Президент • 13 Маусым, 2019

Әлеуметтік әділеттілік әспеттелмек

538 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Әлеуметтік әділеттілік әспеттелмек

Жақсы дәстүр жалғасады

Бүгін Қазақстан тарихында жаңа парақ ашылды. Президентті ұлықтау рәсімі өтіп, Мемлекет басшысы ресми түрді қызметіне кірісті. Бұл – бәріміз үшін қуанышты жағдай. Халқымызды осынау үлкен  мерекемен құттықтаймын! Президентіміз кіріспе сөзінде маңызды 10 бағытқа тоқталып өтті. Оның барлығы бұған дейінгі бағдарламалардың жалғасын табатынын білдіре­ді. Бұл – сабақтастық. Айтыл­ған мәселелердің бар­лығы ха­лықтың әл-ауқатын жақ­сарту­ға бағытталған. Жақында болатын Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралып, үлкен бағдарлама қабылданатын болды. Президентіміз ғасыр дертіне айналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті де айтып өтті. Білім саласына да үлкен көңіл бөлініп отыр. Ерекше атап айтатын жайт – мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеретін заңның қабылдануы. Президент айт­қан қолжетімді медицина ауыл­да да, қалада да денсаулық сақтау ұйымдарының жүйе­лі жұмысы дегенді білдіреді. Жаңа Президенттің басты ұстанымы – жастар.  Болашақ – жастардың қолында. Жас­тар­ды әр салаға араластыру да маңызды. Осыған сай тапсырмалар да берілмек. Менің ойымша, Қазақстанның болаша­ғы зор.

 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

Парламент Сенатының депутаты

 

Әлеуметтік әділеттілік әспеттелмек

Біріншіден, сайлау өтті. Халыққа салса да, қалыпқа салса да Nur Otan пар­тиясы өз биігінен көрінді. Ха­лық­қа салса деп отырғаным, жалпы осы халықтың мүддесімен, осы көпшіліктің мәселесімен айна­лы­сатын партия – осы партия. Сон­дық­­­тан Nur Otan партиясының же­ңісі бүкіл халықтың жеңісі де­ген­ді көпшіліктің көкейіндегі мә­се­лелер енді дұрыс шешім табады деген сеніммен айтып жатырмыз. Міне, осы үшін сайлауда біз өз канди­даты­мызға дауыс бердік.

Ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Кемелұлы «елдің мүддесін қорғау – менің басты мақсатым» деп айтты. Елдің мүддесі деген сөз – Қа­зақ­стан азаматының әрқайсысының мүддесі. Соның ішінде «жастар­ды сая­си көзқарастары мен ұстаным­дары бо­йынша бөлуге жол бермеймін» деп айтты. Бұл өте маңызды. «Бөлінгенді бөрі жейді». Елге жаны ашитын патриот адам өзінің саяси немесе бас­қа да ұсыныстарын елді біріктіруге ба­ғыттайды. Күні кеше сайлауда ай­қын басымдықпен жеңіске жеткен­нен кейін де  «Төрт жарым мың ұсы­ныс келіп түсті. Бұл ұсыныстардың бар­лығын сараптап, әр ұсынысқа өте мұқият қарау керек, бұл басқару ор­­ган­­­дарының, әкімшіліктердің, қо­ғам­­­дық ұйымдардың бәрінің міндеті. Бұ­лар­дың барлығына үн қату, жауап беру керек» деді Президент.

Әсіресе әділеттілік мәселесін өте қатты айтып жүр. Әлеуметтік әді­­лет­­­тілік саясат деген бар. Мы­салы, Рим империясының өзі нан жет­­­пе­­­ген­­діктен емес, нанды әділ бөл­­­ме­­­ген­діктен құлағанын тарихтан бі­л­еміз. Әділдік, адалдық деген ұғым­­­дар барлық салада болсын де­­ген­ді де қадап айтты. Тағы бір қуа­­нар­­­лығы, ол кісі «Рухани жаң­ғы­ру» бағ­­дар­ламасын негізінен жас ұр­пақ­ты тәрбиелеуге арнауымыз ке­рек деп отыр. Шындығында, осы руха­ни жаң­ғы­руды даңғазадан таза­лап, жас­тар­ды тәрбиелейтін құрал ре­тін­де пай­да­лансақ жақсы болар еді. Мемл­е­кет басшысының осы мәселені қадап айт­қаны менің көңілімнен шықты.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі

 

Өзара түсіністік өрістейді

Қазақстан Республика­сының Ата заңы бойынша Президенттің құқығы мен міндеті айқындалып көрсетілген. Оның ішінде ішкі саясатпен қатар, мем­лекеттің сыртқы саясаты да аса маңызға ие. Пре­зи­денттің әрбір сөзі мен ісі халық­аралық сарапшылар тара­пынан қызығушылық туды­рып, шетелдіктер тарапы назардан тыс жібер­мейді. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың білімі мен біліктілігі, тәжірбиесі аса жоғары екенін айта кет­­кен жөн. Тәуелсіздік жыл­­дарынан бастап Қазақ­станның сыртқы имиджін қалыптастыру жолында да айтарлықтай үлес қосты.

Президентті ұлықтау рә­сі­мінде бүгінгі қоғам­ның назарына іліккен мәсе­ле­лердің бірі – билік пен ха­лықтың байланы­сы. Мем­лекет тарапы­нан жаса­лып жат­қан жұмыс­тар­дың бар­лығынан ел азаматтары хабардар болып, соның ішінде өз орнын табуға, қажетін алуға, саяси сауаттылығын арт­тырып, құқығын қор­ғауға бейімделуі тиіс. Осы мақсатта Президент ұсын­ған бастамалар бүгінгі қоғам үшін аса қажеттілік танытуда. Қоғам мен билік бай­ланысы артса, өзара түсініс­тік қалыптасады. Қан­дай да бір туындаған мәселенің екі ұшын екі көзқараспен емес, бір ойдан шығатындай кеңесіп шешуге жасалған қадам дер едік. Президент­тің бас­тамалары ең алдымен халықтың жағдайын жақсартуға, әлеуметтік са­ланың әлеуетін дамытуға бағытталып отыр. Бұл – қуан­тарлық іс. 

 

Марат БАШИМОВ,

Еуропалық құқық және адам құқықтары жөніндегі сараптамалық институт директоры


Басымдықтарды айқындап берді

Бұған дейін сайлауалды үгіт-насихат жүргізу барысында Nur Otan партиясы атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің бағдарламасын таныстырып, ел келешегінің жарқын болуы үшін басым бағыттарды айқындап берген болатын. Әрине, Тәуел­­сіздік жылдарынан бері Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүр­гізген сарабдал саясатының жалғасы ретінде әлеуметтік-экономикалық негізге бағыт­талған стратегиялық бағ­дар­ламалардың алдағы уақытта да әрі қарай жалғасын табатыны ант беру рәсімінде айтылды.

Сонымен қатар Прези­дент бүгінгі өзекті мәселелердің де оң шешім табатынын, әр қазақстандықтың мүддесін қорғайтынын, кадрлық резерв жасалатынын айтып өтті. Оның ішінде Елбасының биылғы жылды Жастар жылы деп атауы, соның негізінде еліміздегі жас буынның жаңаша серпін алып, бағыт-бағдарын айқындауға басымдық берілетіні де орынды әрі аса қажет бастама деген пікірдемін. Мемлекет басшысының дәл қазіргі ал­мағайып заманда, ға­лам­дық экономиканың сан құ­былған кезеңінде, алпауыт дер­жа­ва­лардың сауда соғысына тап болып тұрған шақта ел бірлігі мен тұтастығы аса маңызды еке­нін айтуы орынды әрі шынайы пікір деп есептеймін.

Нұржан ӘЛТАЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты