Аймақтар • 17 Маусым, 2019

Қостанайда болған жарылыстан 7 адам зардап шекті

432 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының орталығындағы Баймағамбетов және Лермонтов көшелерінің қиылысындағы бұрышта орналасқан техникалық қызмет көрсету стансасында жарылыс болып, соның салдарынан 7 адам зардап шекті. Оның бесеуі ауруханаға жеткізілді.

Қостанайда  болған жарылыстан 7 адам зардап шекті

Алдын ала болжамдар бойынша, стансаның ішінде газбен жүретін құрылғысы бар жеңіл машина болған. Станса олардың құрылғысын ауыстырып, жөндеп берумен айналысады. Жарылыс салдарынан қатты өрт шығып, станса ғимараты түгелімен құлап, жанып кетті. Төтенше оқиға түскі сағат 12.00-де болған. Шұғыл хабар түсісімен Төтенше жағдайлар, Өрт сөндіру қызметтерінің мамандары, қызметкерлері, «Жедел жәрдем» қызметі оқиға орнынан табылды.

«Бізге бүгін түскі сағат 12.02-де полиция хабарлағаннан кейін дәрігерлік бригада жеті минуттың ішінде оқиға орнында болды. Жарылыстан ғимарат өртенген. Зардап шеккен адамдар басынан жарақаттанған, дене жарақаттарын алған және терісін 20 процентке дейін күйік шалған. 3 адам шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды, үш адамға медициналық көмек көрсетілді» дейді «Жедел жәрдем» қызметінің бас дәрігері Ирина Штейгервальд.

 Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Уәлихан Досанов мәлімдегеніндей, өрт сөндірілді, оқиға орнында 78 адам, 21 техника жұмыс істеп жатыр.


Қостанай