Қоғам • 17 Маусым, 2019

Ақ халатты абзал жан

9089 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Солардың бірі Күләш Есқазықызы.

Ақ халатты абзал жан

Күләш Есқазықызы - ССР денсаулық сақтау саласының үздігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық медициналық ассосациясының мүшесі болған, «Еңбек ерені», Ана мен бала денсаулығын қорғау саласы бойынша «Алтын жүрек» бірінші ұлттық премиясының иегері  және тағы да басқа көптеген төсбелгілер мен марапаттардың иегері. Бір сөзбен айтқанда нағыз адам өмірінің қорғаушысы.  

40 жылдан астам еңбек өтілі  бар Күләш Нәдірованың еңбек жолына алғашқы сапары №1 қалалық клиникалық аурухананың  табалдырығынан басталады. Бар жоғы 8 жылдың ішінде өзін нағыз маман ретінде танытып дәрігер –неанатолог қызметінен бөлім меңгеруші лауазымына дейін өсіп жұмысын адал атқарады.  90-шы жылдардың басында  медицина саласында нағыз білікті маман ретінде Алматы облысының  Денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары қызметін ұсынады. Әрине, ол кездері заман өте ауыр болған еді. Күләш Есқазықызы қиындыққа мойымай денсаулық сақтау саласына аянбай қызмет етеді. 2006 жылдан бастап өзінің ұшқан ұясы балалар клиникалық ауруханасына бас дәрігер қызметіне тағайындалады. Өз ісінің нағыз маманы, үлкен жүрегі және адал қызметі үшін елі оны үнемі елеп-ескеріп жүрді.  ҚР бірінші ана мен бала Ұлттық «Алтын жүрек» дипломы, Еуропа бинес қауымдастығы сарапшылары кеңесінің «2010 жылғы үздік менеджер» дипломы, «Үздік тұлғалар» атты халықаралық энциклопедиясының батыры медалы секілді марапаттары аз емес. Ол басқарған жылдары 1 қалалық балалар клиникалық ауруханасында едәуір өзгерістер болып, тіпті «Әйел басқарған ең үздік кәсіпорын» дипломы  да берілген. 2010 жылы Еуропалық бизнес-ассосациялары бір ауыздан Алматы қаласы 1-ші қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасын қарқынды дамып келе жатқан компания ретінде жалпыеуропалық реестр қатарына енгізген. Жаңа әдістер мен технологияларды енгізу арқылы ауруханада  Күләш апайымыз қызметкерлерімен біріге отырып үлкен жұмыстар атқарды. Балалар ауруханасында стационарда жату уақыты 5 күнге дейін қысқарып, 1 жастағы балалардың өлімі 2 есеге азайса, ал  жаңа туылған нәрестелер арасында өлім-жітім 3 есеге дейін қысқарған. Қарапайым жұқпалы аурулар ауруханасының, совет үкіметі кезіндегі ең алдыңғы қатарлы мамандандырылған медициналық орталыққа айналуының бірден-бір себепшісі де - Күләш Нәдірова. Еңбек жолының бәрін балалардың денсаулығына арнаған Күләш апайымыз: «Мен қандай мамандық таңдау жайын тіптен ойламадым. Өйткені әкем кішкене кезімізде мені дәрігер, сіңілімді мұғалім болады деп анықтап қойған еді»,- дейді.

Медицина университетінде оқыған студенттік жылдары ол өзінен бір курс жоғары оқитын болашақ серігі Қуанышбекпен танысады. Медицина саласына беріле қызмет еткен Күләш жолдасы Қуанышбекпен бірге үш бала тәрбиелеп-өсірген. Олар қазір тәжірибелі заңгерлер мен ғылыми атағы бар дәрігерлерге айналған.

Күләш Есқазықызы қазіргі уақытта Алматы қаласы, №27 қалалық емханасының дәрігер-сарапшысы.

Күләш апай: «Дәрігер – эксперт - бұл жан-жақты әрі қызықты жұмыс. Жас мамандарға көп жылдан бері жинаған тәжірибемді үйретіп келемін. Пациенттермен сөйлесіп медициналық қызметтің олқы тұстарын анықтаймын. Заман талабына орай медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға барынша үлесімді қосып жүрмін» -дейді.  Әрине, осындай берері көп нағыз білікті маманның шәкірттері де осал болмасы анық.

Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін  Күләш апайымыз сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілейміз.