Сайлау • 11 Маусым, 2019

Коммунистер өз күшін байқап көрген сайлау

858 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Коммунистік халық партиясының Орталық комитетінде кезектен тыс Президент сайлауы­на қатысқан кандидат Жамбыл Ахметбеков баспасөз мәслихатын өткізді.

Коммунистер өз күшін байқап көрген сайлау

Жиын Орталық сайлау ко­миссиясының 9 маусымда өткен кезектен тыс прези­дент­тік сайлаудың алдын ала қоры­тындысын жариялағаннан кейін ұйымдастырылды. Басқосуға Қазақстан Коммунистік халық партиясы республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Айқын Қоңыров және оның орынбасары Виктор Смирнов қатысты.

Аталған партия атынан пре­зиденттікке кандидат ре­тінде ұсынылған Жамбыл Ах­мет­беков ОСК хабарлаған сай­лаудың нәтижесімен келі­сетіндерін, барлық көрсеткіш халықтың шынайы қолдауымен сәйкесетінін мәлімдеді.

«Сайлау ашық әрі әділ өтті. Сайлауалды  науқан бары­сындағы күрес шынайы әрі бәсекелі болды. Біз­дің үгіт-насихат жұмысын жүргізу­ші­лер заңнама аясында респуб­ли­калық штабтың жоспары­на сай бекітілген барлық қа­жетті шараны қабылдады. Конс­титуция кепіл болған тең­дік пен бәсекелестік заңы толық сақталды. Біздің бай­қау­шылардың сайлаудың нәтижесіне ықпал ететін өрес­кел құқық бұзушылықты анық­тамағанын мәлімдегім келеді», деді ол.

Осылай дей келе, Жамбыл Ахметбеков Nur Otan партиясы атынан сайлауға қа­тысқан Қасым-Жомарт Тоқаев­қа құт­тық­тауын жолдап, оның же­ңісі сенімді әрі лайық­ты бол­­­­­­­­ғанын атап өтті. Сондай-ақ өзі­не қолдау көр­сеткен барлық қа­зақ­стан­дыққа алғысын айтып, кезектен тыс президент сайлауы жоғары билік транзитінің шешуші кезеңі болатынына және Қазақстанды жаңғырту жолындағы реформалардың жү­зеге асуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Сөзінің соңында Жамбыл Ахметбеков партия жақтастары мен белсенділеріне сайлауалды науқанды тиісті дәрежеде ұйымдастырып, атқарып шық­­­­қаны үшін ризашылығын жет­кізді. «Мен бұл сайлаудың қо­рытындысын біздің жеңілі­сіміз деп есептемеймін. Біз күші­мізді көрсеттік, тағы бір мәрте өзімізді тексердік. Пар­ламент Мәжілісінің сайлауы алдында облыстық, аудандық комитеттердің шама-шарқын байқадық», деп өз ойын түйіндеді.