақтылы қой баққан шопан, ақық дән аялаған диқан. Әйтеуір заманның талабына сай жалпақ жұртты жақсы істерге баулу қажет болған. Ел ішін сүзіп жүріп көпке өнеге, жақсылығы жұғысты болатын мәнді мысал іздеген.

– Ол кезде аудандық газет екі тілде шығатын. Қазақ редакциясында төрт журналист, орыс редакциясында алты журналист жұмыс істеді. Жоғары оқу орнын бітірген маман тапшы. Ең қиыны, баспахана. Баспаханадағы қорға­сын­ның шаңын көкірегіміз тол­ған­ша жұттық қой, – дейді қарт журналист, – облыстық газетпен бай­ланысымызды үзген жоқ­пыз. Онда журналист-жазушы Жанайдар Мусин, Октябрь Бұқарбаев, өзімнің жерлесім Рүстем Бермағамбетов тәрізді қаламының желі бар жігіттер жұмыс істеді. Жазғандары көп­тің көңілінен шығатын. Біз де облыс­тық газетке аудандағы жақсылықты, ел құлағын елең еткізетін сүбелі дүниелерді жедел жазып жіберуге тырыстық. Ал «Социалистік Қазақстан» газеті шалғайдағы журналистердің сауа­тын арттыратын, бағыт бере­тін басылым еді. Кеңес за­ма­нында ол газетте саяси мәселелер көп жазылды. Талапқа орай шаруашылық, экономика тақырыптарына да кеңінен орын берілетін. Заман алға озған сайын, оның үстіне тәуелсіздік алғасын бас басылым мазмұндық тұрғыдан күрт өзгеріп, сөзі саралана салмақтанып, түрленіп шыға келді. Қазіргі күні «Еге­мен­ді» қолыңа алсаң, Ал­тай­дан Атырауға дейінгі кең көсілген даланы кезіп жүргендей әдемі әсерге бөленесің. Тамаша таби­ғатын көзіңмен көріп, дала­ның тынысын аңдайсың. Жасам­паз заманның жарқын бейне­сін өз қолымен көркейтіп жат­қан­дар­дың жанкешті еңбегін көз алдыңа келтіресің. Алаш баласын ғана емес, түп-тамырымыз болып саналатын түркі дүниесін тұтас бірлікке шақырып отыр. Маған әсіресе, «Түркі тілдес, тү­гел бол!» деген айдардың арғы астары қатты ұнайды. Бұрын шынын айту керек бас басылымда сын материалдар аз болатын. Қазір көбейді. Бұл жақсы ниеттен туындап отырған дүние. Өйткені атам қазақ «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген емес пе. Айталық, «Көкейкесті», «Сараптама», «Толғандырар тақырып» айдарымен жазылатын қаламы жүйрік журналистердің қадап айтқан мәселелері қан­дай. Барлығы ел болу жайы. Ерте­рек­те бізге кемшілікті аз айттыратын, кейбір тақырыптарда жұмған аузымызды аша алмас едік. Мәселен, тоз-тозы шыққан тілімізді толғап жазар заман болды ма? Аудандық газеттің ау-жайы белгілі ғой. Жүз қойдан жүз қозы алған шопан мықты, күні-түні жұмыс істейтін, демалмайтын, ел жайын ойламайтын робот сияқты механизатор. Біздің кейіпкерлеріміз осы еді. Ал бүгін қараңыз, көкірек көзі ашық, ел дегенде ет жүрегі лүпілдеп тұратын қайраткерлер. Бас басылымды оқыған сайын құмарта түсемін. Жас тоқсанға жақындағанда көздің нұры, қол­дың қайраты кеміп, жазудан қал­дық.

Қайраты бар кезде қаузаған екен. Газет материалдары өз алдына, екі жинақ дайындапты. Тек шығаруға қаражат табылмаған. Өкінішке қарай ол жинақтарын әлдебір оқыс оқиғаның кезінде өрт шалған. Қайта тірілтуге ынта болғанымен, денсаулығы жібермейді.

Журналистік жұмысы жайлы бейтарап әңгіме өрбітіп отырып, Мұса қажы мен Нағима әжейдің 64 жыл отасқанын, жарық дүниеге он перзент әкелгендігін естіп, бір қуандық. Балаларының бәрі ержетіп отау құрған, өрісі мен туысын көбейткен.

– Жеңгей, алтын алқаңызды тағыңызшы, суретке түсіріп алайық, – деп өтініш айттық.

Ұзақ іздеді. Әлдебір түйін­шек­терді ақтарды. Көмекке келі­нін шақырды. Әлден уақытта табылды-ау.

– Осыны алғалы бір тақпап едім, – деп шынын айтты.

Мақтануды білмейтін, мін­дет­суден ада қайран қазақтың кеңдігі-ай!

Біздің әрекетімізге қарап, миығынан күліп отырған қажы ата тірлігімізді теріс дей қойған жоқ. Өзі де ұзақ жыл журналист болған адам ғой. Тек қайыр хош айтысқан сәтте ел газеті – «Еге­мен­ге» жалғыз ауыз сөзбен баға берді.

– «Егемен» – қазына, рухани байлық! Ел «Егеменмен» есейіп келе жатыр! – деді қажы атам.

Айта жүрер аталы сөз.