Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Тарихы тереңде жатқан руханият ордасы ел бірлігі мен қоғам дамуына қомақты үлес қосып келеді. Кездесуде Аида Балаева ұлттық рухани әлеуетті ілгерілету ісінде қаламгерлер қауымы ауқымды рөл атқаратынын айта келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шығармашылық өкілдерінің ел үшін атқарған жұмыстарын жоғары бағалайтынын жеткізді.
«Ақындарымыз бен жазушыларымыз өзінің қалам қуатын ұлт игілігіне, мемлекет тәуелсіздігін тұғырлы етуге арнады. Талай игі бастамаларға серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүйелі жүзеге асуына, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын міндеттерді жұртшылыққа жеткізуде олар ауызбірлік таныта білді. Тиісінше мемлекет те әдебиет пен өнерді ұдайы қолдап келеді. Өткен жылы ғана «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында ел тарихында тұңғыш рет әдебиетіміздің проза және поэзия жанрындағы іргелі туындылары БҰҰ-ның алты тіліне аударылды. Олардың әрбірі кемінде 10 мың тиражбен жарық көріп, әлемнің жетекші университеттерінің кітапханаларына тегіс тарады»,- деді Аида Балаева.
Өз кезегінде сөз алған ақын-жазушылар да барша одақ мүшелері атынан Мемлекет басшысына алғысын білдіріп, бұл оларға алыс-жақын аймақтардағы көптеген шаруаны оңтайлы реттеуге көмек көрсететінін жеткізді.
– Жазушылар одағы былтырғы жылы халықаралық деңгейде бірнеше іс-шара ұйымдастырды. Әлемдік астаналарға арналған дәстүрлі поэзия фестивалін, Азия мен Еуропа қаламгерлері бас қосқан халықаралық форум өткіздік. Әрдайым мемлекеттің қолдауын сезініп келеміз. Күні кеше ғана Жазушылар одағына қарасты Шығармашылық үйі қайта жасақталып, шипажайға айналды.Ұлт әдебиетіне жасаған қамқорлығы үшін ҚасымЖомарт Кемелұлына зор алғысымызды білдіреміз», – дейді Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы ақын Ұлықбек Есдәулет.
АЛМАТЫ