Қоғам • 14 Маусым, 2019

Бүлдіру оңай, бүтіндеу қиын

1814 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүлік немесе ел ішінде болатын берекесіздіктен сақтану жайлы қасиетті Құран мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінде нақты нұсқаулар бар. Жалпы адам баласы барда қандай да бір бүліктің болмай қалуы мүмкін емес. Бүліктің пайда болатыны жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде айтып кеткен. Сондықтан да болуы мүмкін бүліктен сақтану, оған әзір болу пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінен болып табылады. Ол үшін алдымен – білім, ақыл, хикмет (даналық), дұрыс амал, сабыр, ыждағат керек.

Бүлдіру оңай, бүтіндеу қиын

Имам Әл-Бұхари сахих хадистер жинағы­ның «Фитна кітабы» атты тарауында: Алла тағаланың «Сендерден тек залымдарға ғана кесірі тиіп қалмайтын бүліктен (фитнадан) сақтаныңдар» («Әнфәл» сүресі, аят-25) деген аятын және пайғамбарымыздың мына бір сахих хадисін «Сендер мен көріп тұрғанды көре аласыңдар ма?! Мен сендердің үйлеріңнің арасында жаңбыр сияқты бүлік-фитна жүргенін көріп тұрмын» дегенін келтіреді. (Бұхари, Мүслим)

Имам Науауи бұл хадисті тәпсірлегенде: бүлікті жаңбырмен теңеу – оның көпті қамтитынын білдіреді, яғни оның кесірі адамдардың барлығына тиеді, ешбір қауымды бүлік-кесел айналып өтпейді, деп түсіндірген. Сол сияқты имам Әбу Даудтың хадистер жинағында пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Ең бақытты адам – бүлік шыққанда оған қосылмай аман қалған және Алланың сынағына шыдаған адам» деген сөзін риуаят етіпті. Кез келген аурудың алдын алып емделу жақсы екенін әрбір саналы адам түсінеді. Сол сияқты, бүлікті басталған соң сақтанудан оның алдын алған әлдеқайда артық.

Осы орайда, сахаба-халиб Омар ибн әл-Хаттаб (р.а): «Надандықты көріп (бүлікті) одан ғибрат алмаған адамның исламы түйіршік-түйіршік болып жойылып кетеді» деп айтқан.

Жалпы мұсылман ғалымдары бүліктің зияны жайлы былай дейді:

1. Адамдарды қызықтырады. Имам Ибн Хазм: «Бүліктің гүлі ешқашан жеміс бер­мейді» деген. Яғни, бүлік басталғанда гүл сияқты алдамшы кейіпте адамдарды қызық­тырып өзіне тартып тұрады. Һәм шайтан бүлікті адамдарға жақсылықтың нышаны сияқ­ты көрсетіп, бұл іс болашақта көп жеміс беретіндей үміттендіреді. Бірақ бүлік-фитна ешқашан жеміс бермейді.

2. Ақыл-есті кетіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Ақыл-есті кетіретін бүліктер (фитналар) келеді. Ол келгенде бірде-бір ақыл-есі дұрыс адам таба алмай қаласыңдар» деген хадисі бар. Осы хадисті риуаят еткен Хузайфа (р.а): «Арақ-шарап бүлік сияқты мас қылмайды, бүлікке мас болу одан да қатты ақыл-есті кетіреді» деп тәпсірлеген. Және ол: кімде-кім харамды халал деп, ал халалды харам дейтін болса, ол адамның бүлікке (фитнаға) ұрынғаны, деген.

3. Жаппай жояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан хадис-қиссада: «Бір қауым кемеге мінеді. Жартысы үстіңгі қабатта қалады да ал екінші жартысы төменге түседі. Кеменің түбіндегілер шөлдеген сайын үстін­дегілерден барып су сұрап мазаларын алады. Жоғарыдағылар ренжіп су бермей қояды. Кеменің түбіндегілер: «Кеменің астында су бар емес пе, мына жерді тесейік те, аналарды мазаламай, суды емін-еркін ішіп отыра берейік» дейді. Сөйтіп біреуі айбалтамен кеменің түп ағашын шаба бастайды. Егер де, бұл ақымақты еркіне қалдырса, барлығы құриды, ал тоқтатса, барлығы құтылады».(Бұхари, Термези, Ахмад). Осы хадисті тәпсірлеген Нұғман ибн Башир: «Бүлікшілер кеменің астыңғы қабатындағы адамдар сияқты, олардың қолындағы балтаны алыңдар» дейді.

Ал қазір адамдар тілімен, саяси таяздығымен, надандығымен, әсіре ұлтшылдығымен айбалтадан да қатты зиян келтіріп жатыр. Оның себебінен: татулық, береке, ынтымақ жойылуы мүмкін. Себебі жалған үрей адамдарға күмән салады, жақсы ниеттерінен қайтарады, достарды араздастырады және күнәға итермелейді. Сөйте тұра осындай бүлікке ұрынған пенделер – ниетім жақсы, ұлтымның қамы, қазақтың болашағы деп ақталады һәм солай ойлайды. Бірақ олар кеменің баяғыда тесіліп қалғанын түсінбейді. Кез келген амалды істемес бұрын адам ниетін дұрыстап, ақыретке деген пайдасы мен зиянын өлшеу керек. Жалпы, демократия дегенге елітіп, кеменің бүлінуіне еркіндік беруге болмайды.

Алда-жалда бүлік басталып кетсе ақылы бар адамдардың өзі оларды тоқтата алмайды. Сондықтан да Алла тағала: «Сендерден тек залымдарға ғана кесірі тиіп қалмайтын бүліктен (фитнадан) сақтаныңдар» («Әнфәл» сүресі, аят-25) деп ақылы бар адам баласына үкім еткен.

Атам қазақ «төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп бекер айтпаған. Бүлдіру оңай, бүтіндеу қиын!

Алданып қалма, ағайын!