Қазақстан • 13 Маусым, 2019

СІМ қызметі жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті

292 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде министрліктің қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің жаңа құрамдағы бірінші отырысы өтті. Отырыс барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман Қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланды. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

СІМ қызметі жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Кеңес отырысына қатысқан ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде мемлекеттік саясатты іске асырудағы қоғамның рөлін арттырудың маңыздылығын ерекше атап өткендігіне баса назар аударды.

«Мемлекет азаматтық қоғамды дамытуға зор көңіл бөлетін болады.  Сондықтан біз үшін Кеңес мүшелерінің аса өзекті мәселелерді талқылауға белсенді атсалысып, Сыртқы істер министрлігі қабылдайтын шешімдерге сараптамалық баға беруі өте маңызды», - деді Министр.

Отырыс күн тәртібіне сәйкес ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев шетелдік инвестициялар тарту және қазақстандық тауарлардың экспортын ілгерілету салаларындағы ҚР СІМ қызметінің жаңа басымдықтары жөнінде баяндама жасады.

Баяндамада 2018 жылы тартылған инвестициялар бойынша көрсеткіштер туралы толық ақпарат ұсынылды. Атап айтқанда тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 15,8%-ға өсіп, 24,3 млрд. АҚШ долларын құрады. 2019 жылғы қаңтар-сәуірде негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 6,7%-ға өсіп, 2,9 трлн. теңгені құрады. Олардың ішінде сыртқы инвестициялар негізгі капиталға құйылған инвестициялар жалпы көлемінің 36%-ын (1,05 трлн теңге) құрайды.

Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыс жөнінде айта келе Е.Көшербаев сыртқы саяси ведомствоның инвесторлардың ақпараттық-консультациялық көмекке ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ететін және жобаларды бастапқы кезеңнен толық іске асыруға дейін сүйемелдеудің бірыңғай алаңы болатын фронт-кеңселер құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқандығын атап өтті.

Министрдің орынбасары ҚР шет елдердегі мекемелері инвестициялар тарту жүйесін жетілдіру жөніндегі дамыған елдердің үздік тәжірибелерін және ЭЫДҰ ұсынымдарын ескере отырып, жаңа тәсілдерді анықтау бағытында шетелде бірқатар іс-шаралар жүргізіп жатқандығын да тілге тиек етті.

Сыртқы істер министрлігінің сыртқы экспортты жылжытудағы рөліне қатысты Е. Көшербаев СІМ жанында құрылған практикалық шараларды әзірлеуге және жедел түрде ақпарат алмасуға бағытталған шикізаттық емес экспортты жылжыту мәселелері бойынша арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс істейтінін айтты.

Азаматтық қоғам тарапынан шетелдік инвестицияларды тарту туралы «Қазақстанның Интернет Ассоциациясы» ЗТҰ президенті Шавкат Сабиров баяндама жасады. Сарапшы өз баяндамасында Қазақстандағы экспорттық ресімдеуге назар аударып, оларды жеңілдетуге қатысты бірқатар ұсыныстар жасады.

Бұдан әрі Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының жаңа тұжырымдамасы» атты тақырыптағы баяндамасы тыңдалды. Ол отырысқа қатысушыларға құжаттың жаңа редакциясы бойынша жүргізілген жұмыс жөнінде айтып берді.

Министрдің орынбасары Қазақстанның алдағы уақытта да әлемнің барлық мемлекеттерімен тең әріптестік қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған сыртқы саяси бағыт жүргізетінін атап өтті. Бұл тезис ҚР Президенті Қ.-Ж.Тоқаевтың ұлықтау сөзінде Қазақстанның еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап берген конструктивті, теңдестірілген, көпвекторлы сыртқы саяси бағытты жалғастырады деп айтқан позициясымен толық үйлеседі.

«Тұжырымдаманың мазмұнында Елбасы мен Мемлекет басшысының сыртқы саясаттың экономикалық бағытын күшейту жөніндегі тапсырмалары ескерілген... Онда цифрлы трансформация, «жасыл технологияларды» дамыту, «жұмсақ күшті» кеңінен қолдану сияқты жаһандық трендтер көрініс тапты. Құжатқа халықаралық қатынастардың бітімгершілік және медиаторлық сияқты жаңа нысандар енгізілген», - деді Р.Василенко.

Министр орынбасарының айтуынша, мүдделі органдармен келісілгеннен кейін мәтін көпшіліктің талқылауына салу мақсатында СІМ веб-сайтына орналастырылған.

Пікірталас барысында Кеңес мүшелері инвестициялық ахуалды жақсарту, шетелдік капиталды тартудағы ҚР СІМ жұмысын жандандыру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтып, сыртқы саясаттың жаңа тұжырымдамасының жобасына қатысты конструктивті талқылау жүргізді.

ҚР СІМ қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы 2019 жылдың күзіне жоспарланған.