Аймақтар • 12 Маусым, 2019

Жезқазғанда «Ұлы Дала мұрасы» халықаралық мұражайлар фестивалі басталды

465 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Жезқазған қаласында басталған «Ұлы Дала мұрасы» атты халықаралық мұражайлар фестиваліне Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия және Қазақстанның 18 мұражайынан келген делегаттар қатысты.

Жезқазғанда «Ұлы Дала мұрасы» халықаралық мұражайлар фестивалі басталды

Маңызды мәдени шараның салтанатты ашылуында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев және «Мұрағат-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, меценат Бекзат Алтынбеков құттықтау сөз сөйледі.

Фестивалдің алғашқы күні «Өз есіміңді тарихта қалдыр» акциясы өткеннен кейін, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы, Түрік Республикасының Анкара университеті мен Астрахань музей-қорығы арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Бұдан кейін бағдарламаға сай, қолданбалы өнер бойынша шеберлік дәрістері ұйымдастырылып, оған мұражайлардың суретші-реставраторлары, қыш ісінің шеберлері белсене ат салысты.

Фестивальде ұйымдастырылған «Ұлы Дала мұрасы» экспозициясында еліміздің 60-тан астам бірегей жәдігері қатысушылар мен қонақтар назарына ұсынылды. Соның ішінде жұртты өзіне қаратқан экспонаттың бірі «Алтын адам» жәдігерінің көшірмесі болды. Сонымен қатар, көрмеде  басқа елдердің мұражайларынан жеткізілген сирек кездесетін жәдігерлер де таныстырылды.

Халықаралық фестивальге қатысушы қонақтар құр қол келмеген екен. Мысалы, Қытай делегациясы Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының иелігіне XVIII ғасырдағы Қытай мен Қазақстан арасындағы жібек саудасы туралы құжаттың көшірмесін сыйға тартты. Моңғол делегациясы болса, қазақ диаспорасының Моңғолия аумағына қалай қоныс аударғаны туралы құжаттың көшірмесін әкеліпті. Ал өзбек делегациясы XIX-XX ғасырлардағы қазақ халқының тарихына қатысты құжаттар мен фотосуреттердің көшірмесін тарту етті. 

Фестивальдің екінші күні қатысушылар үшін мұражай қызметкерлеріне арналған «Мұражай қызметін жаһандық жаңғырту – уақыт қажеттілігі» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылады. Шара барысында Анкара университетінің профессоры Айша Чакир Илхан, жоғары санатты экскурсовод-әдіскер, Қазақ спорт және туризм академиясының туризм сарапшысы, ЮНЕСКО ұлттық комиссиясының мүшесі Бақыт Оразымбетова, тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, профессор Тәттігүл Қартаева және басқа да танымал тұлғалар дәріс оқып, тәжірибелерімен бөліседі.

Халықаралық фестивальдің қорытынды күні, яғни 13 маусымда қонақтарға арналып Ұлт ұясы – Ұлытаудың тарих тұнған қасиетті жерлеріне саяхат ұйымдастырылады.

Еске салсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл мәдени шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қоғамдық сананы жаңғырту» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға септігін тигізуді мақсат етеді.