Балқаш қаласында Қарағанды облыстық әкімдігі мен кәсіпкерлік басқармасының ұйымдастыруымен өткен форумға Ресейдің Түмен, Омбы қалаларынан, сондай-ақ Моңғолиядан туризм мамандары қатысты. Шетелдік қонақтар Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан келген мамандармен бірге курорттық аймақтағы жағажайлық демалыс орындарын аралап көрді.
– Осы форумға біз демалыс орындарын өз көзімізбен көріп, алған әсерімізді түмендіктерге жеткізу үшін келдік. Қазақстанда, атап айтқанда Балқаш қаласында табиғат тамаша, демалыс орындары жайлы және бағалары да қолжетімді. Қонақжайлылық жоғары деңгейде, адамдары ашық-жарқын, – деп ағынан жарылды Түмен делегациясының мүшесі Татьяна Семенова.
Туроператорлардың айтуынша, қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі көліктік қатынас екен. Туристер Балқашқа пойызбен келер болса, онда оларға ауысулармен жүруге тура келеді, ал автомобильдік саяхат көп уақытты алады. Трансфер мәселесі шешілсе, көптеген қиындықтар жойылып, ресейлік туристер ағымы ұлғаяр еді деген пікір айтты мамандар.
Моңғолиядан келген қонақ Бағжанар Ханат Алтай мен Шығыс Қазақстанға шетелдік туристерді тарту тәжірибесімен бөлісті. Оның фирмасы бұл іспен табысты айналысып жүрген көрінеді. Шетелдік маман енді Балқаш көлі маңындағы ғажайып көріністерге қызығушылық танытып отырғанын да жасырмады.
Туристік форум аясында Балқаш қаласында «Денсаулыққа жол» атты жеңіл атлетикалық марафон және кемелер шеруі ұйымдастырылды. Одан кейін форумның пленарлық отырысы өтіп, онда сала мамндары отандық туризмді дамыту мәселелерін талқылады.
Қарағанды облысы