Аймақтар • 12 Маусым, 2019

Жиренқопа жырақта емес, жүректе

1051 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жиренқопа жері, мұндағы Қобыланды батырдың мемориалдық кешені Қазақстанның 100 киелі жері тізімінің белортасынан орын алады. Қалың тарихымыз тұмшаланған кеңестік кезеңде Қобыландының есімі халық зердесінде тек эпостық-фольклорлық образ ретінде сақталғаны ғана мәлім. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін отандық тарихшы-ғалымдар Қобыланды халық ауыз әдебиетіндегі шартты түрдегі кейіпкер емес, нақты тарихи тұлға екенін дәлелдеп берді. Толыққанды әрі терең зерттеулер хас асылдың тарихи бітім-болмысы мен батырлық баянын нақты деректермен байыта түсуге септігін тигізді.

Жиренқопа жырақта емес, жүректе

Мұндай жауапты іске ең ал­дымен қозғау салған белгілі мем­­лекет және қоғам қайраткері, Ақ­төбе облысының бұрынғы әкі­мі Елеусін Сағындықов еке­нін ай­та кеткеннің де артық­шы­лығы жоқ. Сөйтіп, Қобылан­ды­­ның ғұмыр­баяндық дерегі мен батырлық жолы ғылыми-зерт­­теу жұмыстары арқылы ай­қындалғаннан кейін оның кіндік қаны тамған топы­рағы Жиренқопада келісті кешен тұрғызылып, мұнда барша түр­кі жұртының басын қос­қан дү­бірлі той өткізілгені де ұмы­ты­­ла қойған жоқ. Сондай-ақ осы ке­сененің ашылу рәсімі ке­­зін­де саңлақ суреткер Әбіш Ке­­кіл­­баевтың «Халқымыздың жауын­­герлік рухы мен батырлық болмысы – Қобыландыдан бас­та­лады» деген шындықпен суа­рылған салмақты сөзі де әлі күнге дейін ел-жұрттың жадында. Бұ­дан кейінгі кезеңде арада 15 жыл өткен соң Қобыланды ба­тыр­дың кесенесін жаңғырту жұ­мыс­тары жүргізілді. Бұған қоса оның жанынан қонақтар мен саяхатшыларға арналған үй салынды. Елбасы белгілеп берген «Ру­хани жаң­ғыру» бағдарламасын жү­­­­зеге асыру басталған кезде Қобыланды батырдың ме­мо­­риалдық кеше­ні жоғарыда айтылғандай, Қа­зақстанның кие­лі жерлері гео­графиясының қата­рына кіргені бөлек бір әңгіменің еншісі. Осындай киелі де тарихи то­пырақтың бүгінгі жай-күйі қан­дай деген сауал еріксіз туын­дай­ды. Биыл ақ­пан айының аяқ шенінде Ел­басы Нұрсұлтан Назар­­баевтың Жарлығымен Ақтө­бе облысының әкімі болып тағайындалған Оңда­сын Оразалин қазақтың қас батыры мәңгілік дамыл тапқан Жи­рен­қопа топырағына арнайы ба­рып, ел-жұрттың ұсыныс-тілек­теріне құлақ түргені олар­ды бір серпілтіп тастады. Ашы­ғын айтқанда емен-жарқын жүз­десу кезінде белгілі болғандай, мұнда өз шешімін күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес. Біріншіден, желдің өті мен жердің шетінде, шекаралық ай­мақ­та қоныс тепкен облыстың шалғай ауылдарының бірі екенін айтуға тиіспіз. Тарихи орын аудан­ орталығы Қобдадан 100 ша­қырым қашықтықта орналас­қан. Осы екі араны жалғайтын автожол құрылысы бұдан алты жыл бұрын басталса да әлі күнге дейін аяқталмай, созылып келеді екен. Яғни қазіргі кезде оның қалған 30 шақырымдық бөлігінің құрылысы жүргізілуде. Оның белгіленген уақытта аяқ­­талуының екіжақты пайдасы бар деп білеміз. Ең алдымен осы арқылы шалғай ауыл тұр­ғындарын аудан және облыс ор­талықтарымен жалғастыратын мүмкіндік туса, екіншіден сапалы жол Қобыланды батыр кесе­несіне келушілер мен саяхат­шылар санының өсе түсуіне де оң ықпалын тигізбек.

Тарихи мәні мен маңызы жо­ғ­ары шекаралық өңірде, әрі елі­міздің киелі орындары қатарына кір­гі­зілген қасиетті қоныста іш­кі көші-қон мәселелерін реттеу мен шешу ісінде де шешімін тап­паған мәселелер бар екені айқын байқалады. Соның басты бір көрінісі – Жиренқопа ауылында тұрғындар санының жылдан-жылға кеміп бара жатқаны деуге болады. Айталық, өткен жылы мұнда 630 тұрғын болса, биыл олардың саны 100 адамға кеміп кетіпті. Ауыл ақсақалдары оның басты себебін «көгілдір отынның» жоқтығымен, елдімекенге газ құ­быры тартылмағанымен тү­сін­­ді­реді. Әрине мәселенің бұ­­лай­ша қойылуы өте орынды. Атал­ған іс оңды шешімін та­­ба ма?­ Қазіргі күні бұған ай­қын жауап қайтарыла қойған жоқ. Өйткені өкілетті орган жетекшілерінің айтуы бойынша, Жиренқопаға газ өткізу үшін ең алдымен оның тиімділігі мен қаржылық қайтарымы мұқият сарапқа салынуға тиіс. Оны қар­жыландыру республикалық бюд­жеттің есебінен жүргізіле ме, жоқ әлде жергілікті бюджеттің құзырына кіре ме, әзірге мұн­дай сауалдардың ара-жігі де айқын­далмай отыр. Арнайы құрылған жұмыс тобы бұл үшін қажетті құ­жаттар тізбегін әзірлеп, ауыл тұр­ғын­дарын толғандырып жүр­ген мәселеге нақты жауап қайта­рады деген ойдамыз.

Біз жоғарыда ірі елдіме­кен­нің шекаралық аймақта орна­ласқанын айтқанбыз. Киелі орыннан небәрі 15 шақырым жерде «Жиренқопа-Перво­май­ское»­ ше­каралық бекеті­нің ор­­наласқаны – осы сөзіміздің басты айғағы. Бұл арадан жылына 7000-нан астам адам әрі-бері өтеді екен. Қыс кезінде екі­жақты қарым-қатынас сәл бәсеңдегенімен көк­­­тем шыға жүр­гіншілер қатары қай­тадан толығады, дейді №2030 әскери бөлімшесінің командирі Әкімжан Бакиев.

Журналистік іссапар барысында көзіміз жеткен тағы бір жәйт, шекаралық өткелдің екі жағындағы тұрғындар ежелден тума-туыс, құда-жекжат бо­лып кеткендігі. Олар бір-бірі­мен шақырыспай, араласып-құра­лас­пай тұра алмайтыны тағы да аян. Екіншіден, шекаралық бекет маңайындағы қарапайым тұрғындар күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерін осы маңай­дан сатып алып жүргені де бел­гілі. Мысалы, шекаралық бекеттен облыс орталығы Ақтөбе 200 ша­­­қырым болса, Ресейдің Соль-Илецк қаласы небәрі 25 шақырым ғана. Мұндай жағ­дайда шекара бекетінің Қазақстан мен Ресей жағындағы қарапайым тұрғындар үшін тек аптаның жұма, сенбі және жексенбі күн­дері ғана ашық болуы аздық ете­рі анық. Бүгінде екі жақ­тағы тұрғындардың ортақ тілегі шекаралық бекет тәулік бойы тұрақты түрде ашық болса екен деген мәселеге ойысып отыр. Бір сөзбен айтқанда, ашық шекара көршілес екі өңір арасындағы ынтымақтастық пен тауар алмасу үдерістерін те­рең­дете түсуге және халықтың дип­ломатия қағи­­даттарының шең­берін одан әрі кеңейтуге сеп­тігін тигізбек.

Шекара аумағындағы тұр­ғын­­дар тілегі үкіметаралық ке­лі­сімдер арқылы оң шешімін тап­­са, қосымша қадағалау мен фи­тосанитарлық бақылау қызмет­терін орнықтыру ісі де жүйелі жолға қойылмақ. Сонымен бір­ге жаңа жұмыс орындарын ашу­ға да алғышарттар қаланбақ. Мұн­­дай жағымды жәйт бұған дейін де шекаралық қызметтің тә­жірибесіне тән болып келіпті. Осы­лайша оның қосалқы және ша­руашылық нысандарына 30 жергілікті тұрғын тұрақты жұ­мыс­қа қабылданған. Бүгінде бәрі алаңсыз еңбек етіп жүр. Сон­дықтан да «Жиренқопа-Перво­майское» шекаралық бекетінде жаңа байланыстар мен қарым-қаты­настардың көкжиегі одан әрі кеңейе түседі деуге то­лық сенім бар.

Қазақстанның киелі жерлер гео­графиясынан орын алған Қо­бы­ланды батыр мемориалдық кешенінің және осы ауылдағы Жиренқопа ауылының бүгінгі жай-күйі осындай. Оның облыс орталығынан жырақтау жер­де орналасқаны рас. Әрине бұл тек тап-таза жағрафиялық тұр­­ғыдағы түсінік десек, оның қашан да кө­ңіл­дің көгінде, жү­ректің төрін­де тұратынында еш­қандай шек жоқ.


Ақтөбе облысы,

Қобда ауданы,

Жиренқопа ауылы

 

Суретте: Қобыланды батыр кесенесінің сыртқы көрінісі