Алтын жұмыртқа табатын тауық немесе Премьер-министр Ердоған неге жылады?
Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 1:20
Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркияның бес бірдей қаласын аралаудың сәті түскені бар. Бұл маңдайымызға жазылған ғажайып сапарлардың бірі еді. Жолымыз қалтасы көтеретін қазақтар ағылып жатқан түрік елінің жағажайлы қалаларынан емес, өндірістік қала саналатын Измиттен басталған-тын.
Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 1:20
Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркияның бес бірдей қаласын аралаудың сәті түскені бар. Бұл маңдайымызға жазылған ғажайып сапарлардың бірі еді. Жолымыз қалтасы көтеретін қазақтар ағылып жатқан түрік елінің жағажайлы қалаларынан емес, өндірістік қала саналатын Измиттен басталған-тын.
Измит Қожаелі деген облыстың орталығы болып табылады. Қартепе (Қартөбе) деген ауданында болып, біздің Шымбұлақ сияқты шаңғымен сырғанайтын кешендерін көріп таңғалдық. Осы елге турист ретінде талай қандастарымыздың жолы түсіп жүрсе де, Қартепенің басына шыға қойған қазақ саусақпен санарлық болар. Басын қар шалып, шым-шытырық ертегідей бұлттар арасында бұралаң жолдары бар бұл ғажайып орын туралы әңгіме мүлде басқа.
Түркияның Бурса дейтін қаласында 400 жылдан астам жасаған шынар ағашы бар екен. Түрік ағайындар ғана емес, күллі мұсылман баласы киелі деп есептейтін осы ағашты көруге біз де бардық. Бір бұтағы қурамай, жайқалып өсіп тұр. Бұл ағаштың түбінде отырып тілеген тілек орындалады деп есептеледі. Көлеңкесіне қойылған үстелдерде адамдар демалып, түрлі жемістерден дәм татып, әңгіме-дүкен құрып отыруды дәстүрге айналдырған. Осман империясынан бастап талай алмағайып заманды бастан кешкен ағаштың көлеңкесі адамды ауызбен айтып түсіндіруге келмейтін ерекше бір күйге бөлейді. Бұл ағаштың көлеңкесінде осы төрт ғасырда кімдер дамылдамады екен?!
Біз де бос сәкіге жайғасып, жемістерге тапсырыс бердік. Мұнда, әрине, ешқандай ішімдік ішілмейді. Және осындай ой ешкімнің миына кіріп-шықпайды. Түрік елінде де талай жеміс дарақтары өседі. Ал жаңағы шынар ағашы көлеңкесімен-ақ талай жергілікті тұрғынды асырап отыр. Жақын маңдағы көйлердің (ауылдардың) адамдары осында келіп алма, жүзім, шабдалы сатады. Ішінде біздің жақта өспейтін жемістер де бар. Киелі ағаштың айналасында да туристік қызмет жолға қойылған. Кәрі шынар ағашы қазіргі түрік елінің байлығы мен мақтанышы да.
Мен елге келген соң осы ағаш туралы айтып едім, білетіндер біздің Жаркент жақта (Алматы облысы) тіпті жеті ғасыр қатарынан өсіп тұрған шынар ағашы бар екендігін айтты. Сұрастырсам – шын екен. Суретін тауып, тамашаладым. Бұл ағашқа да білетін адамдар барып, тәу етіп, тілек тілейтін көрінеді. Бірақ, туған жерімізде дәл осындай қасиетті ағаш бар екендігін туристер түгілі өзіміздің де біле бермейтініміз өкінішті.
Ал Бурса қаласындағы ХІІІ ғасырда Баязит сұлтан салдырған 24 күмбезді Ұлы мешіттің ғажайыптығы, сан ғасыр бойы саудасы үзілмеген Жібек базарының әңгімесі бір бөлек. Мұнан кәдімгі жібек құрттарын көруге болады.
Содан Ялова, Бурсаны шарлап, Ыстамбұлға кемемен жеттік. Бұл қалада да мұнарасы айға асылған Айя София, Сұлтан Ахмет мешітін, Рим империясынан қалған жер асты бассейні, яғни су қоймасын, Топқапы сарайларын, гаремдер мен мұражайлардағы алтын-күміс, жаһұт жәдігерлерді көре-көре, таңғалудан да шаршап тұрған күніміз еді.
Бізді бастап жүрген Мәлік Отарбаев деген қазақтың жақсы бір жігіті енді бір жерге барып шықсақ деген ұсыныс айтты. Бес күн бойы аспан мен жердегі, судағы көліктің барлық түрімен сапарлатып келе жатқан біздің ойымыз енді ешқайда бармай, қонақүйге барып дамылдау еді.
«Ол жерді көрген де арманда, көрмеген де арманда. Ол музейді көргенде бұл елдің Үкімет басшысы Режеп Тайып Ердоған да жылаған» деген Мәліктің бір ауыз сөзінен кейін, көп саудаласпай, өз ықтиярымызбен Ыстамбұлдан сырт жатқан жерге қарай бастап кеттік.
Келген жеріміз – бір қарағанда екі қабатты кәдімгі кішігірім дөңгелек ғимарат. Біртіндеп ілбіп кіріп, билет алдық. Алдымыздағылар екінші қабатқа қарай көтеріле бастады. Біз соңындамыз. Бір кезде екінші қабатқа бірінші болып табаны тигендер шу ете қалды. Эмоциясын жасырмайтын Мәдина Сәдуақасова мен актер Азамат Сұрапбайдың қуанғаны мен қорыққаны белгісіз ерекше шыққан дауыстарынан кейін біздер де ұйқыдан оянғандай, серпіліп, екінші қабатқа жүгіре шықтық. Осы сәтте таңғалдық. Біз бұл кезде адамның қиялы мен талантының шексіздігіне таңғалған болатынбыз.
Біз 1453 жылы 29 мамырда осман түріктері Константинопольді қалай жаулап алып жатқанының үстінен түсіппіз. Жан алысып, жан берісіп жатқан шайқас. Ұшқан садақ, гүрсілдеген оқ пен от. Батыс жақтан теңізбен келген кемелерден Константинополь қорғандарына қарай ұмтылған жауынгер түріктер тірі сияқты.
Кешегі Константинополь атанған Византия империясының астанасын осман түріктері 1453 жылы жаулап алған ғой. Осыдан кейін Шығыс Рим империясы күйреп, орнында Жерорта теңізінің оңтүстігінде қаншама ғасыр түріктер салтанат құрып келе жатқаны тарихқа аян.
Айналасы 38 метрлік диаметрде шынайы экспонаттар болса, әрі қарай ол суретпен ұластырылған. Суретшілер кішігірім ғимарат ішінде бояудың құдіретімен тарихты тірілткен. Түркияның ең талантты суретшілерінің армиясы айлап-жылдап жатып, осы панорамалық музейді жасапты. Қылқалам шеберлерінің ғаламаттығы сонда – кәдімгі шын соғыстың ортасында тұрғандай сезімде боласыз. Қаңғып келе жатқан бір садақ сізге тиіп кететін секілді.
Бұл музей Ескі Топқапы сыртындағы Константинопольге дәл шабуыл басталған жерде тұр. Жоғарыда атап өткендей, айналасы 38 метрлік диаметрде нағыз соғыс қарулары мен басқа да сол заманға тән әскери қарулар бар. Дәстүрлі Осман әскери маршы ойнап тұр. Янычарлардың атой салған үні, зеңбіректердің гүрсілінен құлақ тұнады.
Айтқандай, бізді бастап жүрген Мәлік Отарбаев Мұхаммед пайғамбардың хадистерінен келтірілген сөзді аударып берді. Музейдің бірінші қабатында «Константинополь міндетті түрде алынады. Оны жаулап алған әскерлер қандай керемет әскерлер! Оны жаулап алған қолбасшы қандай керемет қолбасшы» деп жазылып тұр.
Бес бірдей теңізге жағасы ұласып жатқан жұмақ сынды бұл шаһарға кімдер көз тікпеген. Көздің құртындай болған сұлу қалаға қай мемлекет иелік еткісі келмеді дерсіз. Бес қаруы барлық кезде сайлаулы Константинопольді жаулап алу көп жауына нәсіп етілмегенімен, 19 жасында Фатих сұлтан Мехметке бұйырған жоқ па?! Осы тарихтың бәрі оянып кеткендей панорамалық музейде өзі сайрап тұр.
Лондондағы мұражайлар да ғажап қой. Бірақ, мен осыған таңғалып, оңтүстікте Отырар ойранын немесе Алматы облысында Аңырақай шайқасын осылай «тірілтсе», оңтүстікте туризмнің жандануына септесер еді-ау деген ой содан бері маза берген емес.
Бұл музей Түркия Үкіметінің басшысы Режеп Тайып Ердоғанның қатысуымен 2009 жылдың 31 желтоқсанында ашылған. Panorama 1453 Тарихи музейі деп аталатын ғажайып ғимарат орнында бұрын автовокзал болыпты. Қазір музей айналасы бұрынғыдан да жақсы абаттандырылған. Бұл жобаны жүзеге асыруға 1 миллион еуро жұмсалған. 8 суретші 2005 жылдан бастап 2008 жылға дейін үш жыл тынымсыз салған. Музейде ресми деректерге негізделген 10 мың кескін бар.
Қазір жылына музейге келушілер саны шамамен 900 мың, кейде 1 миллион адамға жетіп жығылады, дейді түрік ағайындар. Осы жолдарды жазып отырып, биылғы соңғы үш айда 400 мың турист келгенін анықтаудың сәті түсті.
Музейді көрген адам бастапқыда он секундтай таң-тамаша болып, аңтарылып тұрып қалатындығына мұндағылар үйренген.
Қазіргі 3D форматымен түсірілген киноларды білеміз ғой. Көне замандарда-ақ осының құпиясын білген қылқалам шеберлері жеткілікті. 3 өлшемді бейнелеу өнерінің жауһарлары қазіргі заманнан табылады десек, оның айшықты мысалының бірі – әлемдегі ең ауқымды осы панорамалық музей.
Туризмді табыс көзіне айналдырамыз, елдігімізді паш етеміз, тарихымызды ұлықтаймыз дейтін біздің халық үшін де осындай панорамалық музейлер салынса екен деген тілек ойға тыным бермейді.
Оңтүстіктегі Шәуілдір жақта Отырар қаласының орны тұр. Төбешік болып тұрған осы қаланы көз алдымызда қайта тірілтіп, бір кезде бұл кеңістікте бабаларымыздың өркениеті салтанат құрғанын талантты қылқалам шеберлері кейінгі ұрпаққа сыйға неге тартпасқа?
Бұл мәселені бірден қаржыдан бастаудың қажеті жоқ сықылды. Ол музейге орасан қаражат кете қоймас. Себебі, Ыстамбұлдағы екі қабатты кішігірім ғимаратты ғажайып етіп тұрған – ішіндегі ғаламат мазмұны мен дарынды суретшілердің қылқаламының ізі.
Бұл ұсыныстан кілтипан табылатын болса – тарихи оқиғаның астарында ғана болуы мүмкін. Себебі, түріктер Константинопольді жаулап алды. Византия империясын қиратты. Ал біздің ата-бабаларымыз бір сатқынның кесірінен Отырарда жеңілді. Алайда, бұл да тарихтың ақиқаты. Тегі, біз үшін мұндай панорамаға Аңырақай шайқасы көбірек үйлесетін секілді.
Дегенмен, біздің мақтанышымыз – талай алмағайып пен аласапыранды бастан өткізген халқымыз, тарихтың бар теперішіне төтеп берген ұлтымыз өз тәуелсіздігін тұрлаулы еткен күнге де жетті. Ал бұл жолдың даңғыл болмағанын кейінгі ұрпаққа үлгі етудің бір тетігі болса, онда ол осындай панорамалық музейлер болар еді.
Өйткені, талай тарихи жәдігерлеріміз ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс, одан қала берді бодан болған жылдары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Осының салдары біздің көп музейіміздегі экспонаттарымызды жұтаң етіп тұрғаны жасырын емес…
Өз тарихын көргенде түріктің ер ұлдары көзіне қалай жас алса, біз де өз ата-бабаларымыздың рухымен қайта қауышқанда қазақ болып туғанымызға тәубе айтқызар тірліктер керек-ақ. Туризм – алтын жұмыртқа табатын тауық. ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысында ойланатын жайлардың бәрі де осы дер едік.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.