Аймақтар • 17 Маусым, 2019

Қарағандыда «Бұқар жырау: ғұмыр белестері» кітабының тұсаукесері өтті

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамбыл Артықбаевтың «Бұқар жырау: ғұмыр белестері» еңбегінің тұсаукесері өтті.

Қарағандыда «Бұқар жырау: ғұмыр белестері» кітабының тұсаукесері өтті

Жаңа туындының таныстырылымында «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайын құттықтау сөз сөйлеп, кітаптың тұсаукесер рәсімін Көмекей әулиенің ұрпағы, шежіреші Ғалымтай Бақтиярұлы және Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова орындады.

Кітап авторы бұл еңбегінде Бұқар жырау өмірі мен шығармашылығын зерттеп, бір жүйеге түсірген. Сонымен қатар, жыраудың ғылыми сараптамадан өткен толық мұрасы жинақталып, толғауларындағы көнерген ұғымдар мен түсініктерге талдау жасалған.

Айта кету керек, аталған кітап Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша жарық көрген. Сондай ақ, бұл шара Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы өткізіп жатқан «Инклюзивті қоғам» атты семинардың бір бөлімі болып саналады.



Қарағанды облысы