Руханият • 17 Маусым, 2019

Қаламгерлерді қуантты

537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан Жазушылар одағының ұжымына қос бірдей су жаңа темір тұлпар сыйға тартылды. Алматыға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева ұлт руханиятының қарашаңырағына баланатын іргелі ұйымның төрағасы Ұлықбек Есдәулетке көлік кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Қаламгерлерді қуантты

Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Тарихы тереңде жатқан руханият ордасы ел бір­лігі мен қоғам дамуына қомақты үлес қосып келеді. Кездесуде Аида Балаева ұлттық рухани әлеуетті ілгерілету ісінде қа­лам­герлер қауымы ауқымды рөл атқаратынын айта келіп, Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев шығармашылық өкілдерінің ел үшін атқарған жұмыстарын жоғары бағалайтынын жеткізді.

«Ақындарымыз бен жазу­шы­ларымыз өзінің қалам қуа­тын ұлт игілігіне, мемлекет тәуел­сіздігін тұғырлы етуге арнады. Талай игі бастамаларға сер­пін берген «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының жүйелі жү­­­зеге асуы­на, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» ма­қа­­ласынан туындайтын мін­­деттерді жұрт­шылыққа жеткізуде олар ауыз­біршілік таныта білді. Тиісінше мем­лекет те әдебиет пен өнерді ұдайы қолдап келеді. Өткен жы­лы ғана «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында ел тарихында тұңғыш рет әдебиетіміздің проза және поэзия жанрындағы іргелі туындылары БҰҰ-ның алты тіліне аударылды. Олар­дың әрбірі кемінде 10 мың тираж­бен жарық көріп, әлемнің жетекші университеттерінің кітапханаларына тегіс тарады», – деді Аида Балаева.

Өз кезегінде сөз алған ақын-жазушылар да барша одақ мү­шелері атынан Мемлекет басшысына алғысын білдіріп, бұл оларға алыс-жақын аймақ­тар­дағы көп­теген шаруаны оңтайлы рет­теуге көмек көр­сететінін жеткізді.

– Әрдайым мемлекеттің қолдауын сезініп келеміз. Күні кеше ғана Жазушылар одағына қарасты Шығармашылық үйі қайта жасақталып, шипажайға айналды.Ұлт әдебиетіне жа­саған қамқорлығы үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына зор ал­ғы­сымызды білдіреміз, – дейді Қазақ­стан Жазушылар одағының бас­қарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.

АЛМАТЫ