Жақында «Аңсар Алла» бүлікшілері Сауд Арабиясының оңтүстік-батысындағы Абха қаласында орналасқан бас әуежайға оқ жаудырғанын мәлімдеді. Бұл туралы хуситтердің бақылауында тұрған «Әл-Масира» телеарнасы хабар таратқан. Онда әуежайға бағытталған зымыран діттеген жеріне дөп тигені айтылған. Ал Йемендегі соғысқа араласып жатқан Сауд Арабиясы бастаған коалиция күштері бұл хабарламаға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Таяуда хуситтер дәл осы телеарна арқылы Йемен шекарасының іргесінде тұрған Хамис Мушит ауданындағы Король Халед әскери-әуе базасына шабуыл жасағандарын мәлімдеген. Артынша коалиция күштері бұл шабуылды тойтарып, ұшқышсыз ұшу аппараттарын атып түсіргенін жеткізді. Дегенмен бүлікшілер базаның аумағындағы қару-жарақ, радар және операциялық бөлмелер бар қоймаларға соққы жасай алдық деп тұжырымдады.
Ал биылғы мамыр айының соңында «Әл-Арабия» телеарнасы коалиция Сананың солтүстігіндегі Әл-Дулаими авиациялық базасында орналасқан қару-жарақ қоймаларына соққы жасағанын хабарлады. Сауд Арабиясы бастаған коалиция бұған дейін де бүлікші хуситтердің бақылауындағы әуе базасына 13 әуе соққысын жасаған еді. Бұл база ел астанасындағы әуежайдың маңында орналасқан. Коалиция тарапы көтерілісшілер террористік операцияларды іске асыру мақсатында пилотсыз ұшу аппараттары мен ракеталарды іске қосу үшін әуе базасын ұстап отырғанын мәлімдеген.
Сол уақыттарда Йеменнің денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Юсеф әл-Хадири араб коалициясының бомбылауынан елде 52 000 адам зардап шеккенін хабарлады. Олардың ішінде 13250 адам мерт болған. Көз жұмғандар қатарында 3800 бала мен 2580 әйел болған. Ал Сана қаласында әуе шабуылдарының салдарынан 56 адам жарақаттанып, 6 адам қайтыс болған. Оның төртеуі – қыршынынан қиылған балалар.
Йеменнің ішкі қақтығыстарына мұрнын сұққан араб елдері коалициясының әрекеттерін шииттік «Аңсар Алла» қозғалысы жауапсыз қалдырып жатқан жоқ. Олар алыста отырып-ақ Сауд Арабиясы мен БАӘ аймақтарындағы маңызды нысандарды күйрете алатындарын қатаң ескертті. Мәселен, хуситтердің Сауд Арабиясындағы орталық мұнай құбырына жасаған әуе шабуылы елді біраз дүрліктірді. Соның салдарынан сорғы стансаларының жұмысы тұралап қалған. Осыдан кейін бүлікшілер әлі 299 нысанды көздеп отырғандарын айтып, сес көрсетті.
Өткен айдың соңында Меккеде өткен Араб мемлекеттерінің саммитінде араб елдері Иранды Йемендегі «Аңсар Алла» қозғалысына баллистикалық зымырандар жеткізіп отыр деп айыптады. Сол басқосуда Сауд Арабиясы королі Салман бен Әбдель Әзиз әл-Сауд Иран төңірегіндегі дағдарысты және Йемен хуситтерінің тарапынан жасалып жатқан шабуылдарды талқылау үшін араб елдері мен Парсы шығанағы елдері көшбасшыларын екі саммитке шақырды.
Сәл кейінге шегініс жасап, шиеленістен қалай өршігеніне тоқтала кетсек, елдегі саяси дағдарыстың ықпалынан Йеменді 1978 жылдан бері басқарған Әли Абдалла Салех 2012 жылы отставкаға кеткен еді. Ол ел тізгінін сол кезде вице-президент қызметін атқарған Әбд Раббу Мансур Хабиге бергенімен, 2014 жылы төңкеріс жасаған хуситтерге қолдау көрсетті. Бірақ кейіннен бүлікшілерді бейбіт тұрғындардың өмірін қиды деп айыптап, Йемен үкіметіне жақтас Сауд Арабиясымен арадағы жағдайды қалыпқа келтіруге шақырды. Бұл хуситтердің шамына тиіп, Салехке қастандық жасап, мерт қылды.
2018 жылдың желтоқсанында қарсылас тараптар қанша жылдан бергі тартыстан кейін БҰҰ аясында Швецияда бір үстелдің басында отырып, келіссөз жүргізді. Қырғиқабақ болып жүрген олар сол жиында бітімге келіп, тұтқындармен алмасу, Қызыл теңіздің жағасындағы Ходейда қаласындағы атысты тоқтату туралы бірқатар маңызды келісімге қол жеткізген. Өкінішке қарай әлемдік қоғамдастықтардың көңілін демдеген бұл бейбітшілік қадам ұзаққа созылмады. Бүлікшілер тобы мен үкімет әскері бір-бірін орнатылған тәртіпті сақтамады деп күстаналап, 2019 жылдың қаңтарында соғыс оты қайта тұтанды.