12 Сәуір, 2013

Алтау ала болса…

511 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Алтау ала болса…

Жұма, 12 сәуір 2013 1:37

«Жүрген аяққа жөргем ілігеді» дейді, ал журналист үшін өзге елдерге сапарлап бару, көзімен көргендерін көңілдеріне тоқып, саралап, салыстыра жүру нағыз олжа. Осы жолы Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Өзбекстанға жұмыс сапары мен Тәжікстанға ресми сапарына ақпараттық қолдау көрсету үшін жол тартудың сәті келген-тін.

 

Жұма, 12 сәуір 2013 1:37

«Жүрген аяққа жөргем ілігеді» дейді, ал журналист үшін өзге елдерге сапарлап бару, көзімен көргендерін көңілдеріне тоқып, саралап, салыстыра жүру нағыз олжа. Осы жолы Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Өзбекстанға жұмыс сапары мен Тәжікстанға ресми сапарына ақпараттық қолдау көрсету үшін жол тартудың сәті келген-тін.

Алғашқы атбасын тіреген жұрт – халқымызбен қашаннан «Базары да бір, мазары да бір» өзбек ағайындарымыздың астанасы Ташкент қаласы. Ташкенттің арғыдан бергіге жеткен тарихы туыстас екі халыққа ортақ. Өзбек топырағында Төле, Әйтеке би, Жалаңтөс баһадүр сынды бірі – Ташкентті, екіншісі – Самарқандты билеген бабаларымыз мәңгілік тыныстап жатыр. Сондықтан Самарқандқа барған қазақ баласы Сейітқұл қорымындағы Әйтеке би басына тәу етсе, Ташкентке келген қазақ Төле би баба басына соғып, құрмет көрсетуді парызы санайды.

Төле би қабірі Шайқантәуір зиратында Ұлы Моғол мемлекетінің негізін салып, Үндістанды билеген Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының қасында екен. Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, еліміздің Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бөрібай Жексембин баба басына арнайы барды. Өзбек ағайындар Шайқантәуір зиратындағы кешенді қазір Ислам институтына айналдырып, онда дінтанушы-теологтар даярлаумен айналысады екен. Төле баба кесенесінің ішіне де орындықтар қойылып, сабақ өткізілетіндей жағдай жасалыпты. Аумағы біраз жерді алып жатқан, бірнеше мазардан тұратын кешенді аралап көріп, бидің басында құран оқылып бет те сипалды.

Төле би кесенесінің үлгісі маңайындағы құрылыстардан ерекше көрінеді. Себебі, ол шатырлы және шошақ төбелі сәулет стилімен, яғни дала тұрғындарына тән ерекшелігімен менмұндалайды. Өзбектер Төле биді «Қарлығаш әулие» деп қадірлейді екен, ал сол жерде жүрген институт қызметкерлері Ташкентке Қазақстаннан келген адамдардың осы жерге арнайы соғып, зиярат етіп кететінін айтты. Елдің тұтастығын ойлап, әділдігімен қара қылды қақ жарған Би атаның артында қалған сөздері ғана емес, зираты да ұрпақтарын жақсылыққа бастап жатқандай көрінді.

Ташкентке жолы түскен әрбір адам өзінің қай елдің жеріне табаны тигенін бірден сезінеді. Мұндағы қарым-қатынас тілі – өзбек тілі. Славяндарың да, кәрістерің де, армяндарың мен жебірейлеріңнің де өзбек тілін білмейтіні жоқ. Кириллицаны ысырып, латын әрпін өз тілдерінде сөйлеткен өзбек ағайындардың енді бір құрметтейтін орны «Хаст Имам» орталығы екен. Үлкен кешендегі мешіт еңселі көрінді. Қақпасынан ауласына кіргеніңізде оюланған биік-биік колонналарға бірден көз түседі. Ертіп жүрген дін қызметкері бұлардың барлығы сандал ағаштары екенін,  оюларды шеберлердің қолдан ойғандығын, ал оның бетіне еш бояу түспей табиғи түрінде тұрғандығын айтты. Несін айтасыз, сандал ағашы бетіндегі өрнектерді адам қолынан шықты деудің өзіне ауыз бармайтындай көркем кестенің жүлгелері өте нәзік, оюдан өрілген әсем әуен дерсіз, керемет әсерге бөлейді.

«Хаст имам» кешені де бірнеше ғимараттан тұрады екен. Республикалық Діни басқармаға қарайтын осы кешенде имамдар даярлайтын жоо және медресе, ислам музейі, діни басқарманың кеңсесі мен кеңес заманында діни басқарманы басқарып, дүниеден озған имамдардың мазарлары да бар екен. Кешенді аралап жүрген халық та көп, соған қарағанда, бұл туристер келіп арнайы танысатын Ташкенттегі келісті орынның бірі ме деп ойладық. Мұндағы ең бір келушілерді қызықтыратын зат – үшінші халифа Османның өзі жаздырған қасиетті Құран кітабының ең көне делінген нұсқасы, Халифаның төгілген қаны жұққан дейтін осы киелі дүние «Хаст имам» кешенінің ортасындағы жеке мұражайда сақтаулы тұр. Бұл нұсқаны «османдық Құран» деп атайды екен. Қағаз емес, теріге жазылған бұл құранды кезінде Әмір Темір Басра қаласынан алдыртып, Самарқандта сақтапты. Музейге Құранның басқа да ежелгі көшірмелері мен әр тілдегі аудармалары қойылыпты.

«Хаст имам» кешенінің ішкі бай мазмұнына сай, сыртқы әсем көркіне мешіт айналасындағы құстар да ерекше көрік береді. Тырналар адамдардан қаймығатын емес, қайта қастарына барып суретке түскендері ұнағандай бастарын бұрып тұрып, объективке қарайды.

Ташкенттегі біз барған ендігі нысан – жаңадан салынып жатқан Қазақстан елшілігінің ғимараты. Еңселі, алыстан-ақ абаттанып көрінетін елшілік алдына болашақта Абай ескерткіші тұратын тастұғыр да орнатылып қойылыпты. Әдеттегідей, министрден ертерек барып, маңайды шолып жүргенімізде қасымызға екі өзбек әйелі келді. – Біз мына елшілік қасындағы үйде тұрамыз, сіздерге еден жууға аласыздар ма? – дейді. Жалпы, Өзбекстан халқының барлығына бірдей елден жұмыс табыла бермейді. Сондықтан әр үйден 1-2 адам жұмыс іздеп шекара асқанның өзінде тұтастай мигранттар қолы қалыптасады. Нәпақасын алыстан терген, өзге елдер үшін арзан жұмыс қолына айналған өзағаларымыз кешкен күй осындай. Біздің елшілік ғимаратын салушы компания қазақстандық болғанымен, құрылысшылары өзбектер екен.

 

*  *  *

«Біреуге қарап, пікір ет, біреуге қарап, шүкір ет» немесе «Алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген сөздер Тәжікстанға барғанда ойға еріксіз оралады. Алауыздықтың жеткен шегі – азамат соғысы болып, әбден титықтап, тұралаған тәжік жұртының бүгінгі тіршілігін айдарынан жел есіп тұр деп айта алмайсың. Әрине, халқымен тілдессең, бұрынғыға қарағанда шүкіршілік дейді, рас шығар, бірақ, сырттан қарағанда көзге ұратын таршылық қай саладан да көрінеді. Басқаны айтпағанда, Душанбедегі көп қабатты тұрғын үйлердің есіктерінің алдына орнатылған тандырлардың өзі біраз сырды аңғартқандай. Елде тауар қымбат, ал жалақы төмен, жоғарысы 80-100 доллар шамасында. Мәселен, тетрапакеттердегі 1 литр сүт біздің бағаммен 350 теңге шамасында. Нанды дүкеннен сатып алуды отбасы бюджеті көтермейтін болғандықтан, тұрғындар ұн сатып алып, оны даладағы пешке кезекке тұрып, пісіріп алады екен. Тәжікстанда біздің ұнымызды қатты қадірлейді. Нанымыздың сапасын жақсарту үшін өз ұнымызды сіздердің ұндарыңызбен араластырамыз, дейді бізбен әңгімелескен тәжік қыздары. Енді бір тәжік азаматы мен былтыр Қостанайға барып астық сатып алу жөнінде келісім жасап, екі вагон бидай әкелдім. Жолай Астанаға соқтым, қалаларыңыз керемет ұнады, қандай әдемі етіп салғансыздар, дейді. Тәжіктердің Қазақстан жетістіктеріне қызыға қарағандарының куәсі болып, өсіп қалдық.

Душанбе халқы қыстай тоңып шығады. Жылу жүйесі тек қаланың дәл ортасындағы шағын аумақта ғана істейді. Ал қалған бө­лігінде жылу, ыстық су жоқ. Бүгінгі Тәжік­стан­дағы ең бір өзекті мәселе – энергетикалық проблема. Душанбеде жарық тұрақты, ал өзге өңірлерде ол белгілі бір сағаттарда ғана берілетін көрінеді. Тіптен, күніне екі-ақ сағатқа ғана тоққа қосылатын елді мекендер бар дейді. Ал осы тығырықтан шығудың жолы Вахш өзенінде 335 метр биіктіктегі (планетадағы ең биік) су бөгеті–Рогун су электр стансасын (СЭС) салу дейді тәжік халқы да, үкіметі де. Алайда, оны салуға елдің ең жақын көршісі өзбектер қарсы. Олар мақта өсіруге қажетті су бөгет салынған күнде бізге жетпейді әрі сейсмикалық қаупі зор аймақта ондай құрылыс салу ақылға сыймайды деген уәжді алға тартады. Осылайша, бұл жерде трансшекаралық су мәселесі алға шықты.

Душанбеде өткен Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі үнқатысуға мүше мемлекеттердің 11-ші Сыртқы істер министрлері кеңесінде де көтерілген мәселенің бірі осы трансшекаралық өзендер жайы болды. Ерлан Ыдырысов өз сөзінде трансшекаралық су көздерін пайдалануда оның бастауында, орта ағысында немесе аяғында тұрған мемлекеттердің құқықтарының бірдей дәрежеде болуының маңыздылығын баса айтқан. Кеңестегі үзілісті пайдаланып, министрге осы бірнеше мемлекеттің шекарасын қиып өтетін өзендер мәселелерінің шешілу жолдары қалай деген сауал тастадық.

– Өзеннің басында тұрған елдер төменгі ағыстағылардың экономикалық тұрғыдағы қажеттіліктерін естен шығармауы, ал төмендегі елдер де бастауда тұрғандардың дұрыс бағытта дамуына жол ашатын жобаларына кедергі келтірмейтіндей саясат ұстанғаны жөн. Бұл орайда арнайы халықаралық конвенция бар, мәселен Хельсинкиде қабылданған конвенцияда оның қағидаттары көрсетілген. Сондықтан, өзен бойындағы елдер дөңгелек үстел басына отырып, қай тарапқа да зияны тимейтін, қайта пайда әкелетін жолдарын қарастырған келісімге келуі маңызды. Және ол ресурстардың бей-берекет пайдаланылмай, экологиялық қағидаттарды қатаң сақтауын, қай елді де экономикалық тұрғыдан қыспаққа түсірмеуді басшылыққа алу қажет. Біз ондай тетіктерді құрудың жолдарын қарастырудамыз. Айталық, Арал бойынша оны қорғаудың халықаралық қоры құрылды, оның төрағалығын былтыр біз атқарсақ, енді ол тізгінді Өзбекстан ұстайды. Жалпы, су проблемаларын қарастыруда бізде екіжақты тетіктер де құрылған. Трансшекаралық сулар жөніндегі мәселе тек Орталық Азия елдерімен ғана емес, Ресей, Қытай мемлекеттерімен де бар. Біздің ұстанымымыз мәселені шешуде қалыпты құқықтық негіз болуы тиіс. Ол үшін алдымен қай жақтың да үнқатысуға ұмтылысы маңызды, деген сыртқы саясат ведомствосының басшысы.

Қалай болғанда да бөгет салынып, Рогун ГЭС-інің іске қосылуы геосаяси үлкен мә­селеге айналып кеткен. Биылғы жыл Тә­жік үкіметі Рогун ГЭС-інің құрылысына қо­сымша 1 млрд. доллар немесе 210 млн. сомани (тәжіктің ұлттық валютасы) бөліп отыр. Оның сыртында 2009 жылы халықтан «ерікті» түрде жиналған (1 мың доллардан) 140 млн. еуро бар Тәжікстан үкіметі энергетикалық таршылықтан құтқаратын Рогун ГЭС-ін салуға кіріспек. Бір айта кетерлігі, Тәжікстанның болашақтағы ең басты көзірі – су ресурсы. Егер жер бетіндегі халық санының өсуі мен энергия көздеріне, суға деген сұраныстың артуын есепке алсақ, болашақта Тәжікстанның әлемдегі де, аймақтағы да рөлі биіктей түс­пек. Өйткені, бұл ел су қорына бай әлемдегі сегіздікке енеді. Алайда, қазіргі күні Тәжікстан сол әлеуетінің шамамен 5 пайызын ғана пайдаланып отыр. Рогун ГЭС-і салынса, Тәжікстан энергетикалық құрсаудан шығып қана қоймай, Ауғанстан, Пәкстан сынды жапсарлас жатқан елдерге өнімін сатып та пайдаға шығар еді. Ал әзірге Рогун ГЭС-і Өзбекстанға көзге шыққан сүйелдей көрінуде.

Жалпы, Тәжікстандағы қазіргі тыныштық­тың негізі елден тысқары жұмыс іздеп кеткен тәжіктерден түсетін трансфертке тікелей байланысты. Елдің 8 млн. халқы бар деп есептелсе, оның 2 млн.-ға жуығы еңбек мигранттары. Ішкі жалпы өнімнің 48 пайызы осы гастарбайтерлер аударған қаражаттан түсуде.

Иә, тәжіктер басындағы проблема шаш етек­тен. Әлеуметтік қиындықтардың бір парасы жоғарыда айтылған еңбек мигранттарына қатысты. Жұмыс іздеп айлап-жылдап шетте тұрған ер азаматтар сол жақта жүріп үйленіп, мұндағы отбасына хабарласуды да қойғандар қатары да жыл санап көбейе түсуде екен. Ал көп баламен тұрмыс таршылығын көрген әйелдер арасында өздеріне қол жұмсау да азаймай отырған көрінеді. Оның үстіне шетке кеткен азаматтың елге жұқпалы аурулармен оралуы да қалыпты жағдайға айналғандай. Соның салдарынан елде СПИД, яғни иммундық тапшылық вирусына шалдыққандар санының артуы байқалады. Ал елдегі медицина саласы олармен күресуге әлсіз, әрі адамдардың тексерілуге деген де құлықтары шамалы болса керек.

Тәжікстандағы ендігі бір халықтың аузында жүрген мәселе – жақын туыстардың үйленуіне қарсы заң жобасының қарастырылуы. Тәжіктерде екі ағайынды жігіттердің балалары түгіл, туған ағасының қызына үйлену таң емес. Қазіргі күні парламентте осы туыстас некеге тосқауыл қою мәселесі көтерілуде.

Әуежайда Тәжікстан парламенті төменгі палатасының вице-спикері Назира Гаффаровамен тілдесудің орайы келді. Ұлы мен келінін, немересін алып елдің солтүстігіндегі Ходжентке ұшып бара жатқан Назира Абдуллоқызынан осы мәселеге көзқарасын сұрадым. «Әрине, бұл бір күнде қалыптасқан дәстүр емес, тәжіктердің қандарын таза сақтаймыз деген ниетінен туған осы ұстанымнан бас тарту мәселесінің парламент қабырғасында көтерілгені рас. Қазір оны зерделеп, зерттейтін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жақында немерем туғанда перзентханаға келсем, келінім жанында салы суға кеткен бір жас ана жатыр. «Қызым, кішкентайыңның ғұмыры ұзақ болсын, қыз ба, ұл ма деп сұрасам», жанары жасқа толып, – «білмеймін» дейді. Сөйтсе, нәрестенің қай жынысқа жататыны белгісіз, әлгі қыз өз ағасына тұрмысқа шыққан екен. Сондықтан, қазір кесіп-пішіп айта алмаймын, заң жобасымен жұмыс тобы айналысып жатыр», дейді.

Бірақ, тәжіктердің ертеңгі күніне деген сенімдері кісі қызығарлықтай. Бұрынғыдан әлдеқайда жақсымыз, елде тыныштық болса, қиындықтарды жеңеміз деген тәжік бауырлардың сенімдеріне селкеу түспесе екен деген тілекпен елге аттандық.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА – ТАШКЕНТ –

ДУШАНБЕ – АСТАНА.

Соңғы жаңалықтар