Саясат • 17 Маусым, 2019

Жүйріктер аз, жорғалар көп...

559 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді. Айбары бөлек, сарабдал саясаткер ендігі жерде ұлтының тағдыры басты қағида болатындығын қадап айтты. Біз ойлағандай бәрінің керемет емес екенін, бәрінің ақиқат емес екенін ескертті. Бірақ ел болып бірігіп, қиындықты да жеңуге болатынын, бейбіт елдің сәні, бүлінген елдің дауы қалатынын, даудың түбі жау болып, жаудың соңы шаң болып, берекелі елдің берекесін қашырмау керектігін Президент нығарлап түйіндеді.

Жүйріктер аз, жорғалар көп...

Ақиқат – Жеңіс! Жалған – жеңіліс! Біз жалған ұранға, жалған патриоттыққа, жалған ұлтшылдыққа қарапайым халықты арандатпауымыз керек.

Шындық – шабан ат сияқты, асықпайды. Өйткені ол – шындық, оның жолы да  күрделі. Ал өтіріктің жолы жеңіл, желдей еседі, тез тарайды.

Ендігі жерде Мемлекет басшысының алға қойған арман - мақсатына бірге қол жеткізу. Бірге жұмылып  іс бастау. Дауы бітпейтін үйден береке қашатыны сияқты алаңға шығып, қанша айқайлағанмен бізге ешкім ештеңе орнатып бермейді. Өзіміз жанымызды жалдап, елдің ертеңіне білек сыбанып бірге қызмет жасауымыз керек. Балалығы қалмаған ұлттың оп-оңай ұтылатынын ұмытпаған абзал.

«Жүйріктің бір міні бар – жорғамен қатар жүрмейді» дейді біздің халық.

Қ.Тоқаевтың болмыс-бітімі, құндылықты тану дәстүрі, жаңашылдығы – бөлек тұлға.  Бүгінгі қазақ баласы, біздер, әсіресе жастар үйренетін  дәстүр бар табиғатында.  Ол мемлекетшілдік сана. 

Президентіміз мемлекет имиджіне деп жұмсалатын қараусыз қаржыға бірден тыйым салды. Әлеуметтік салаға баса назар аударып отыр. Ақиқатты таза адам ғана айтса жарасады, халық та соған иланады.

Саясатта жүйріктер аз,  жорғалар көп. Біз  халықтың таңдауымен бәйгеден озып  келген Президентіміздің алға қойған  бастамаларына  сәттілік тілеп, сенім артамыз. Біз  өзіміз таңдау жасаған Президентімізбен біргеміз!

Роза МҰҚАНОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері