Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Зерендідегі зерделі еңбек

572 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күнде бар шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіп иелері Тілеуовтер бірер жыл бұрын Зеренді ауылына көшіп келгенде ең алдымен өздері табиғи, таза азық тұтынбақ болып, жалғыз сиыр сатып алған екен. Үйдің жанында тоқымдай жерге қияр еккен. Көп-көрім өнім беріпті. Ал тәбет шақыратын таза сүтке көршілердің көңілі ауған. Бүгінде жергілікті межемен мөлшерлегенде тәуір табыс тауып отырған «Даир Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғашқы қадамын ауылдастарының сұранысына орай осылай бастапты.

Зерендідегі зерделі еңбек

Жалғыз сиыр қырыққа жеткен. Қазір сүт, қаймағын ауылдастары таңсәріден талап алады. Тоқымдай жердегі жылыжай 0,7 гек­тарға ұлғайыпты. Аумағы атшаптырым жылыжайдың ішінде қияр самсап тұр. Үзіліп алы­нып, тұтынушының ақ дас­тар­қа­нына жетіп жатыр. Өңір­де қат көкөністі қылтиып көктеген соң құлағынан тартып шы­ғар­ған­дай ыждағаттылықпен өнімді жұмыс жүріп жатыр.

– Қазір қалалық жерде таби­ғи таза өнім қасқалдақтың қа­нын­дай тапшы болып кетті ғой, – дейді серіктестіктің қар­жы жөніндегі орынбасары Қарлығаш Тілеуова, – біз алдымен осыны ескердік. Тұтынушы іздеп ешқайда сабылған жоқпыз, құлақ­танған жұрттың өзі келіп жатыр. Аудан орталығындағы 25 дүкен­мен келісімшарт жасадық. Өнім­ді өндіру бір бөлек те, өткі­зу де өзекті мәселе ғой. Бұл орай­да бізге аудан әкімдігі көп кө­мек көрсетіп отыр. Өткен күз­де жер­гі­лікті кәсіпкерлердің өнім­де­рін насихаттаған үлкен іс-шара ұйымдастырылды. Сол жерде жарнама жасалды. Ісіміздің алға басуына осындай қамқорлықтар себепші болып отыр.

Жылыжайға наурыз айының ба­сында қияр егіп тастаған екен. Тамшылата суарылады. Ал тыңайтқышқа ешқандай хи­мия­лық заттар қолданбайды, бәрі табиғи. Көңді, қайыңның күлін пайдаланады.

– Бапталған өнімнің өзі бел­гілі болып тұрады ғой. Алғаш­қы­да қиярымызды алып әлдебір дүкенге бардық, әріптес болайық деген ұсынысымызды айттық, – дейді серіктестік басшысы Нұр­лан Дайырұлы, – сатушы ке­ліншек қазақтың қияр еге бі­ле­ті­ніне күдіктенген тәрізді. Кесіп көрсеттік. Сөлі ағып тұр, ал хош иісі дүкеннің ішін алып кетті. Содан кейін дүкен иелері өздері келе бастады.

Қазір серіктестік 10 адамға тұ­рақты жұмыс беріп отыр. Жұ­мыс­шылардың еңбекақылары 110-115 мың теңге шамасында. Аудан орталығы үшін тәп-тәуір жалақы.

Ырыс та ұмтылғанға үйі­рі­ле­ді-ау. Алғашқы жылы өнім көлемі онша көп болмаған. Былтыр 15 тонна қияр өндіріпті. Биылғы меже – 20 тонна. Ерте көктемде сол­түстікте қияр бағасы түсе қой­майды. Өйткені дәл осындай жылыжай салып жұмыла жұмыс істеп жатқандар жоққа тән. Жаз ортасында бірер ай баға тө­мендегенімен, қоңыр күзде қайта шарықтап кетеді. Қазір се­ріктестік сауда орындарына қияр­дың килосын 350 теңгеден тап­сырады екен. Көкшетаудың орта­лық базарында да өнімдерін сататын орындары бар.

Қазір салы суға кетіп, жұмыс жоқ деп сылтау айтатындар көп.  Зеренділік кәсіп­керлердің қияр егіп, қаймақ был­ғап отырған ісін соларға үлгі болу үшін айтқымыз келді.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы