Әлем • 17 Маусым, 2019

Түркі әлемін зерттеуге арналған симпозиум өтті

682 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әзербайжан астанасы Баку қаласында Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өтті.

Түркі әлемін зерттеуге арналған симпозиум өтті

Баку Еуразия университетінің ұйымдастыруымен алтыншы рет ұйымдастырылған алқалы басқосуға Түркия, Қазақстан, Әзербайжан және Башқұртстаннан 500-ге жуық ғалым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және өнер ұжымдары қатысты.

Дәстүрлі жиынның ресми ашылуы 13-маусым күні Баку қаласындағы «Caspian Business Hotel» қонақ үйінің конференц залында өтті. Кеңесті Баку Еуразия университетінің ректоры Назим Гусейнли ашып, симпозиум жұмысына сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде бұл шара туыстас түркі мемлекеттері ғылымының керегесінің кеңеюіне тың серпін, жаңаша тыныс беретіндігін атап өтті.Ал Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кар қазіргі күнде түркі əлемін зерттеу – рухани бренд екендігін тілге тиек етті.Өз кезегінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова жиын қатысушыларына 75 жылдық тарихы бар Қыздар университетінің ұжымы мен студенттері атынан жолдаған құттықтауын оқыды.

– Түркі дүниесіне ортақ құндылықтың бірі де бірегейі – ғылым. Түбі бір туысқан халықтардың төл тарихына үңілер болсақ, түркі әлемінен шыққан ғалымдар әлемдік ғылымның шамшырағын жағып, жаһандық өркениеттің өрістеуіне елеулі үлес қосты. Бір бұл ғана емес. Түркі дүниесі әлемдік өнер мен мәдениеттің және экономиканың қарышты дамып, гүлденуіне жол ашты.  «Екінші ұстаз» ретінде танылған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз орта ғасырда Қазақ еліндегі Отырар қаласында философия, математика, өнер және әдебиет саласы бойынша 150-ге жуық ғылыми еңбек жазды. Ұлы ойшылдың құнды трактаттары әлі күнге дейін өзінің мәні мен маңызын жойған жоқ. Ал күллі түркі әлемінің рухани көсемі Қожа Ахмет Иассауи Түркістан қаласында өмір сүріп, діни ілім таратты. Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари, Әбу Райхан әл-Бируни, Ахмет Иүгінеки сынды ғалымдар тек түркі дүниесінің ғана емес, сонымен қатар әлемдік ғылымда да өзіндік дара қолтаңбаларын қалдырды, – деп атап өтті Гаухар Алдамбергенова.

Сондай-ақ ол бабадан балаға жалғасып келе жатқан алтын арқауды үзбеу мақсатында және тегі бір, тамыры ортақ туыстас халықтардың ғылымдағы өзара ынтамақтастығын одан әрмен нығайту орайындағы Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумының маңызына назар аударды.Гаухар Алдамбергенова өз сөзінде сонымен қатар Қазақстанның туысқан түркі халықтарының бірлігіне ұйытқы болып отырғанын да баяндады.Әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау симпозиумның басты мақсаты.Басқосудың секциялық жұмысында ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік мәселелер жайында және жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында уағдаласты. Түбі бір түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының нығаюын, әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың қамтамасыз етілуін көздейтін жиын «Жаһандық бәсекеге қабілетті филолог маман даярлаудың әлемдік тәжірибесі», «Әдебиет арқылы ұлттық сананы кемелдендіру», «Жаһандық білім беру жүйесі: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді жаңаша оқыту әдістемесі», «Латын графикасы: тарихы, теориясы және оқыту әдістемесі», «Түркі қауымы: тарихы мен мәдениеті», «Қазіргі замандағы білім беру үрдісінің ұлттық және халықаралық даму тенденциясы» және «Түркі тілдес мемлекеттердегі гендерлік білім берудің өзекті мәселелері» бағыттары бойынша өткізілмек.

Айта кетейік, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Баку Еуразия университеті және М. Акмулла Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы алғаш рет Түркияның Өмер Халисдемир университетінде 2014 жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында өткен болатын. Сонымен қатар шара аясында аталған жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен «Түбіміз бір Түрікпіз» фестивалі да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Жиын соңында симпозиумға қатысушы университет басшылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, арнайы қарар қабылдады.

Жандар АСАНОВ