Сұхбат • 14 Маусым, 2019

«Данаяны» қайта «тірілткен» қазақ

879 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Есім сойы қазақ кескіндемесіндегі жаңа реализмнің жарқын өкілі ретінде жұртшылыққа жақсы таныс Жұмақын Қайрамбаев қылқалам дейтін құдіреттің құпиясын шебер меңгерген дәулетияр дарын иесі. Қадымнан қалған қазақы нақышты заманауи талғаммен үйлесімді үндестірген суретшінің қаламынан тамған туындылар Ресей, Германия, Аустрия, Бельгия, Италия, Венгрия, АҚШ, Жапония, Түркия елдерінің мұражайларын тегіс шарлады. Автордың жеті бірдей іргелі шығармасы Қазақстан Президентінің резиденциясына қойылған. Дегдар өнердің терең діңінен нәр алып, өнегелі өмірін ұстаздық жолмен ұштастырған туындыгермен сурет өнері турасында әңгіме өрбіткен едік.

«Данаяны» қайта «тірілткен» қазақ

Біздегі қалталы азаматтар да Еуропа елдеріндегі секілді өнер туындыларын жақсы бағалай бастады. Әзірге, өзімнің ең қымбатқа сатылған картинам 45 мың $, орташа баға дегендері 20-25 мың долларға саудаланған кезі болды. Көрмелерге келушілер саны да бұрынғыға қарағанда едәуір артып келеді.



– Әлемге әйгілі Мике­ланд­же­ло шәкіртіңіз болсам деп ал­дына келген сурет­шіден ең алдымен арманың не деп сұ­рай­тын көрінеді. Осы сұ­рақ­ты ке­зекті талапкерге қойғанда ба­лаң жігіт: «Микеланджело се­кілді, яғни сіз сияқты суретші бо­луды арман­дай­мын» деген екен. Сонда ұлы дарын: «мен ке­зінде құдай болуды армандадым, бірақ бола алмадым. Ал сен «мен» болуды армандасаң сенен суретші шықпайды», деп қай­тарып жібер­ген деседі. Өнер өлкесінде өзіне тән өрнегі бар өздеріңіз сияқты аға буын шә­кірт­терге осындай талап қоя ала ма?

 – Осыдан 500-600 жыл бұрын айтылған осындай дүниелер бізге аңыз ретінде жетіп отыр. Десе де әр дәуірдің өз үні бар. Бі­рақ ешқашан бұлжымайтын бір қа­ғи­да – адамды алға жетелейтін оның ұлы армандары. Бұл жерде Микеланджело адамның өресін ең бірінші талантымен емес, арманының асқақтығымен өлшеп тұр. Кезінде Гагарин ғарышты бағындырғанда бәрі­міз түгел ғарышкер болғымыз келді. Осы бала қиял талайларды үлкен өмір­ге қанаттандырды. Өзін көкті тілген ғарыш­керге балаған қан­ша­ма бала Гага­рин болмаса да, өмірде өзіне талап қоя алатын жауа­пкершілігі зор азамат болып қалыптасты. Ауылға ақын-жазушылар келе қалса жақсы ырымға жорып, бала­сы­ның аузына түкіртіп, отырған жеріне аунатып алатын қазақ үшін арман мен үміт өмірге талпындыратын айбынды күш.

Сұрағыңа нақтырақ ойысайын. Шә­кі­рт тәрбиелеп жүр­ген­дік­тен алды­мыз­ға сандаған талапкер келеді. Ішінде қала­ның да, даланың да баласы бар. Мен анық аңғарған бір нәрсе пендені арман биігіне алып шығатын өскен ортасы, туған табиғаты. Мәселен, қалада өскен балалардың көп­ші­лігі ауыл, табиғат деген дүние­лер­ді психологиялық тұрғыдан компьютер сияқты қабылдайды. Ақпа­рат­қа бай болғанымен, сезімге жұтаң. Ауылдан кел­ген­де­рінен бірдеңе сұрасаң суреттеп айтып береді. «Біздің үйдің арғы жағында кішкентай дөң бар еді. Соның шетінде әкемнің інісі тұрады. Өрістен келе жатқан малды сол төбенің басына шығып күтетінбіз. Сол маңнан күннің батқаны тамаша көрінеді» деген секілді әңгімелерінің өзін бейнелі, әсерлі етіп жеткізеді. Мұның артында сезім жатыр. Мұны айтып отырғаным, шала-шарпы сурет салып бізге ауыл-аймақтан келген шәкірттер екі жылдан кейін түрлі студия бітірген, сурет мектебін аяқ­та­ған қалалық балаларды басып озады. Әңгіме қайда жатыр? Олар өнердің бұлағына су­сап келеді. Екі жылдан кейін айтарыңды көзіңнен-ақ танып, қас-қабағыңнан ұғып тұрады.

Мен шәкірттеріме өмір бойы сендер­ді Құдай адам қылып жаратты ма, адам қалыптарыңда қалыңдар, ең алды­мен адам болыңдар, деген сөзді айтып келемін. Адамның жануардан айыр­ма­шылығы біз көргенімізді ой­мен қоры­тып, келесімізге сөз­бен жеткізе аламыз. Ол көр­ме­­се де соны ұғады, түсі­не­ді, сезінеді. Алғашқы сауалыңа берер жауа­бым­ның түйіні осы.

– Қастеев: «мен сурет салуды таудың бұ­лағынан, қойдың құлағынан, ешкі­нің мүйізінен, анамның киізінен үй­рен­­дім» дейді емес пе? Алғашқы бас­тау­ды қайдан алдыңыз, өнерден өзі­­ңіз­ді қаншалықты таба алдым деп ой­­лайсыз?

– Мен қойшының баласымын. Кө­зім­ді ашқалы көргенім дала, тау, аспан. Сылдырап аққан сұлу өзен. Қы­тайда жүргенде әкем коммунаның сиырын бақты. Сырты ақталған там үйде тұрамыз. Самаурынның шоғын алып керегеге түрлі сурет саламын. Үлкендердің айтуынша, әкемнің атқа мініп сиыр айдап бара жатқанын салсам керек. Бірақ, нақты есімде жоқ. Бір есімде қалғаны күйемен сурет сала беріп аппақ керегенің қара түске боялғаны. Ол кезде Қытайда күзде өскен кендірді қатты бағалайтын. Қабығын сыпырып алып кез келген дүкенге апарсаң, салмағын өлшеп қарымына заттай тауар беретін. Шешем екеуміз бір жолы бір бума кендір өткізіп, 2-3 дәптер, 5-6 түрлі бояу қарындаш, өшіргіш алғанымыз бар. Шимайлап жүріп бірдеңелерді ұқсата бастадым. Әкем шаруа адамы болса да эпостық жыр-дастандарды жатқа айтатын. Сыбызғы тартатын. Мал жайғап болған соң ауыл адамдары дастарқан басына жиылады. Әкем «Алпамыс», «Қобыланды» дастандарын нақышына келтіріп орындайды. Қайғылы тұсына келгенде кемпірлер жылайтын. Бәрі көз алдымда. Осының бәрін көріп, бойыма сіңіріп ержеттім. Мектепте бүкіл сыныптағылардың сурет сабағындағы тапсырмасын салып беретінмін. Мұғалімдер тарапынан да өтініштер айтылатын. Сөйтіп жүргенімізде мектебімізге суретші ағай келді. Менің бойымдағы өнерге деген құштарлығымды байқап бағыт-бағдар берді. Осылайша, арман арқалап Алматыға аттандым. 1975 жылы Алма­ты­­­дағы суретшілік училищесін тәмам­да­ға­нымда, бойымдағы өнерімнің өріс­­теуін қалаған ұстаздарым саған оқу керек деді. Өзін кә­дім­­гі шебер сезініп жүр­ген ба­лаң көңіл, оқығаны қалай, мен дап-дайын суретші емеспін бе деп бұлқынғаным да күні кеше сияқты еді. Ленинградтағы И.Репин атындағы сурет академия­сына қабылданып, өнерге деген көзім ашылды. Міне, дәл осылай сурет дейтұғын тылсым әлемнің соңына түстім. Ал өнерден өз орнымды алған-алмағанымды болашақ айта жатар. Тәубе, осы уақытқа дейін жазған-сызған дүниелерім лайықты бағасын алды. Талантты өсіретін де, өші­ре­­тін де халық. Халық дұрыс баға беріп жатса, бекер өмір сүрмегеніміз шығар.

Қылқаламды серік еткен қа­зақ бала­сы­ның есімі сонау 1980-жылдары И.Репин атын­да­ғы көркемсурет акаде­мия­сында оқып жүрген шағынан-ақ бүкілодақ­тық өнерсүйер қа­уым­ға мәшһүр болды. Оған себеп Қайрамбаев оқу орны қабырға­сын­да жүргенде Эрмитаж­дағы жаһан­дық жауһар Рембрандтың «Даная» картинасының көшір­ме­сін жазған. Кейін әйгілі туындыны әлдекімдер кислород шашып зақымдаған тұста, кә­сі­би қайта жаңартушылар ұлы картинаны қал­пына келтіруде академия қорында сақ­тал­ған Қай­рамбаевтың қолтаңбасына жү­гінген. Кезінде «Данаяның» дәл кө­шір­месін әрбір деталына дейін айнытпай кейіптегені үшін оқу ордасының ректоры Еремеев бастаған өнер жанашырлары қазақ баласына алғысын жаудырды. Белгілі суретші Бейбіт Әсемқұл бұл туралы: «Әйгілі Рембрандтың «Данаясы» екінші рет дүниеге қазақ сурет­шісінің арқасында келді. Сол үшін Қай­рамбаевты бағалайық. Бәрі білсін, әлем естісін! Ол дара талант» – деп тебірене жазғаны бар.

– Суретшілік ізденіспен қалып­та­­сатын қасиет пе, жоқ әлде анасы туып, Алласы бермеген адамнан мың жер­ден тыраш­танса да «мегаталант» шық­­пай ма? Жалпы нағыз талант­ты қа­лай тануға болады?

– Егер Құдай талант берген болса, ол саған сыйға тартыл­ған жеңілдік. Еңбектенсең бұл қасиет сені жылдам алып жү­реді. Жылдам сезесің, шы­ғар­маңның шешімін жылдам таба­сың. Ал кейбіреулерде жоға­ры­дан дарыған сезгіштік қасиет болмағанымен, еңбек­қор келеді. Қадалған жерінен қан алады. Ізденеді, жанын, барын салады. Тап қазір академия қабырғасындағы шебер­ханамда тәлім алып жатқан сегіз шәкір­тім бар. Солардың ішіндегі кейбірі шеберханадан күні-түні шықпайды. Сағат­тап салғанын қайта өшіріп, басынан бейнелеп, оны да сан қырып тастап, тынымсыз еңбектенеді. Кейде тіпті оларды аяп кетіп, айналайын-ау, бір шешімге келсеңші деп айтатын кездерім болады. Осындай жанкешті талапкерлер соңғы курсты бітірерде нағыз шебер болып шыға келеді.

Бір байқағаным, талантты азамат­тар­дың көпшілігі жал­қау. Оған бір дәл­ел айтайын. Бұрын­дары менен тәлім алған бір студентім бар еді. Бір күні қара­сам бір адамды салып, бәтіңкесінің бауын байлап қойыпты. Өмірі өзімнің де қолымнан келмеген мына жұмысты көріп таң-тамаша қалдым. Суретте бәтің­кенің бауын байлап қою дегенді кө­зі­­ңізге елестетіңіз. Тұп-тура тірі көрі­­ніс секілді бейнелеген. Сол кезде бар болғаны бірінші курстың студенті. Мық­ты талантты жігіт. Бірақ жамбасында жалқаулығы бар. «Салатыныңды ертерек салып бітірсеңші, диплом қорғау жақындап келеді» десем, «ой, аға, бәрібір менен артық ешкім сала алмайды, ертең келіп бітіре салам» дейді. Қалжыңдап: «ей, ертең келіп бітіре салатын құдай­сың ба, қаламыңды кенепке тигіз­бесең қайдан саласың» деп қағы­та­тынмын. Айтқанымдай-ақ, дип­ломдық жұмысын қорғайтын кезде соңғылардың бірі болды. Сонда өкпелеп: «ей, бірінші курс­та бәтіңкенің бауын байлап бәрімізді таңғалдырып едің, мынауың не» десем: «ой аға, көңіл күйім жоқ, шабытым келмейді» дегенді айтады. Шабытым жоқ деген бос сөз. Еңбектенсең ғана ісің өнеді. Қысқасы, құдайдан талант берілген адамнан да, бойындағы сәл ғана ұшқынды дамытып, еңбектенген жаннан да шебер суретші шығады. Сурет­шілік маған ата-бабамнан дарыған деп жүре берсең талант­тың да бір күні таусылатынын ұмытпаған жөн.

– Қазіргі қоғамның сурет өне­ріне де­ген талғам-танымы қа­лыптасты деп айта аламыз ба? Мәдениетті баға­лау­ды қан­­ша­лықты игердік? Жалпы бү­гін­гі қазақ сурет өнерінің бәсі қай дең­гейде?

– Қазақтың бейнелеу өнерінің тарихы тым әріде жатыр. Біз шетелдерден оқып келген суретші балаларды таң­балы тасқа апарамыз. Сонау тас ғасырында тасқа басылған дүниелер әлі тұр. Мән-мағынасына зер салсаң қаптаған мал, найза ұстаған атты адамдар, тіршілік тынысынан көрініс беретін түрлі бейнелер. Олар мұны болашаққа жеткізу үшін салды. Қарап отырып, қандай асқан шеберлікпен кейіптеген деп қайран қаласың. Шет мемлекеттерге барғанда кешегі импрессионизм деп атал­ған өнер кезеңін көкке көтерген дү­ние­лердің өзегі қазақтың кәдімгі киізі, сырмағы екенін көріп таңғаласыз. Он­дай дүниелер бізде де бар. Тек соны түрлі түстермен әлденелерді жапсырып, үйлестіре білген. Көршілеріміз тамақты таяқпен шұқып отырғанда, бабаларымыз қасықпен тамақ ішкен. Мұның өзі үлкен өнер, ғажайып мәдениет. Көшпелі халықтардың киіз үйінің қасиетін, пайдасын бүкіл әлем мойындады. Қыста жылы, жазда салқын, оңай құрылады, оңай жығылады. Жерімізден табылған «Алтын адамдағы» жылқылар мен ба­рыс­­тарға қолдан құйылған алтын бұ­ран­­даларға қазіргі соңғы технологиямен құйылған ту­ын­дылар жете алмай отыр. Бұл халқымыздың мәдениеті әлдеқашан тереңдеп кеткенін аңғартады.

 Бізде суреттің деңгейін кө­бі­не-көп оның сапасы емес, тұтынушының талғамы шешеді. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін Суретшілер академиясын аша алмай келеміз. Театр, музыка, сурет бәрі топтасқан өнер ұжымының құ­ра­­­­­­­­­­­­­­­­мындамыз. Суретшілер көп сөйлей бермейді, тыныштықты сүйеді. Осы орайда оларды жеке-дара баулитын оқу ордасы бой көтерсе деген арманымыз да жоқ емес. Дегенмен, шүкір деп айтқан да дұрыс шығар. Біздегі қалталы азаматтар да Еуропа елдеріндегі секілді өнер туындыларын жақсы бағалай бастады. Әзірге, өзімнің ең қымбатқа сатылған картинам 45 мың $, орташа баға дегендері 20-25 мың долларға саудаланған кезі болды. Көрмелерге келушілер саны да бұрынғыға қарағанда едәуір артып келеді. Егемендік алған жылдарда қазақ кескіндеме өнерінде суретшілер ұлттық көркем мектепті жоғары деңгейге көтерді. Талантты суретшілеріміз көп. Бүгінде Қазақстан Сурет­ші­лер одағы­ның 700-ден астам мүшесі бар. Өнерінің арқа­сында әжептәуір табыс тауып отыр­ған қылқалам шеберлері де жоқ емес.

Ұлттық романтизм бағы­тын­да­ғы кескіндемелік дүниелер қазақ бейнелеу өнерінде айрықша мәнге ие. Әлдекім салған іздерге әуес­тенбей өзіне тән жазу мәнерін қа­лыптастырған Қайрамбаев қол­таң­басы адам ойын тұңғиық тереңге тартады. Өнер иесінің «Көшпенділер жайлы жыр» кар­тинасына көз суарсаңыз, спектакль тамашалап отырғандай күй кешесіз. Уақыт тынысын тап басқан тарихи шығарма көрерменін дәл сол кезеңге, дәп сол мекенге иіріп әкеткендей әсерге қалдыратыны бар.

– Көптеген жас сурет­ші­лер­мен әңгі­ме­лесу барысында реализм мен сюрелизмнен, академизмнен алшақтай алмай жатырмыз. Еуропа елде­рін­дегі сияқты жаңалыққа, жаңа­шылдыққа, жаңа деңгейге көте­ріліп, өмірдің жаңа бейне­сін өнер арқылы ашуға тыры­суы­мыз керек дегеніне не айта­сыз?

– Академизмнен алшақтай алмай отырмыз дейтін суретшілерді тежеп отырған ешкім жоқ. Ерік өздерінде. Қолынан келсе жасасын. Таңғалдырсын. Ешкім түсініп болмайтын ши­май-шатпаққа бой алдыра беру қаншалықты маңызды. Шы­ғар­ма­ның айтар ойы, арқалайтын жүгі, философиялық мәні болуы шарт. Жапонияның белгілі авангардисі осыдан 5-6 жыл бұрын «мен бәлен көшедегі 25 қабат үйдің төбесінде тұрып, тротуардағы қалбырға дәл шаптырамын. Оның бағасы бәлен тұрады» деп ғаламторға жар салды. Соны көруге келген адамдар көшеге сыймай кеткен. Осыған байланысты бір орыс суретшісінің: «мен мына әйелді түсінем, оған ақша керек, бірақ осы еріккен істі тамашалауға жиналғандарды түсінбеймін» деп айтқаны бар. Егер сондай көрермен таба алсаң, жолың ашық. Өйткені тапсырыс болмаса тағы болмайды. Тапсырыс берушілердің басым бөлігі реалистер. Біреу әкесінің, біреу анасының, енді біреу туған жерінің суретін салғызғысы келеді. Немесе жанына жақын тиген дүниені сатып алады. Негізі біздің кесте, текеметтеріміз нағыз авангард. Олар нақты бір ойды бермесе де, ата-бабаларымыз жасаған кезде әрбірінің жеке атауы болған. Қазір оның бәрі ұмытылды. Батыстағылар біздің текемет, түскиіздерімізге қарап түрлі дүниелер жасап жатыр. Ал біз өзіміздің құндылығымызды елемей, басқалардың қаңсығын таңсық қылғымыз келеді.

– Ұлт тарихынан ойып тұ­рып орын алатын арғысы «Абы­­лай хан», бергісі «Жам­был» сынды бірқатар тұлға­лар­дың портретін кескіндедіңіз. Олар­дың болмыс-бітімін, міне­зін, қасиет қалыбын ашып, ішкі дүниесін қаншалықты ақта­ра алдым деп ойлайсыз?

– Егемендік алып еңсе тік­те­ген тұста болашағымызға қазық, ұрпағымызға азық болатын тұлға­ларымыздың бей­не­сін қа­лып­тастыру қажет болды. Өйт­­­кені ұлттың ұлт екенін көр­се­тетін оның байлығы емес, тарихты жа­сайтын саңлақтары. Осы мақсатта бір­қатар ізденіс жасадық. Кеңес өкіметі құлап, қа­быр­ғалардан Лениннің порт­ре­ті алынып тасталғанда, бола­шақ­қа бағдар, халқымызға айбар болатын хандарымыздың бейнесін салу керек еді. Сол тұста Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың: «Қазақтың мем­ле­кет­тігін сақтап қалған Абылайдай ханы бар. Сол кісінің образы керек» деген бір ауыз сөзі жазушылар мен тарихшыларды, ақындар мен суретшілерді бір мақсатқа жұмылдырды. Қаламгерлеріміздің бірі Франция, әлде Германия еліне барғанда, сол жердің тарихшысы мынау Абылай хан деп жазылып тұр. Сендердің хандарың болар деп бір сурет табыстаған. Ол замандарда ашық айтылмағанымен қазақтың бәрі Абылай деген хан өткенін жақсы білген. Бәлкім, әлгіні сол кездерде ел аралаған саяхатшылардың бірі салған болуы керек. Абылай хан болмысын кейіптегенде осы дерекке көбірек сүйендім. Бірақ онда бабамыздың түрі сәл еуропалыққа көбірек ұқсап кеткендей көрінді. Осы түп­нұсқаны қаз-қалпында алып, қазақы рең бердім. Ақыл­дас­тар алқасы менің салған нұсқамды лайықты деп тапты. Осылайша, Абылай ханның алғашқы бейнесін жасау менің бағыма бұйырды. Қазір қарап отырсақ, батырларымыздың бәрі бірдей болып кетті. Бәріне дуылға кигізіп, атқа мінгізіп, қолдарына қалқан мен қылыш ұстатып қойдық. Әйтеуір, мынау Бөгенбай, анау Қабанбай деп айта береміз. Арнайы комиссия құрып түбінде мұны бір ізге түсіруіміз қажет.

Шығармашылық жолымда Кенесары, Абай, Ясауи, Жалаири, Райымбек, Мұқағали, Жамбыл сияқты, тағы басқа тарихи тұлғалардың бейнесін қал-қадерімнің жеткенінше кейіп­тедім. Соның ішінде Кене­сары бейнесін салудың қыс­қаша тарихын айтайын. Шота Уәлиханов ағамыз Кенесары туралы жазылған 11 түрлі материал әкеліп тапсырды. Соларды саралап отырып барлық деректерде бір адам туралы айтылғанына көз жеткіздім. Кейіннен тікелей ұрпақтарының біразымен тілдесіп, ақыры Ауыл шаруашылығы институтында сабақ беретін бір әйелдің образына тоқтадым. Өйткен себебім, ол кісімен жолыққанда, мен танысқан құжаттардағы Кенесары көзіме оттай басыла кетті. Сол кісінің жанарынан от алып, Кенесары ханды кейіптедім. Кейіннен неге Кенесарының сақалы сарғыш деген тұрпаттағы түрлі әңгіме айтылды. Бізге жеткен саяхатшылардың жазбаларында «борода огненный» деп жазылған. Осыны негізге алдым. Тарихтан алшақтауға болмайды. Бұл адамдар артына өшпес із қалдырып кеткен қазақтың бір­туарлары. Олай болса, бұ­ған үлкен жауапкершілікпен келу керек. Салған суретіңнің ұқсағандығы емес, маңыздысы оның образын беру, характерін ашу. Бояуларды бір-бірімен үндестіре отырып ұлы философ пен талантты ақынның, қайсар батырдың болмысын ақта­руға тырыстым. Мұндай нәзік жұмыстарда қылқалам иесі­нің шығармашылық түйсігі болмаса қиын.

Суретшінің «Жолаушы» атты шы­ғар­­масында бір-бірімен үнемі таласып-тартысып жүретін адам дейтін бейбағыңыз өмір деген ұлы бекеттің жай ғана жолаушысы екенін ескертеді. Жолыңда жарқын із, шұғылалы шуақ қалмаса кешкен тіршілігіңнің баянсызын баяндайды. Кенеп бетін көмкерген сан алуан бояулар замана келбетін адамдары арқылы ашуға тырысады. «Өмір қасіретке толы екенін де білемін... Бірақ мен жарық пен үйлесімнің жарасымын іздеп келем. Менің шығармашылығым үмітке бағышталған» дейтін су­ретші үміттің құлан иек құла таңынан күдер үзбеуге үн­дей­тін­дей.

Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмақын Қайрамбаевтың шәкірттері бейнелеу өнеріне жаңаша серпін әкелген шоқтығы биік таланттар шоғырына айналды. Да­ланың рухы мен бабаның ғұр­пын іздесеңіз, Қайрамбаевтың қолтаң­ба­сына сіз де бір қайырылып көріңіз.

 

 Әңгімелескен Арман ОКТЯБРЬ,

 «Egemen Qazaqstan»