Руханият • 17 Маусым, 2019

Әлкей Марғұлан мұраларына арналған көрме ашылды

1331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік Орталық музей қабырғасында академик Әлкей Марғұланның 115 жылдық мерейтойына орайластырылған «Дара тұлға» атты көрме ашылды. Көрерменді қазақ халқының дара перзенті Ә. Марғұланның өмір жолымен, отандық филология, археология, этнография, сәулет өнері сынды ғылымдарға қосқан үлесімен таныстыруға арналған экспозиция шілденің ортасына дейін жалғасады.

Әлкей Марғұлан мұраларына арналған көрме ашылды

Қазақстан археологиясының қалыптасуы өмірі мен шығармашылығы, тікелей алғанда, ұлттық археология – этнография мектептері тарихының қалыптасу-даму үдерісінің айнасына айналған  Әлкей Марғұланның есімімен тығыз байланысты. Көрмеде фотосуреттер, академик Әлкей Марғұланның жеке заттары, құжаттар, марапат белгілері және ғалымның ғылыми-зертеу, ұйымдастырушылық қызметін әрі Қазақстан археологиясының дамуына қосқан үлесін айғақтайтын музей қорынан алынған материалдар ұсынылған. Сондай- ақ, Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының ізденістері барысында жиналған неолит және қола заманының артефактілерін көруге болады. Орталық Қазақстан экспедициясының соңғы жылдардағы зерттеулерімен Атасу, Ақмая, Мыржық қоныстарынан табылған заттар арқылы танысасыз. Ерте темір ғасырының ескерткіштерінен тасмола мәдениетінің артефактілері бар. Ғалымның орта ғасырлар тарихын зерттеудегі табыстарын Нұра өзені маңындағы қорымдардан, Отырар төбе қалаларындағы қазбалардан жиналған дүниелер, орта ғасырлардағы құрылыс-сәулет өнерінің ескерткіштері – түрлі ғимараттар макеттері аңғартады. Көрмедегі этнографиялық материалдар терең тамырлы мәдени мұраның айғағы. Көрме экспозициясын түрлі материалдар: қазба жұмыстарының панорамасы, жартас бетіндегі суреттер, археологиялық ескерткіштердің фотосуреттері, сондай-ақ Әлкей Марғұлан жайлы басқа ғалымдардың ой-толғаулары толықтырған.

Ғалымның айтулы зерттеу жұмыстары археология, этнография, филология, қазақ халқының мәдениеті, өнер тарихы сияқты түрлі салаларды қамтыды. Ол өткен ғасырдың 40 жылдарынан бастап Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді іздестіріп, зерттеу шараларын қолға алды. Жетісу, Оңтүстік, Батыс Қазақстан жеріндегі ежелгі қала мәдениетінің орындарын анықтап Отырар, Тараз, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты гүлденген отырықшы тұрмыс орталықтарының болғанын дәлелдеді.

Қола дәуіріндегі ежелгі көшпелілердің материалдық мәдениетінің ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарына Ә. Марғұлан 30 жыл бойы жетекшілік еткен. Академик қола дәуірінде Орталық Қазақстан ірі өркениет ошағы болып мұнда бірегей беғазы-дәндібай мәдениеті қалыптасқанын да ғылыми негізде дәлелдеп шықты.

Көшпелілердің және олардың мұрагерлері – қазақтардың материалдық мәдениетінің тарихы ғалымның «Казахское народное прикладное искусство» деген еңбегінде толық сипатталады. Ә. Марғұланның «Древние караванные пути через пустыню Бетпак дала», «О происхождении племени канглы», «О значении эпиграфических памятников Казахстана», «Шоқан және Манас», «О наследии Машхур-Жусуп Копеева», «Ежелгі жыр аңыздар» т.б. еңбектері біздің ата-бабаларымыздың терең де бай рухани әлемінің куәсі деуге болады. Ол 50 жылдардың орта кезінен бастап қазақ халқының ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханов жайлы материалдарды жинастырып, 1961-1972 жылдар аралығында ұлы қазақ ғалымының шығармалар жинағының бес томын шығарды.

АЛМАТЫ