Әлем • 17 Маусым, 2019

Еуразия ұлттық университетінде «Қытайтану институты» ашылды

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен ғылыми-зерттеу бағытындағы «Қытайтану институты» ашылды.

Еуразия ұлттық университетінде «Қытайтану институты» ашылды

Қытайтану институтының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан стратегиялық әріптес ел – Қытай Халық Республикасының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, экономикалық-әлеуметтік даму ерекшелігін, әлемдегі орнын зерделеп, ғылыми байыптау. Ресми Бейжіңнің Шығыс және Оңтүстік Азия, Тайвань, Батыс Еуропа, Түркі, Ислам дүниесі, Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын сараптау. Сондай-ақ ҚХР-дың өз ішіндегі этносаралық, дінаралық, экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелерді, бүгінгі қалпы мен беталысын болжамдап, ақпарат көздері мен жалпы оқырманға анық етіп жеткізу. 

Институттың мәдени бағдарда жоспарлаған жұмыстары да едәуір. Мысалы, Қытай мұрағаттарындағы ежелгі түркі, қазақ тайпалары тариxы мен мәдениетіне қатысты деректерді іздеу, жинау, жүйелеу және басып шығару. 
Әйгілі қытай ғалымдары жазған ежелгі түркі, байырғы қазақ тариxы мен мәдениеті туралы зерттеулерді, қытай (xанзу) ұлтының түсінік-танымын, талғам-парасатын Қазақстан жұртшылығына кеңінен таныстыру. Қытай әдебиеті үлгілерін қазақ тіліне аудару. Екі жақтың мәдени-рухани, ғылыми-зерттеушілік қарым-қатынасына лайықты жағдай туғызу.

Аталған институттың басшысы болып белгілі қытайтанушы, филология ғылымдарының докторы, ақын, Дүниежүзі синологтар қоғамының мүшесі Дүкен Мәсімханұлы тағайындалды. Ғалымның осы аядағы зерттеу кітаптары, аудармалары, оқу құралдары, сөздіктері оқырманға, ғылыми қауымға мәлім.