Айта кетерлігі, полиция тарихында демалыста жүрген қызметкерлерінің қылмыскердің жолын кесіп, өздері мерт болған жағдайлар аз емес. Мысалы, Ақтөбе жұртшылығы полиция лейтенанты Амангелді Қосжановтың осыдан 20 жыл бұрынғы ерлігін әлі ұмыта қойған жоқ. Керісінше, бейбіт өмірде ерлік көрсеткен батырдың есімі жыл өткен сайын жаңғырып, өнегелі жолы өскелең ұрпаққа үлгі болуда.
Енді осы қанды оқиғаның мән-жайына тоқталсақ, Ақтөбедегі Тұрар Рысқұлов көшесінің бойындағы дүкендердің біріне бетперде киіп, қолына дыбыс тұншықтырғыш орнатылған қару ұстаған адам кіріп келіп, сатушыны бопсалай бастайды. Ойда-жоқта қатер төнген сатушы жанұшыра шыңғырып, дүкеннің қосалқы бөлмесіне тығылып үлгереді.
Бұл шу сол маңайда жеке көлігін жөндеп жатқан полиция лейтенанты Амангелді Қосжановқа да жетіп, антына адал қызметкер оқиға орнына қарай тұра жүгірген. Енді өзі бас сауғаламақ болып, сыртқа ұмтылған қылмыскер лейтенантпен бетпе-бет келді. А.Қосжанов сол маңайдағы алаңсыз ойнап жүрген балалар жазым болмасын деген оймен шалт қимылдағанда, өзінің қарусыз екенін де ұмытты. Ал өзінің осы үстемдігін сезіп, жанталасқан қаскөй тапаншасын Амангелдіге қарай кезеп, ойланбастан оқ жаудырды.
Қылмыскер алысқа ұзамай, жедел жеткен полиция жасағының қолына түсті. Бірақ, ең өкініштісі, Қосжанов ауруханаға дереу жеткізілгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Қыршындай жас өмірмен бірге лейтенаттың асқақ армандары да осы жерден үзілді...
Бүгінде Ақтөбеде А.Қосжанов атындағы көше бар, оның отбасына мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетілді, ал әріптестері оның ерлігін жас қызметкерлерге айтудан жалыққан емес.
Мұндай батырлар полиция қатарында көптеп саналады және полицияның ерлік істері бейбіт жағдайларда да көрініс табуда. Айталық 2017 жылдың қараша айында кезекшілікке түскен Қызылорда қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Рамазан Алдабергенов 102 телефонына түскен дабыл бойынша өрт шыққан көпқабатты үйлердің біріне аттанады. Полицейлер жеткен уақытта үйдің екінші қабатынан көмек сұраған дауысты естиді. Сыртқы есігі жабылып қалған пәтерде бір айлық сәбиі бар қорғансыз жас ана қалыпты. Сол сәтте Рамазан ойланбастан қызыл жалынмен арпалыса отырып, отқа оранған пәтерде қалған жандарды аман-есен алып шыққан.
Кейін учаскелік инспектор: «Мен тілсіз жаудың жалынын көрген бойда адамдарды – ана мен баланы құтқаруды ғана ойладым. Барлығы санаулы секундтардың ішінде болды», деп еске алады.
Ал мұндай оқиғалар күн сайын болып жатады. Сондықтан да полицияның басты ұраны «Міндет», «Абырой», «Ерлік» деген сөздермен әспеттелуі бекер болмаса керек.