Аймақтар • 13 Маусым, 2019

Қарағандыда сотталғандардың көрме-байқауы басталды

286 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жыл сайын сотталған азаматтардың шығармашылық жұмыстарының көрмесін ұйымдастырады. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Үміт-2019» көрме-байқауы кезекті маусымын бастады.

Қарағандыда сотталғандардың көрме-байқауы басталды

«Қарағандыға 85 жыл» атты тақырып аясында өткен шарада картина, қолданбалы өнер бұйымдарынан тұратын 70-тен астам шығармашылық туынды келушілер назарына ұсынылды.

– Аталған шара сотталған азаматтарға өз талантын көрсетуге  мүмкіндік береді. Байқау нәтижесі бойынша алты жүлделі орын анықталады. Үздік деп танылған туындылардың авторларына сыйлықтар табыс етіледі, – деді ҚАЖК департаментінің бөлім бастығы, әділет майоры Еркебұлан Қарғалтаев. 

Көрме төрінен орын алған шығармашылық туындылар арқылы әлдебір себептермен бостандығынан айырылған азаматтар өздерінің ойлары мен өмір туралы көзқарастарын және айналадағы әлемге деген қарым-қатынасын танытуға тырысқан.

– Осындай көрме-байқаулардың тәрбиелік маңызы зор. Өнер адасқан адамның түзу жолға түсуіне көмектеседі. Жыл өткен сайын бұл көрмеге деген қызығушылық артып келеді. Авторлар түрлі техникаларды қолданып, әртүрлі материалдармен жұмыс істейді. Мұнда кәсіби студияларда қолданылмайтын заттар іске жаратылады. Мысалы, көмірден жасалған мүсіннің өзі бір керемет. Сонымен қатар, авторлардың арасында бояуларды өздері жасайтындары да бар. Материалдарды дайындауының өзі олардың өнермен айналысқысы келетінін көрсетеді. Мұндағы әрбір туынды өз әлінше ерекшелікке ұмтылған, – дейді өнертанушы, қазылар алқасының мұшесі Наталья Иванина.

«Үміт-2019» көрме-байқауының қорытындысы бойынша «Станок өнері», «Қолданбалы өнер», «Көркемсурет және графика» аталымдары бойынша үздік деп танылған жұмыстар қарттар үйіне тапсырылады. 


        

Қарағанды облысы