Президент • 12 Маусым, 2019

Ең бастысы осы емес пе?!

870 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіз елімізде кезектен тыс өткізілген Президент сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Президенттіктен үміткерлер арасынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев озып шығып, жеңіске жетті.

Ең бастысы осы емес пе?!

Несін жасырайық, Қ.Тоқаев­тың халық қошеметі мен қол­дауына ие болып, барынша көп дауыс жинайтынына еш­қан­дай күмәніміз болған жоқ. Пре­зи­денттіке кандидат Қасым-Жо­март Тоқаевтың сенім біл­діріл­ген адамы, Түркістан қалалық қо­ғам­дық штабының мүшесі, кие­лі шаһардың тұрғыны ретін­де қала халқымен, мәдениет және өнер қызметкерлерімен, темір­жол­шылармен, байланыс және автобекет қызметкерлерімен, гуманитарлық-техникалық және «Болашақ» колледждерінің білімгерлерімен, басқа да ұжым­дар қызметшілерімен кездесу­лер өткізіп, сөз сөйледік. Осын­­дай жылы шырайлы бас­қосуларда ағынан жарыла ой-пікірлерін ортаға салған жандар көп бол­ды. Олардың барлығы да пре­зи­денттіктен үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірауыздан дауыс беретіндіктерін риясыз ақ көңілмен айтқан болатын. Қара­пайым еңбек адамдарының қашанда уәдеге берік екендігі, екі сөйлемейтіндіктері бұл жолы да айқын дәлелденді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сай­­лау­алды платформасында «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» қағидаларын ұстанды.  Осы тұрғыдан келгенде, прези­дент­тікке сайланған оның Түр­кі­станға айрықша назар аударып отырғаны анық. Мемле­кет басшысы ретінде алғашқы жұмыс сапарын киелі мекеннен бастауының өзі көп жайды аң­ғар­т­са керек. Бұл сапарында Қасым-Жомарт Кемелұлы жүр­гізіліп жатқан құрылыстарды жіті бақылап, нақты тапсырмалар берді. Алдағы уақытта Түркістанға қатысты назарын бір сәт те бәсеңдетпейтінін қадап тұрып айтты.

Сайлау күні өзіміз қызмет ететін Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің Мәдениет орта­лығындағы ғимаратта №133 сайлау учаскесіне дауыс беруге келгенімізде, топ-тобымен кезекте тұрған студенттеріміздің көтеріңкі көңіл күйлерін көріп, іштей шаттандық. Ал Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы өткен жолы университетте болған кезінде жылы лебізін біл­діріп, оқу орнының мәр­тебе­сін биікке көтеруге қам­қор­лық жасайтынын айтқан еді. Осы­лайша, профессорлық-оқыту­шылар құрамы мен университет басшылығының және студент­тердің көңілдерін бір көтеріп тастаған болатын.

Еліміздегі және шетелдердегі бұқаралық ақпарат құралдары сайлаудың әділ, ашық әрі таза өткендігін жария етуде. Шетелдік байқаушылар да сайлауға жоғары баға беріп жатыр.

Халқымыз болашағымыздың жарқын болатынына кәміл се­неді. Ең бастысы да, бізге кере­гі де осы емес пе?!

 

Сейдулла САДЫҚОВ,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

ТҮРКІСТАН