Жиынға аталған қоғамдық бірлестіктің жетекшісі, философия ғылымдарының докторы Жұматай Әлиев, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев, Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Маммад Энвер-оглы Багиров, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, социология ғылымдарының кандидаты Петр Токорь (Украина), «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Жүсіп және өзге де қайраткер ғалымдар қатысты.
XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін ұзақ жылдан бері зерттеп келе жатқан алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдиев «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінің» қазақ халқының мәдениетін, өнерін жаңғыртуда елеулі жиын болғанын айтады.
«1924 жылы білімпаздардың тұңғыш съезі Орынборда өткен соң, араға екі жыл салып Бакуде бірінші түркологтар съезі ұйымдастырылды. Екеуінің де ортақ тұсы тіл мәселесіне арналған. Осы съездің күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі түркі тілдерінің терминологиясының жүйесіне қатысты болған еді. Ал сол басқосуда терминология мәселесіне қатысты Қазақстан тарапынан Ахмет Байтұрсынұлы негізгі баяндама жасаған болатын. Ал осы жердегі Ахаңның ұстанымы таңғаларлық нәрсе. «Шығыс» баспасының қазақ редакциясы «23 жоқтауды» даярлап, шығарды. Кітаптың кіріспесінде құнарлы қазақ тілінің байлығын көрсету мақсатында шығарып отырмыз делінген. Шын мәнінде, бұл жеңіліс тапқан Алаш қозғалысына, азаттық қозғалысына арналған жоқтау болатын», деген ғалым Алаш зиялыларының ұлт үшін күресі тіл мәселесінен басталғанын айтады.
Конференция барысында Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Маммад Энвероглы Багиров мырза Әзербайжан мен Қазақстанның саяси көшбасшылары мен зиялыларының рөлі, сондай-ақ ұлт-азаттық идеологияның ортақ тұстары туралы сөз қозғады. «Қазақстанның ғылым мен ғылыми-зерттеулерге үлкен назар аударып отырғаны қуантады. Ахметтей зиялы қауым өкілдерінің тайсалмай қарсы тұруының арқасында, ұлтымыздың мәдениеті мен тілін, ділін сақтап қалдық. Түркологтар бас қосқан Баку съезінде Ахмет Байтұрсынұлы ұйымдастырушылар комитеті құрамында болып, белсене араласты. Өкінішке қарай, съезд қатысушылары саяси репрессияның жазықсыз құрбандары болып кете барды», дейді ол. Ал социология ғылымдарының кандидаты, профессор Петр Токорь ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жылдарындағы ең көп зардап шеккен Украина мен Қазақстанның ортақ тұстары туралы, репрессия жылдарын зерттеу барысындағы жекелеген тәжірибе тұрғысынан мысалдар келтірді.
Жиынға қатысқан өзге де ғалымдар XX ғасыр басындағы рухани жаңғыру, Алаш мұрасы, Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырнамасы, Омбыдағы кезеңі туралы баяндамалар жасалып, қазақ тіл біліміндегі инновациялық бағыттардың А.Байтұрсынұлы еңбектерімен сабақтастығы сөз болды.