Қазақстан • 15 Маусым, 2019

Көкшетаудың әлеуетін кәсіпорындары нығайтады

455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Ақмола облысында жұмыс сапарымен болды.

Көкшетаудың әлеуетін кәсіпорындары нығайтады

Сапар барысында Премьер-Министр алдымен «Қазақстандық Агро-Инновациялық Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Бұл кәсіпорында астықты аймақ үшін аса қажетті әртүрлі ауыл шаруашылығы техникалары жиналады. Қуатты техникалардың тіркемелері жергілікті жерде жасалады. Жобаның құны 4,7 миллиард теңге. 2016 жылы пайдалануға берілген кәсіпорынның әр жыл сайын 1500 дана техника шығаруға мүмкіндігі бар. Қазіргі күні кәсіпорын шығарған техникаларға еліміздің көптеген өңірлерінен сұраныс түсуде.

Премьер-Министр кәсіпорындағы алуан түрлі техника үлгілерімен танысып,  шетелдік ауыл шаруашылығының осы заманғы аса қуатты техникаларына бәсекелес бола алатын қабілет-қарымын бағамдады. Мұнан соң облыс орталығында салынып жатқан «Көкшетау» форум-орталығының құрылыс алаңында болды. «Ақ желкен» қонақ үй кешенінде болған кезінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев қаланың бас жобасына байланысты Қопа көлін жағалай салынатын заманауи құрылыс жоспарымен егжей-тегжейлі таныстырды. Көл жағалауы абаттандырылып, көпқабатты үйлермен қатар, әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсететін саналуан нысандар бой көтермек. Кенесары көшесінен бастау алатын кең даңғыл жағалауды жанай өтіп, Васильковка шағын ауданына дейін созылады. Бұл жоба қала көркін кіргізумен қатар, баспана мәселесін шешуге оң әсер етпек.

Жергілікті жерде өнім өндіру өте маңызды. Қаладағы «Два Кита» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жиһаз жасаумен айналысады. 2003 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын 2015 жылы осы заманғы озық технологиямен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жаңа құрал-жабдықтарын сатып алып, жаңғыру сатысынан өткен болатын. Бүгінгі күні кәсіпорынның бұйымдары өз елімізде және Ресейдің сауда нүктелерінде сұранысқа ие.

Мұнан соң Премьер-Министр Асқар Мамин «Камаз-Инжиниринг» акционерлік қоғамында  болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Еліміздегі көлік шығару өндірісіне қомақты үлес қосып отырған кәсіпорынның жылдық қуаты үш мың көлікке тең. Бұл күнде өндіріс қуатын барынша арттырып отырған кәсіпорын 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіпорын шығарған көліктерді Қазақстанның кез-келген жерінен кездестіруге болады. Бүгінде 700-ден астам адам жұмыс істейтін кәсіпорындағы орташа жалақы 150 000 теңге.     

Сапар соңында облыстық әкімдікте өңірдің әлеуетін арттыру мәселелерін жан-жақты талқылаған кеңес өткізілді.