Арбадағы биден ел біріншілігі мен би спортынан «Еуразия-2019» халықаралық турниріне 26 жұп қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен Жайық жағасына жиналған өнерпаздардың мүмкіндіктері шектеулі болғанымен, сахнаға шыққандағы шабытты шақтары көрерменге айрықша әсер етті.
Ерекше додаға арнайы келген қонақтар қатарында қостанайлық Аруна Жақсығұлова да болды. «Үміт-Надежда» қоғамдық қорын құрып, елімізде алғашқылардың бірі болып «Арбадағы би» жобасын бастаған Аруна Жақсығұлова қамкөңіл жандарға би өнерінің қыр-сырын үйретіп жүр. «Әртүрлі тағдырды бастан кешкен бізді біріктіретін бір нәрсе бар, ол – арбадағы өмір. Әрине пандустардың талапқа сай еместігі, арбаның қымбаттығы секілді мәселелер аз емес. Бірақ бізге одан да зор әсер ететіні – көңіл, қоршаған ортаның назары. Қоғамдағы белсенділігімізді арттырғымыз келеді. Осы ретте бидің маңызы ерекше, адамдармен араласамыз, көпшіліктің ортасында болған кезде көңіл күйіміз де көтеріледі», дейді А.Жақсығұлова.
Атырауда өткен айрықша шараны «Аэлита» би клубы ұйымдастырды. Оның негізін қалаушылар – облыстық спорттық билер федерациясының жетекшілері Лидия, Нұрлан Мұқановтар. Екі күнге созылған байқаудың жүлдегерлері қатарында Есболат Балбаев пен Айсұлтан Қайырлының есімдері аталды. Сондай-ақ Сәбина Қасымова, Малика Мұқтарова, Михаил Бычковский, Владислав Сахно, Даниял Цыхлер, Александр Чашин, Роман Литвинов, Есет Дәрібаев, Талғат Аманбеков, Асылбек Қапарбаев, Оксана Лим, Мақсат Сәрсенбаевтар жүлделі орындарды еншілеп, жоғары нәтиже көрсетті.
– Осындай шаралар арқылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалтуға, қоғамға бейімдеуге болады. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Кедергісіз келешек» бағдарламасының маңызы зор, – дейді ұйымдастырушы Лидия Мұқанова.
АТЫРАУ