Спорт • 13 Маусым, 2019

Қазақ күресінің Еуропадағы шеруі

550 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Польшаның оңтүстік-ба­тысында орын тепкен ірі тарихи-мәдени, өнер­кә­сіп орталық­тары­ның бірі – Вроцлав қала­сында Қазақ күресінен ІІ Еуропа біріншілігі өтті.

Қазақ күресінің Еуропадағы шеруі

Қазақ күресінен биылғы кәрі құрлық додасы Қазақ күресінің халықаралық федерациясының бастамасымен, Вроцлав қала­сы президенті мен Қазақ­станның Польшадағы елші­лігінің қол­дауымен маусым айының 7-8 күндері өткізілді.

Жыл сайын қазақ күресіне қызығушылардың саны арта түскендігі анық байқалады. Са­лыстырмалы түрде алар болсақ, өткен жылғы Батумидегі Еу­ропа біріншілігіне 21 елден 80-нен астам балуан қатысқан болса, Вроцлавта 25 елден 110-нан астам спортшылар қа­­ты­с­ты. Оның үстіне, біріншіліктің Еуропаның орта­лығында ор­наласқан поляк жерінде бай­рағын көтеруі еуро­палық спорт­шылардың келуін едәуір жеңілдеткен.

Жарыс Қазақстанның Поль­шадағы елшісі Марғұлан Бай­мұхан және Қазақ күресінің еуропалық федерациясының прези­денті Карен Арутюнян мыр­залардың құттықтау сөзде­рімен ашылды.

Елші өз сөзінде біріншіліктің вроцлавтықтар мен қала қо­нақ­тарына жақсы көңіл күй сый­лайтындығына үміт арта отыра, даңқты балуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасұлының осыдан бір ғасыр бұрын поляк жеріндегі жарыстарға ұдайы қатысып, француз күресінен поляктың танымал балуандары Францишек Бентковский және Станислав Цыганевичпен белдескендігін атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған Карен Арутюнян мырза жыл өткен сайын қазақ күресін Еуропа жұртшылығы танып-біле бас­тағандығын сөз етіп, жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық жұмыстары үшін поляк тарапына алғысын білдіріп, ба­луан­дарға сәттілік тіледі.

Екі күнге ұласқан жарыс сегіз салмақ дәрежесі және қо­ры­тынды түйе балуанды анық­тау бойынша өткізілді.

Қалалықтар мен турис­тер бі­ріншілікті еркін тамашалауы үшін шаһардың тарихи бөлігіндегі «Płac Wolności» («Бостандық ала­ңы») арнайы таңдап алынды. Ұйым­дас­тырушылардың сөзінше, он­да­ғы мақсат халықтың қазақ­тың ұлттық спортын еркін жә­не тікелей тамашалауына, тиісінше, мәдениетіміз бен дәс­түрімізден хабардар болуы­на мүмкіндік жасау болатын.

Қатысушы мемлекеттердің басым көпшілігінде қазақ күре­сінен ел біріншіліктері өткізіліп, жеңіске жеткен тәжірибелі балуандары жіберілгендіктен, жарыс өте тартысты жағдайда өтті. Әсіресе сегіз салмақ дәре­жесі бойынша финалға өткен балуандар жарыстың көрігін қыздыра түсті.

Финалға кәсіби маман­дар­дың үлкен тобы төре­шілік етті. Жарыс жұмысына «Қа­зақстан барыстары» Ұлан Рыс­құл мен Бейбіт Ыстыбаевтың қа­­тысуы доданың ұлттық коло­ри­тін қа­нық ете түскендігі сөзсіз.

Біріншілік барысында ба­луандардың ана тіліміздегі күреске қатысты «баста», «тоқ­та», «ескерту» сынды сөздерін қаты­сушылардың бірден түсі­ніп, қолма-қол орындап жатқан­дығына куә болдық. Осы орайда спортшылардың қазақ күре­сінің ережелерін жақсы меңгергенін де аңғардық.

Өте тартысты өткен финалда сында сегіз салмақ дәре­же­сі бо­йынша келесідей жеңім­паз­дар анықталды:

55 кило – Гаспар Хайрапетян (Армения);

60 кило – Ираклий Купатадзе (Грузия);

66 кило – Торнике Наглиаш­вили (Грузия);

74 кило – Роберт Габрелян (Армения);

82 кило – Арам Григорян (Ресей);

90 кило – Юрий Чикалов (Ресей);

100 кило – Игор Джежанов­ский (Польша);

+100 кило – Мечаюс Игнас (Литва).

«Түйе балуан» атағы үшін болған белдесулер ерекше қы­зық­ты өрбіп, көпшіліктің шы­найы ықыласына бөленді. Жа­сы қырықты алқымдаған әзербайжандық танымал балуан Эльхан Раджабли өзінің барлық жас қарсыластарын жеңіп, фи­налға жолдама алды. Алай­да Эльханның жеңісті жолын фи­налда салмағы өзінен әлде­қайда ауыр жас грузин алыбы – Георгий Закариадзе тоқ­татып, «Түйе балуан» атанды.

Жарыс қорытындысы бо­йынша әнұрандары көп орын­далған елдер қатарынан Гру­зия, Ресей және Армения табылды. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен бағалы сый­лықтар табысталды.

Марапаттау рәсімінен ке­йін бірқатар жеңімпаздармен сұхбаттасып, алған әсерлерімен бөліскен болатынбыз.

Игор Джежановский, қа­зақ күресінен Еуропа чемпионы:

– Бойымды қуаныш кернеп тұр. Қазақ күресі әдіспен қа­тар дене күшін де қажет ететін спорт түрі. Бұл тұрғыда мен ба­­бымда болдым деп айта ала­мын. Жалпы, жарыстың ұйым­дастырылу барысы маған өте ұнады. Алдағы уақытта қа­зақ кү­ресінен бұдан да биік дең­гей­лерден көрінуге күш саламын.

Георгий Закариадзе, қазақ күресінен Еуропа чемпионы:

– Бүгінгі қол жеткізген жеңі­сіме ерекше қуаныштымын. Ма­ған қазақ күресінен белдесулер өте ұнады. Күрес барысында қол­даған поляк көрермендеріне үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінгі жарысты осындай жо­ғары деңгейде өткізген ұйым­дастырушыларға рахмет!

Бартоломей Заменский, қа­зақ күресінен Польша құ­ра­­масының бапкері:

– Қазақ күресінен екінші Еуропа біріншілігінің біз­дің Вроцлав қаласында өткізілген­дігіне өте қуанышты­мыз. Осы жарыста бір алтын, үш қо­ла медалді еншіледік. Әри­не біздегі қазақ күресінің даму барысын Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Қа­зақстанда қазақ күресі ұлт­тық спорт түрі болса, бізде ол ен­ді қолға алынуда. Жуырда Вроц­лав қаласында қазақ күресі бойынша спорт клубын ашпақпыз. Бұл орайда қазақ тарапының қолдауына иеміз. Ал келешекте осындай клубтарды Польшаның барлық ірі қалаларында ашу ойымызда бар.

Жандос ӘУЕЛБЕКҰЛЫ,

арнайы «Egemen Qazaqstan»

үшін

Польша Республикасы,

Вроцлав қаласы