Саясат • 17 Маусым, 2019

Ел дамуының тың бағыттары талқыланды

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Nur Otan Trends пікірталас алаңының кезекті отырысы өтті. Онда сарапшылар Қазақстан Республикасының жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев анықтап берген ел дамуының тың бағыттарын жүзеге асыру барысын талқылады.

Ел дамуының тың бағыттары талқыланды

Алғаш болып сөз алған Nur Otan партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов биылғы Президент сайлауының тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызы зор оқиға екеніне назар аударды. Сондай-ақ елімізде жоғары биліктің бейбіт жағдайда, өр­кениетті түрде және демо­кра­тия­лық қағидаларға сай ауысуы Қазақстанның дамуына тың сер­пін беретінін айтты. Одан бөлек, ол сайлауға халықтың белсенді қатысуы мен сайлауалды науқан кезіндегі әлеуметтік желілердің маңызын да тілге тиек етті.

– Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс беру арқылы Елбасы саяса­тының сабақтастығын таңдады. Халық әділ саясат пен барлық саланың өрлеп, өркендеуі үшін дауыс берді. Сондықтан ұлықтау рәсімінде жаңадан сайланған Президентіміз анықтап берген дамудың он бағыты Елбасының стратегиялық саясатына табан тірейді, – деді Ф.Қуанғанов.

Nur Otan Trends алаңына келушілер күн тәртібіндегі қоғам­дық-саяси аспектілер мен ел Пре­зидентінің тапсырмаларына назар аударды. Атап айтқанда, алдағы уақытта елімізді қандай өзгерістер күтіп тұрғаны, әлеу­­мет­тік-экономикалық баста­ма­лар­дың маңызы әңгімеге арқау болды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде еліміздің алдында тұрған мәселелерді айтып өтті. Біріншіден, бұл Қазақ­станның Үшінші жаңғы­руының жалғасы болады. Басты мақсат – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын және табысын көтеру, – деді партия хатшысы.

Сонымен қатар іс-шара барысында саяси жаңғыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Са­рапшылар жаңа жағдайда билік пен халық арасындағы диа­логты кү­шейту жолдарын талқыға салды.

– Қазақстан Президенті қо­ғам­дағы түрлі әлеуметтік топ­тар­­мен байланыс орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруды тапсырды. Бұл бастама азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейтетін нақты қадам, – деді ол.

Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық кеңес­тің құрамын анықтауды тап­сыр­ғанына назар аударып, оған сая­си партиялардың жетекшілері мен азаматтық сектор өкілдері де енгізілуі қажеттігін айтты. «Amanat» қоғамдық бірлестігінің өкілі Саясат Нұрбек бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарау қажеттігін тілге тиек етті.

– Бұл кеңес нақты жұмыс істеу керек. Оның құрамында қо­ғамда беделі бар, сөзі өтімді, сенімге ие әртүрлі топтың өкіл­дері болу қажет, – деді Саясат Нұрбек. Оның айтуынша, бұл қоғамның билікке деген сенімін нығайтады. Сондай-ақ барлық бағдарламалардың жүзеге асуы­ның кепілі болады.

Пікірталас алаңында сарапшылар жұмыстың ең негізгі бағыты сыбайлас жемқорлықпен күресу деген тоқтамға келді.

– Егер мемлекеттік қызметші өзіндегі көп мөлшердегі ақшаның қайдан келгенін түсіндіріп бере алмаса, бұл қаражатты одан алып қою керек. Екінші мәселе, кіріс жайындағы жалпы декларацияны енгізу. Бұл мәселе 2017 жылдан бері шешімін таппай келе жатыр, – деп атап өтті Тұңғыш Президент Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы, саясаттану ғылымдарының докторы Жақ­сылық Сәбитов.

Айта кетейік, Nur Otan Trends пікірталас алаңының бұл отырысына модератор ретінде «Talap» қолданбалы зерттеулер ор­та­лығының директоры Рахым Ошақ­баев, «Экономикалық зерт­теулер институты» АҚ-ның бас­қарма төрағасы Ерлік Қа­ра­жан, саяси шолушы Ғазиз Әбішев, «Шаталов» телеграм-ка­на­лының авторы, журналист Никита Ша­талов, «Sayasat.org» пор­талы­ның шеф-редакторы Бауыр­жан Төлегенов және білік­ті экономист Сергей Домнин қатыс­ты.