Руханият • 12 Маусым, 2019

Қызыл, қызыл, қызыл сөз...

1294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың болмысын, жақсылығы мен кемшілігін жақсы білген, соған жаны күйзелген адамдардың бірі Герағаң, марқұм Герольд Бельгер сияқты. Сол «Бір білсе Бельгер біледі» деген қанатты сөздің кейіпкері «Қазақ дәптері» деген кітабында былай дейді: «Қазақтың сөз түрлері көп. Ол жағынан ешбір ел, ешбір ұлт таласа алмайды».

Қызыл, қызыл, қызыл сөз...

Солай дейді де, Диқан Әбілевтің өлеңін тілге тиек етеді:

Қызыл, қызыл, қызыл сөз,

Құс жолындай ұзын сөз.

Қатпар-қатпар қалың сөз,

Бұлдыр-бұлдыр жұмбақ сөз,

Жауыр болған көбік сөз.

Белсенділер жерік сөз...

Шындығында, қазір қай жаққа қарасаңыз, қаптаған қызыл сөзден құлағыңыз тұнып, басыңызды қайда алып қашарыңызды білмей қаласыз. Бітпейтін сөз, ұрандаған, аттандаған, халыққа жол нұсқаған, мақтаған, даттаған сөз. Бір-бірімен жарысып сөйлеген, бір-бірінің айтқанын кеу-кеулеп қостаған жұрт. Бұрын тауып сөйлейтін адамдарды «сөз ұстаған» деп әспеттесе, қазір екінің бірі осы рөлді иеленіп алған.

Бельгер сынағаннан бергі аралықта сөз тіпті көбейіп кеткен сыңайлы. Телеарна, газет, сайттардағыны айтпағанда, әлеуметтік желіні ерттеп мініп, мінбер ретінде пайдалануды меңгеріп алғаннан кейін көсемдер мен шешендер тіпті қаптап кеткендей. Әрине, аузының дуасы, сөзінің бәтуасы, табанының бүрі бар адамдар шешен сөйлеп, көсем көрініп, елге танылып жатса құба-құп дер едік. Жоқ, бүгін айтқанынан ертең тайқып шыға келетін, түнде мақтаған дүниесін таңертең қаралайтындардан аяқ алып жүру қиын. Себебі айтқан сөздің артында жауапкершілік жоққа тән.

Осындай қызыл сөзді қырмандай сапырып жатқандардың арасында ілуде бір дені дұрыс пайымы бар парасат иесін көзің шалып қалғанымен, оның үні құлақ тұндырған сөзжарысқа жұтылып кете береді.

Сөз бен істің үйлесуі туралы қазір айтудың өзі артық. Тіпті жапа-тармағай жарысып сөйлеп жатқан жұртқа қарап, жұмыс істейтін адам қалғанына күмәнданасың. Иә, «Барлық елдердің пролетарларын біріктірген» Владимир Иличтің айтқанымен «Слово тоже дело» деп уәж айтуыңыз мүмкін. Алайда, «күнкөсемнің» «Оқы, оқы және оқы» деген қанатты сөзінің Құраннан алынғаны әшкере болды емес пе?! Коммунистердің сөзі мен ісінің арасындағы алшақтық ақыры алып империяның тынысы тезірек тоқтауына ықпал еткені де өз алдына бөлек әңгіме.

Қазақ тіл ғылымының, әдебиеттанудың іргетасын қалаған Ахмет Байтұрсынұлы өнердің түр-түрі болатынын айта келіп, тіршілік үшін жұмсалатын түрін – тірнек өнері, көркемшілік үшін керегін – көрнек өнері деп бөледі. Көрнек өнерін тағы 5 түрге жіктеп келіп:

– Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады, – деп еді. Сірә, сол сөз өнерінің қадірін әбден қашырсақ керек.

Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілмен шұбарламау. Орыстың жақсы жазушыларын алсақ, олар ескірген сөздерге жоламаған, жаңадан шыққан сөздерден қашқан, өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алмауға тырысқан. Ал осы өздерін сөз өнерінің сүлейі санайтын бүгінгі шешендер ше? Олар орысша-қазақша араластырып мипалау жасағаны аздай, неғұрлым ағылшынша, аздап арабша сөздерді қосып, түсініксіздеу сөйлесек, соғұрлым ақылды болып көрінем деп ойлайтын сыңайлы.

Сөз туралы сөз болғанда ұлттың бас ақыны Абай жарықтыққа жүгінбей кете алмайсың. «Қазақта қара сөзге дес бермеген» Абай біздің халықтың кәсіп қумай, сөз қуғанына қапа болады:

«Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,

Бірінен бірі шапшаң ұқпас сөзін...

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай...»

Абай сияқты жаны ашып сынаған, жүрек майын жағып күйзеліп айтатындар бар, әрине. Өкінішке қарай, ана тіліміздің мұңын мұңдауды біреулер тендер ұтудың, шен-шекпен киюдің құралына айналдырып алғанына да талай жылдың жүзі болды. Ол түгілі, қазақша қате сөйлеген немесе жазған адамды түзету үшін емес, мұқату үшін сынау­ды мақсатқа айналдырған, сөйтіп пендешілік пиғылын жүзеге асыруды көксегендер көбейді.

«Қасиетін сезем деп ана тілдің,

Қауырсыны қалмады қанатымның», депті Мұқағали. Қазір ақынның да, сөздің де қадірі азайып кеткендей. Қайран қадірі кеткен сөз, сені Абай мен Мұқағалидан қалған деп кім айтар?!