Берлиндегі халықаралық Наурыз мейрамы
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:28
Берлиннің Мемлекеттік этнологиялық мұражайында Қазақстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Пәкстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия және Өзбекстан елшіліктері бірге ұйымдастырған Наурыз мейрамы өтті, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:28
Берлиннің Мемлекеттік этнологиялық мұражайында Қазақстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Пәкстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия және Өзбекстан елшіліктері бірге ұйымдастырған Наурыз мейрамы өтті, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Көктемгі мерекені тойлауға 1000-ға жуық қонақ қатысты, олардың ішінде Федералдық үкімет пен Бундестаг өкілдері, қоғамдық-саяси және іскерлік құрылымдар қызметкерлері, дипломатиялық корпус мүшелері, сондай-ақ, сараптамалық және журналистік топтар болды.
Наурыз мейрамын мерекелеу ерекшеліктері туралы жарқын әңгімелеумен қатар, салтанат аясында қонақтарға халқымыздың қайталанбас өнерпаздығы мен бай мәдени мұрасын сіңірген бірегей ұлттық киімдер мен әшекейлер, тұрмыс заттары мен бұйымдар, өнегелі салт-дәстүр паш етілді.
Шығыс қонақжайлығы дәстүрлері өрісінде ғаламат аспаздық сауық ұйымдастырылып, оның барысында мереке меймандары әйгілі халық тағамдары сырларын зерделеуге мүмкіндік алды, шеберлікпен әзірленген ұлттық тамақтың дәмін лайықты деңгейде бағалады.
Салтанатты шара шеңберінде дәстүрлі мерекелі концерт өткізіліп, оның аясында он елдің орындаушылары мен фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері талғампаз көрермендерге өздерінің өнерлерін ұсынды.
Ұлы Абай шығармалары негізіндегі қазақ әуендері мен әндерінің жарқын гаммасы, сондай-ақ, «Жар-жар» ұлттық үйлену салтының сахналандырылған қойылымы көктем мейрамының өзіндік шуақты безендірілуіне айналды.
Қонақтарға Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясына, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрменің өткізілуіне, сондай-ақ, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналған материалдар топтамасы табыс етілді.
Шара 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп белгілеп, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2010 жылы қабылдаған қарардың іске асырылуына қосылған нақты үлес болды. Аталған қарарда БҰҰ-ға мүше мемлекеттер халықтары арасында рухани келісімді, достық пен бейбітшілікті нығайту мақсатында осы ежелгі мереке туралы ілімдер таратуға күш салу керектігі нақтыланған болатын.