Қорғалжындық Абай Медеубаев егін шаруашылығын жолға қойған фермерлердің бірі. Ол басқаратын «Агрофирма «Жер 888» ЖШС-не қарасты егістік алқабының көлемі – 10 мың гектар. Бұрындары 3 мың гектар жерді өңдеу үшін 9 трактормен жұмыс екі ауысымға жалғасатын. Сөйтіп бұған 18 механизатор тартылып отырды. Бұл уақыттың қадірін білетін шаруа адамына әсте тиімсіз. Осыны ескере келе, ол былтыр «Қазақстандық агроинновациялық корпорациясынан» «Amiti» егістік кешенінің 4 данасын сатып алады. Қазір шаруаның көңілі жайлы. Себебі жаңа техника бір мезетте бірнеше қызметті атқаруға қауқарлы. Мұны серіктестіктің механизаторы Мереке Нұрмағанбетов те қуаттап отыр.
– Бункерінің сыйымдылығы үлкен. Екі секцияға бөлінген. 6 мың литр бидай мен 4 мың литр тыңайтқыш оңай сыйып кетеді. Өзі жер жыртып, бидайды себеді. Ескі техникаға қарағанда артықшылықтары аз емес. Мысалы, осыған дейін 35-40 гектарды әрең өңдейтінбіз. Қазір 90-100-ден аса гектар алқапты игеруде аса қиыншылық жоқ. Бұрынғыдай шаршамаймыз, – деп тың қондырғы жайлы әсерімен бөлісті тәжірибелі механизатор.
Аталған техниканың құны – 130 млн теңгеден асады екен. Қорғалжындық диқан оның төртеуін лизингке алған. 25%-ын Үкімет субсидия ретінде өтеп береді. Бұл фермерлерге көрсетілген үлкен қолдау, сондықтан да мұндай жеңілдіктен құр қалмаған жөн, дейді шаруа.
– Биыл күн райының өзі шаруаларға жылы шырай танытуда. Егін бітік шығады деген сенімдеміз. Бидайымыздың сапасы жақсы. Дәннің маңызы жоғары – 28-30% деңгейінде. 1-ші сұрыптағы бидай. Одан жақсы нан өнімдері дайындалады.
Техника алдық. Оның 25 пайызын субсидиямен өтеп беріп жатыр. Ал тыңайтқышқа 45-50 пайыз субсидия қарастырылған. Бұл – үлкен қолдау. Үкімет қолдап тұрған кезде жаңа техника алып жақсылап жұмыс істеген дұрыс деп ойлаймын. Жаңа техника уақытында бидай егеді. Бір ауысымда 90-100 гектарға дейін егуге қауқарлы. Бұрынғы техникамен 90 гектарға егін салу үшін 5-6 трактор керек еді. Қазір екі-ақ адам 3 мың гектарға дән сеуіп жүр. Жаңаның аты жаңа. Әсіресе тұқым сепкіші өте тиімді. Биыл гектардан 15 центнер өнім алуды көздеп отырмыз, – деді А.Медеубаев. Бүгінде агрофирмада 40-тай адам еңбек етеді, соның ішінде 16 механизатор бар.
– Былтырдан бастап Көкшетау қаласында жаңа өндіріс орны ашылды. «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» Америкада аты шыққан «Amity Technology» компаниясымен бірлесіп егістік кешенін жинақтауды жолға қойды. Сол техниканы шаруалар біртіндеп сатып алып келеді. Кез келген ауыл шаруашылығы техникасын алған бойда, оның 25%-ын Үкімет субсидия түрінде өтейді. Бұл мақсатта негізгі екі бағдарлама жұмыс істейді. Отандық агроөнеркәсіптік кешен әлі қажетті техникамен толық қамтылмай жатыр. Сол себепті шаруалар қай елдің өнімін таңдаса да Үкімет 25 пайыз субсидиясын беруге дайын. Бүгінде Қазақстанда 142 мың трактор, 38 мың комбайн, 4 мың себу кешені және 78 мың тұқым сепкіш егістік алқаптарына жұмылдырылған. Олардың қызметтік мерзімі 17 жылдан асып кеткен. Яғни, 70 пайызы ескірген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше 2021 жылға дейін елдегі техникалық паркті 6 пайызға дейін жаңарту жоспарланған. Қазір бұл – 3,5 пайыз, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі комитетінің техникалық жабдықтау басқармасының басшысы Бақыт Ильясов.
Өткен жылы Көкшетаудағы бірлескен кәсіпорында аталған техниканың 10-нан аса данасы жинақталыпты. Компанияның аймақтық менеджері, сұраныс артса оның көлемі көбейтілетінін айтты. Өндіріс қуатын еселеуден бөлек, шетелдік инвестор басқа да техника түрлерінің желісін ашуға мүдделі. Атап айтқанда, жерді өңдейтін кешендерді де құрастыру жоспарда жоқ емес. Бұған қоса алдағы уақытта өндірістегі қазақстандық мазмұнды ұлғайту межеленген. Қазірдің өзінде кешеннің құрамдас бөліктері Қазақстанда жасалып, дәнекерлеу жұмысы толық реттелген екен.
– Бұл техникалық құрылым жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Фермер атап өткендей, ол тәулігіне 180-200 гектарды игеруге қауқарлы. Сол сияқты жерді өңдеп қана қоймай астық дақылдарын ретімен егіп, ізінше тыңайтқышты сеуіп отырады. Бұл егістіктің тамырына жақсы әсер беріп, нәтижесінде өнімнің сапасы және көлемі артады. Бункері тот баспайтын болаттан жасалған. Ені 12 метр астыққа арналған бункердің сыйымдылығы шамамен 10 мың литр. Ресми өкілдігіміз жұмыс істейтіндіктен техникалық ақауларды жөнге келтіруге болады. Жергілікті компаниялармен уағдаластығымыз бар. Олар сервистік қызметтерді ұсынуға әзір, – дейді «Amity Technology» компаниясының Орталық Азия мен Ресейдегі аймақтық менеджері Бақтияр Таджидинов. Сонымен қатар ол компанияның өнімдері Бразилия, Аустралия, Ресей, Украина сынды мемлекеттерде кең сатылымда екенін атап өтті. Ал құрастыру зауыты тек Қазақстанда орналасқан. Осы бірлескен өндіріс орны арқылы салалық индустрия нарығын кеңейту көзделіп отыр.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы техникасын құрастырудағы әлемдік рейтингте алғашқы орындарда америкалық «Deere & Company» және «AGCO», германиялық «Claas», сондай-ақ италиялық «SDF» («Same-Deutz-Fahr») секілді алпауыт ұйымдар жайғасқан.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»