Руханият • 14 Маусым, 2019

Мерейі тасыған отбасы

525 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Отбасылық суреттердің әрқайсысына ерекше бір сүйіспеншілікпен үңілген Төлеген ақсақал көкейдегі сауалымызды ұғынғандай, біздерге жылы шыраймен бұрылып, әңгімесін әріден бастады.

Мерейі тасыған отбасы

«Сонау бір жылдарда ауылда өскен әрқайсысымыз тағдырлас едік. Майданға кеткен әкенің орнын қайсар аналар басып, үйдің де, түздің де тірлігін бір кісідей атқарды. Сондай ауыртпалықты жылдарда бала тәрбиесі назардан тыс қалмады. Аналарымыздың, еңбекке жарап қалған бауырларымыздың арқасында қанатымыз қатайып, шыңдалып, бүгінгі күнге жеттік. Әке алақанының жылуын, мейірімін көрмей өскен біздер сол жылуды, мейірімді жанарындағы жасын жаулығымен бүркей жүріп, белін бекем буған, қиындыққа мойымай өсірген аналарымыздан алдық. Әкем Әбдіқалық майданға аттанғанда жасқа толар-толмас кезім екен. Әпкем Жұмакүл, бауырым Семетай үшеуіміз балалықтың кермек дәмін тата жүріп, оқып жетілдік, анамызға қолқанат болдық»,- дейді Төлеген Әбдіқалықов.

Бүгінде үлкен шаңырақтың ұйытқысы болып отырған Төлеген ақсақал балаларын да тірлік тауқыметіне мойымауға, адал еңбекпен жетістікке жетуге баулығандығын айтады. Әр баласының өскені, білім алып, еңбек еткен жылдардағы қызығы мен қуанышы қатар өрілген сәттеріне тоқталып өтті. Бүгінде екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, он үш  немере сүйіп отырған ардақты ата мен әженің тұңғыштары Әділет мемлекеттік қызметте болса, Саматы мен Гүлзира, Лаура қыздары  кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Ал үйдің кенжесі Дана есеп маманы. Немерелеріне үлкен аталары жайында ғибратты әңгімелерін айтып отыратын Төлеген ақсақалды кеуде түпкірінде бұғып жатқан әкеге деген сағыныш Ресей  жерімен де табыстырды. ҚР Қорғаныс министрлігіне іздеу сала жүріп, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Серпухов  қаласы маңында жерленген Әбдіхалық Толғабаевтың рухына балалары, немерелері  тағзым етіп, рухына құран бағыштап қайтты.

Сонау 60-жылдардың аяғында Талғар қаласында табысып, отбасын көтерген Төлеген Әбдіхалықов пен Айгүл Төсекбаева Райымбек ауданының Абай колхозында еңбек етіп, ауылдың өсіп-өркендеуінің куәсі болған жандар. Қатардағы механизаторлықтан бастап, еңбек жолын ауыл шаруашылығына бір кісідей арнаған Төлеген ағамыз әрдайым білімін жетілдіріп, еңбеккерлер үшін біліктілік сабақтарын жүргізіп, кәсіптік білім игеруге атсалысты. Ал жетпісінші жылдардың соңын ала Алматы маңына арнайы жолдамамен ат басын тіреген отбасы Қарағайлы ауылының өркендеуіне үлес қосып, осы өңірде өсіп-өнді. Бас инженер, колхоз басшылығындағы жылдар әрине үлкен өмірлік тәжірибенің мектебіндей еді. «Тұлпар» мердігерлік ұйымын жолға қойып, ауыл азаматтарымен қоян-қолтық шағын өлкенің тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы өркендеуін де көз алдынан өткерді. Ал колхоз тарап, ел елең-алаң күй кеше бастаған тұста кәсіпкерліктің әліппесін игерген Әбдіхалықовтар халыққа қызмет көрсету қызметін жолға қойды.

Он екі жыл ауданда  балалар дәрігері болып еңбек еткен Айгүл апайымыз бабаларының тәрбиесінде Айтықан әжелерінің еңбегі зор екендігін айтады. Дәрігерлік жұмыстан қол үзбей, бала тәрбиесіне алаңдамауына жағдай жасап отырған. «Енем сондай парасатты жан болды. Тіптен, мен ерке келін болдым-ау деймін. Қатарыңнан қалма деп, балаларды бағып-қағуды өз жауапкершілігіне алды. Алматы маңына көшіп келген кезде де бір жағымызға болысып, отбасының берекесін сақтап отырған анамыз еді. Соның арқасында болар балаларымыз үлкенге ізетті, кішіге мейірбан болып өсті» деп еске алады Айгүл апай.  «Бұл кісі ауылдың жедел жәрдемі сияқты болды ғой» деп әзіл-қалжыңымен әңгімеге ортақтасқан Төлеген ақсақалдың сөзін құп көрген тәжірибелі дәрігер-ана әңгімесін жалғап, кәсіби дәрігерліктің тәжірибемен келетіндігін айтады. Маман тапшы сол бір уақытта дерті жанына батқан талай жанның сауабын алып, әйел босандырып, бүгінде осы ауылдағы мейірбан жан ретінде зор құрметке бөленіп отыр. Әбдіхалықовтар отбасын бүгінде ауыл үлгі етеді. Биылғы жылы мамыр айында Алматыда өткен «Мерейлі отбасы» мәртебесіне лайық деп танылып, жеңімпаз отбасы атанды. Жарты ғасыр бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен әке мен шеше балаларын замануи шаруаға да икемдеп, зейнетке шықтық деп қол қусырып отырмай, отбасылық кәсіптің жүгін жеңілдетіп жүр. «Дәулетіне-дәулет қосылып, басына бақ қонды» деп құрметпен қарайтын шаңырақ бала тәрбиесінің бастауы еңбекте, өскелең ұрпаққа деген қамқорлықта деп біледі. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қамқор әке мен мейірімді ана елдің бірлігі мен тұщымды тірлігінің тілеушісі.