Қазақстан • 17 Маусым, 2019

Жаңа Әліпби тіл табиғатын бұзбайды

557 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлт тіліне, ұлт руханиятына жақын келетін латын графикасына көшу жыл санап жақындап келеді. Әлі уақыт бар ғой деп арқаны кеңге салу кемел істің аясын кеңітпейді, қайта тарылтады.

Жаңа Әліпби тіл табиғатын бұзбайды

Себебі, алға қойған елдік іс, елдік іске ырғалып-жырғалып жүру жараспайды. Ертең анау жетпейді мынау кемшін десек, әлгі ұлт ісі мемлекеттік тілдің әлі бітпей келе жатқан толғағындай болуы кәдік. Осындай мәселенің алдын алу мақсатында елордада «Латын графикасына көшіруді ұйымдастыру бойынша мемлекетшілік шаралар» атты қазақ тілі әліпбиін латынға ауыстыруға қатысты мемлекеттік қызметшілір, ұлттық компаниялар арасында түсіндірме семинар өткізілді. Оған еліміздегі Жоғары сот,Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы мониторнигі қызметкерлері, сонымен қатар, еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының сарапшы ғалымдары қатысты. Жасыратыны жоқ бұл мекемелер ертең елдік істің мықты діңгегіне айналса, ұзын арқан, кең тұсауға бой алдырмаса, міндет дер кезінде айқындалып, мақсат мүлтіксіз орындалады. Бұл игілікті шараға Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйтқы болғанын айта кетелік.

Алқалы жиынды орталықтың Бас директоры, қарымды қаламгер; Әлібек Асқаров ашып, жетпіс жыл кириллица мен өмір сүріп, орыс тіліне жетік болғанымызды мақтан етіп, бұл білімділік, мәдениеттілік деп, кейбір жұрттар (грузин, армян) тілін бұрап сөйлесе, күлген тұстарымыздың болғанын, енді азат елдің әр азаматы ұлт үшін жұмыс етуді алға оздыру керектігін тілге тиек етіп, «Бұл заман қазақ үшін қызмет етіп жатыр. Біз неге заман талабын орындамаймыз. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары қазақты латыннан кириллицаға Сталин бір бұйрығымен көшіре салған. Біздің тәуелсіз Отанымыз латынға ауысуға асығыстық жасамай, тиянақты дайындықпен жоспар-жобаны бекітіп берді. Ендеше оған салғырттық танытпай, табандылықпен орындау бәрімізге парыз әрі қарыз. Бүгін оны саналылықпен атқарсақ ертең өкінбейтін боламыз», деді.Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Ғ.Мұқанова жаңа әліпбиге көшу жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстарға, іс-шараларды жан-жақты баяндап, Ұлттық коммисия отырысындағы шешімдерге де түсінік берді.Соның ішінде азаматтардың, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің аты-жөндерін дұрыс жазу бойынша кейбір мәселелерді де қозғады.

«Тіл-Қазына» орталығының атқарушы директоры, білікті ғалым Ербол Тілешов ұлт тілінің арғы-бергі тарихына тереңдеп барып, арыстар үлгісінен дәйектер келтіріп,бір жыл ішінде атқарылған жұмысты талдап, алдағы міндеттерге тоқталды. Орталық латын әліпбиін танып, білу бойынша курстар ұйымдастырып жатқанын, оған кейбір мекемелер қатысса болды емес пе деп тіл маманы емес адамдарды жібере салатынынан мысалдар келтіріп, ондай қатысушыға сертификаттар берілмейтінін назарға салды. Елбасының тікелей қолдауымен өтіп жатқан мемлекеттік  шараға селқос қарау жараспайтынын алға тартты. Курс бір адамның білімін жетілдіру үшін емес, сол бір адамның өзге әріптестеріне латынға көшу қағидасын түсіндіру, өздерінде сондай курстар ұйымдастыруға бастамашы болу керектігін қадап айтты. «Жауапты іске жауаптылықпен қарау керек», деген ол біз әспеттеп жүрген кириллицаның әлемдік қаріпте 3 пайыз орын алатынын, ал латын қаріпінің 48 пайыз екеніне, латын әліпбиінің иесі бүкіл адамзат болып бара жатқанына мысалдар келтіріп,осындай  кеңесулерге мол мүмкіндік жасалып отырғанын, оны тиімді пайдалану қажеттігін еске салды.

Семинар кеңеске қатысушылар латын графикасына көшу кезіндегі жаңа емле ережелерінің мазмұны мен құрылымына, меңгеру кезеңдеріне, оқу әдістеріне қатысты өздерінің ой байламдарымен бөлісті. Алдағы уақытта елдік іске бір кісідей жұмылу жөніндегі ортақ тұжырымдарын  айтып, бұл өтпелі іс емес, өмірлік жұмыс екенін атап, оған сергек қарауға серт байласқандай болды.