Президент • 17 Маусым, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұйымның халықаралық бәсекеге қабілетін жоғарылату қажет

626 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бішкекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 19-отырысы өтті. Алдымен Кеңеске төрағалық етуші тарап – Қырғызстан басшысы мәртебелі меймандарды «Ала-Арча» резиденциясында қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұйымның халықаралық бәсекеге қабілетін жоғарылату қажет

Жалпы, ШЫҰ-ның даму жай-күйі мен келешегі жайында пікір алмасылып, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер талқы­ға түскен кеңеске Қырғызстан Прези­денті Сооранбай Жээнбеков төрағалық етіп,  оның жұмысына Қазақстан Президентімен қатар, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей Президенті Владимир Путин, Пәкістан Премьер-министрі Имран Хан, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани, Бел­арусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Пре­зиденті Хасан Рухани, Моңғолия Президенті Халт­маагийн Баттулга қатысты.

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстары өтті. Жиынға төрағалық еткен С.Жээнбеков өз сөзін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтаудан бастады.

– Осы мүмкіншілікті пайдаланып, ең алдымен, Қазақстан тарапын сайлауды табысты өткізуімен құттықтаймын. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сайлаудағы Сіздің жеңісіңіз қазақ халқының өзіңіз таңдап алған саяси және әлеуметтік-экономикалық жолға деген зор сенімін білдіреді. Сізге зор денсаулық және мемлекеттік қызметіңізге табыстар, бауырлас Қазақстан халқына бейбітші­лік пен гүлдену тілеймін, – деді С.Жээнбеков.

Сөз кезегі келгенде Қазақстан бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Пре­зи­дентіне жылы қарсы алғаны және саммитке жоғары деңгейде да­йынд­алғаны үшін риза­шы­лық біл­діріп, саммитте қабылдан­ған шешімд­ер мен қол қойылған құ­жат­тар елдер арасындағы коо­­пе­рацияны нығайтуға сеп­ті­гін тигізетініне сенімді еке­нін айтты. Халықаралық қатынас­тар жүйесінің трансформация­сы көпжақты бірлестіктер қыз­мет­терінің мейлінше теңестірілген және айқын қағидаттарын жасау қажеттігін көрсететініне тоқ­талып, осыған байланысты өзінің пікіріне сәйкес ШЫҰ-ның басты міндеттерін атап өтті.

– Біріншіден, ШЫҰ кеңіс­ті­гінде өзара сенімді, қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қам­та­ма­сыз ету мақсатында конс­трук­тивті диалог пен өзара іс-қи­мыл­дарды нығайту маңызды бо­лып қала беруі тиіс. Осыған бай­ланысты, ШЫҰ стратегиясы шеңберінде 2018-2022 жылдарға арналған Іс-қимылдар жоспарын, Ұзақ мерзімді тату көршілік туралы келісімді, достық пен ынтымақтастықты толыққанды жүзеге асыру керек, деді Қазақ­стан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың «Үш диалог» жөнін­дегі бастамасының дер ке­зін­де көтерілгенін және осы ретте Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мем­­лекеттерінің ассоциациясы, БРИКС (Бразилия, Ресей, Үн­ді­­стан, Қытай, Оңтүстік Аф­ри­ка Республикасы) және Еуро­па­­лық одақ сияқты Еуразия­ның көп­жақты негізгі құрылым­да­ры­мен толыққанды қарым-қа­ты­насты орнату арқылы ұйым­ның халықаралық бәсекеге қабі­ле­тін арттыру қажеттігін атап өтті.

– Экономикалық өсім баяула­ған әрі әлем­дік нарықтағы қаржы­лық тұрақ­сыз­дық жағдайында Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйы­мы­ның зор әлеуетін бұдан да тиім­ді пайдалану қажет. Оған сегізжақты Еура­зиялық қар­жылық кеңесшілік ме­ханизмін құру септігін тигізеді деп есеп­тейміз. Бүгін Шанхай ынты­мақ­тас­тық ұйымының Хатшылығы мен «Астана» халықаралық қар­жы орталығы арасында қол қо­йылған меморандум ШЫҰ ел­дерінің қаржы жүйесін дамытуда АХҚО-ның бірегей иннова­циялық әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді, деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан Президенті оты­рысқа қа­ты­су­шылардың назарын аймақ­тағы қауіп­­­сіздікті қам­тамасыз ету мәсе­ле­лері­­­не аударды. Оның пікірінше, сәуір айын­­да ШЫҰ-ға әріптес ел – Шри-Лан­када болған лаңкестік оқиға Қазақ­стан­ның Бірік­кен Ұлттар Ұйымы аясында Жаһан­д­ық лаң­кестікке қарсы коалиция құру туралы бастамасының қажет­тілігін дәлелдеді.

– Сондай-ақ лаңкестік мәсе­лесі жаһандық желіде көрі­ніс берді, сондықтан кибер­қауіп­сіздікті қамтамасыз етуді де күшейту қажет. ШЫҰ-ның Ақ­параттық қауіпсіздік жөнін­дегі орталығын құру ұйымның ақ­па­раттық кеңістігін қорғау ісіне қосқан маңызды үлес болар еді. Тә­жі­ри­бесі мен өзіндік ерек­шелігін ескерсек, бұл мәселені реттеуге ШЫҰ-ның лаң­кестікке қарсы аймақтық құры­лымы қау­қарлы, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы кли­маттың өзгеруі мен қоршаған ортаны қор­ғау мәселелеріне жеке тоқталып, осы сала­­дағы ынтымақтастық үшін тұрақ­ты жұ­мыс істейтін платформа құруды ұсынды.

Қазақстан Президенті сөзі­нің соңында бітімгерлік қызмет еліміздің халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі сыртқы саясаты­ның ажырамас бөлігі екенін айтып, ШЫҰ-дағы әріп­тестеріне БҰҰ аясындағы Қазақстан­ның бітімгерлік бойынша бастамаларын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.

Айта кетерлігі, ұйымға 2019-2020 жылдардағы төрағалық Ресей тарапына өтті және Шан­хай ынтымақтастық ұйымына мү­ше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысы 2020 жылдың шілде айына жоспарланған. Ұйымға Ресей төрағалығы кезінде мә­дени-гуманитарлық бай­ланыс­тарды тереңдетуге баса мән бе­рілмек. Сондай-ақ БАҚ, дене тәр­биесі, спорт, туризм са­ла­­ла­рын­дағы ынтымақтастық туралы келісімдер жүзеге асы­рылмақ.

Ал Бішкектегі саммит қоры­тындысы бойынша мынадай құжаттар қабылданып, қол қо­йылды: ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі­нің қорытындысы жөнін­де ақпараттық хабарлама; ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас­­шыларының Бішкек декла­ра­циясы; ШЫҰ-ға мүше мемлекет­тер басшыларының ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2018-2023 жылдар­ға ар­налған Есірт­кіге қарсы стратегиясын жүзеге асырудың Жұмыс жоспарын және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2018-2023 жылдарға арналған Есірткіге қарсы стра­тегиясының орындалуы жөніндегі іс-қи­мылдар бағ­дарламасын бекіту тура­лы шешімі; ШЫҰ-ға мүше мемле­кет­тер басшылары кеңесінің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері өңірлері басшылары форумының рег­ламентін бекіту тура­лы шеші­мі; ШЫҰ-ға мүше мемлекет­тер басш­ылары кеңесінің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің цифрлан­дыру және ақпараттық комму­ни­кациялық тех­но­логия­лар саласындағы ынтымақ­тас­­ты­ғының тұжырымдамасын бекіту туралы шешімі; ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өңіраралық ын­ты­мақтастығын дамыту ба­ғдарламасын бекіту тура­лы шешімі; ШЫҰ-ға мүше мем­­лекеттер басшылары к­еңесінің ШЫҰ-ның өткен жылғы жұ­мыс­тары жөнін­дегі ШЫҰ Бас хат­шысының баяндамасын бекіту туралы шешімі; ШЫҰ-ға мү­ше мемлекеттер басшылары ке­ңесінің ШЫҰ Өңірлік терро­ризмге қарсы құрылымының 2018 жылғы жұмыстары жөнінде ШЫҰ Өңірлік терроризмге қар­сы құрылымы кеңесінің баяндама­сын бекіту туралы шешімі; ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас­шылары кеңесінің ШЫҰ-ға мү­ше мем­лекеттердің қоршаған орта­ны қорғау саласындағы ын­тымақ­тастығының тұжырымдамасын нақты жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы шешімі; ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңе­сі­нің ШЫҰ мен Гуманитарлық мәсе­ле­лерді үйлестіру жөніндегі БҰҰ Бас­қар­­масы арасындағы өзара түсіністік мемо­ран­­думына қол қою туралы шешімі; ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ШЫҰ Хатшылығы мен Бүкіл­әлемдік туристік ұйым арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қою туралы шешімі; ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ШЫҰ Хатшылығы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасындағы өзара түсіністік жөніндегі ме­морандумға қол қою туралы ше­шімі; ШЫҰ-ға мүше мемлекет­тер басшылары кеңесінің ШЫҰ (ШЫҰ Хатшылығы) мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл­шаруа­шылық ұйымы арасындағы өз­ара түсіністік жөніндегі мемо­ран­думға қол қою туралы ше­шімі; ШЫҰ-ға мүше мемлекет­тер басшылары кеңесінің ШЫҰ Хатшылығы мен БҰҰ Еуро­палық экономикалық комиссия ара­сындағы өзара түсіністік жөніндегі мемо­рандумға қол қою туралы шешімі; ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің «ШЫҰ – Ауғанстан» Бай­ланыс топтарының келешек іс-қимыл­дарының Жол картасына қол қою туралы шешімі; ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері арасындағы Бұқаралық ақпа­рат құралдары саласындағы ынты­мақ­тастық туралы келісім; ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілетті органдары арасындағы Денешынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Денсаулық сақтау саласындағы 2019-2021 жылдарға ар­налған ынтымақтастық жөніндегі не­гізгі іс-шараларының жоспары; ШЫҰ Хатшылығы мен «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығы арасын­дағы өз­ара түсіністік жөніндегі меморан­думғ­а қол қою туралы; Шанхай ынты­мақ­тас­тық ұйы­мының Хатшылығы мен Бүкіл­әлем­дік туристік ұйым арасындағы өзара түсі­­­ністік туралы меморандум; Гума­ни­­­тар­­­лық мәселелерді үйлестіру жөнін­дегі ШЫҰ мен БҰҰ арасындағы өзара түсі­­­ніс­тік туралы меморандум; «ШЫҰ – Ауған­с­тан» Байланыс топтары­ның келешек іс-қи­мылдарының Жол картасы туралы.

Сонымен қатар Шанхай ынты­мақ­тас­тық ұйымына мүше мем­лекеттер бас­шы­лары кеңесі аясында ұйымға мүше елдердің мемлекеттік органдары арасында да бірқатар құжат қабыл­данды.