Руханият • 18 Маусым, 2019

Абайды араб оқырмандарына таныстырған...

1049 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Абай» романы мен Абай өлеңдерін араб тіліне аударған Ирак жазушысы Бурһан әл-Хатыб пен судандық ақын Гили Абд ар-Рахман туралы

Абайды араб оқырмандарына таныстырған...

1. Бурһан әл-Хатыб

Қазақ әдебиетінің озық үлгілерін араб тіліне аударып, жариялауда Мәскеудегі «Прогресс» баспасы жемісті іс атқарды. Ол Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» повесін 1966 жылы «Талақа фи-л джабал» («Тауда атылған оқ») деген атпен нашриаттап игілікті іс атқарды. 1967 жылы Мұхаңның «Қорғансыздың күні» әңгімесі «Қисма ад-дусафа» деген атпен тағы да сол баспадан ұжымдық жинақта шықты. Іле-шала 1969 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы Хусейн Джуманың аударуымен «Әл-Абш» («Ымыртта») деген атпен араб оқушыларына жетті. Осындай жақсы дәстүр жалғаса берді. 1970 жы­лы Абайдың туғанына 125 жыл толуы­на, сондай-ақ 1973 жылы Алматыда өте­тін Азия және Африка құрлығы жазу­шыларының V конференциясына орай аталған баспа кемеңгер шайырдың таң­дамалы өлеңдері мен поэмаларын Мұхтар Әуезовтің жан-жақты, терең ой, үлкен парасат, аса білімпаздықпен жазған алғы­сөзімен басып шығарды.

1979 жылы М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, З.Шашкин, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Ә.Кекілбаев, Ә.Әлімжанов, С. Мұратбеков әңгімелерінен құрасты­рыл­ған «Наджум ас-суһуб» («Дала жұл­ды­зы») атты жаңа жинақ араб оқушы­ларының қолына тиді. Мұнда әр­бір қаламгердің өмірбаяны жайлы да қыс­қаша мағлұматтар берілген. Жинақ­тан араб оқушылары Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің «Мууатани» («Менің отан­дастарыма») атты алғысөзін де ұшы­ра­тады. Әңгімелерді аударған араб жазу­шысы Тариқ Масарани.

1980 жылы С.Айнидің «Сафахат ан-хайати» («Менің өмір­бая­ным») һәм М.Әуезовтің «Талақа фи-л джабал» («Тау­да атылған оқ») атты пьесасы бірікті­ріліп кітап боп тағы да жарияланды.

М.Әуезовтің «Абай» («Дала жұл­ды­зы») романының араб тіліне ауда­рылған нұсқасын мен тұңғыш рет 1986 жылы Тунистегі Аз-Зайтуна уни­вер­ситетінде оқып жүргенде араб әде­биеті институты мен Кеңес мәдениет ор­та­лығының кітапханаларынан да көріп едім. Халқымыздың мақтанышына айнал­ған бұл шығармаға көрнекті жазушы Ә.Нұрпейісов «Мұхтар Әуезов» атты терең тебіреніс пен ізгі ойға толы алғысөз жазыпты.

Тәржімашы өз аудармасын аталған шығарманың 1983 жылы Мәскеудегі «Художественная литература» баспасы шығарған нұсқасы бойынша жасаған. 6280 данамен шыққан шығарма аудар­масының көлемі 41 баспа табақ. Әлем жұртшылығы сүйіп оқитын кітапты арабша сөйлеткен Ирак жазушысы Бур­һан әл-Хатыб екен. Кейін Мәскеуге оралған соң оның «Прогресс» баспасында қызмет еткенін, кейін Швецияға қоныс аударғанын білдім. Сөйтіп оны­мен жолығып, сұхбаттасудың реті бірден келе қоймады. Тек 1988 жылдың көктем айында ғана КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, араб тілі мен әдебие­тінің маманы, әріптесім Борис Чуковтың көмегі арқасында ғана тәржімашымен танысудың реті келді.

Бурһан өз шы­ғар­машылығынан гөрі халқының қа­мы, ел-жұртының көкейкесті, зәру мәселесін ашына айтып, әділетсіздікке жаны күйзеле қарайтын жан көрінді. Әуелі біз Палестина халқының тарихы, араб елдерінің бірлігі, ынтымағы, Кеңес шығыстану ғылымының өрісі туралы сөз етуден әріге бара алмадық.

Бурһан «Мың бір түн» ертегілері арқылы атағы мәлім Вавилония (Бабыл) қаласы маңындағы Мусаййаб атты кішкене қыстақта 1944 жылы дүниеге келіпті. Балалық шағы әлемнің жеті кереметінің бірі – аспалы бағы бар осы Бабыл қаласында өткен. Шаһардың батыс жағын жанай ағатын Евфрат өзені өңірінде есейген ол 1961 жылы отбасымен елдің солтүстігінен тоқсан шақырым жердегі атақты Бағдад қаласына қо­ныс аударады. Бурһан осындағы Әл-Мус­тансирийа университетінің инженер-механиктер даярлайтын факультетіне түседі. Себебі ол тұста Ирактың отар­шы­лар езгісінен құтылып, теңдікке қолы жеткен кезі болатын. Ел инже­нер, дәрігер және де басқа толып жат­қан жоғары білімді интеллигенция өкіл­деріне мұқтаж-тын. Сондықтан Бур­һан жоғарыда аталған мамандықты таңдайды.

Университетті 1967 жылы ойдағыдай бітірген ол аграрлық реформа министр­лігіне өз мамандығы бойынша қызметке орналасады.

Бурһан көркем шығарма жазуды әң­гіме жанрынан бастаған. Тұңғыш туын­дыларын тек Ирак газеттері ғана емес, сонымен қатар өзге де араб ел­де­рінің мер­зімді басылымдарында жариялап отыр­ды. Сол жылдары ол өз күшін ау­дарма жанрында да сынап көрді. Ағыл­шын тілінен батысеуропалық һәм америка­лық көптеген жазушылардың әңгіме, новеллаларын ана тілінде сөй­летті. 

Жас жазушы 1967 жылы бұрын жазған әңгімелерін топтап «Хатауат ила әл уфк әл-баид» («Алыс көкжиектерге қадам») деген атпен жеке жинақ етіп шығарды. Ондағы әңгімелері әлеуметтік өткір мәселелерге арналған-тын. Қа­лам­гер проблемаларды көтеріп қана қоймай, оны шешудің де жолын табуға тырысты. Жинақтағы туындылардың барлығы дерлік реалистік тенденцияда жазылғандығын айтқан жөн. 

Бурһан «Дабаб фи дахира» («Шаңқай түстегі тұман») атты алғашқы романын 1968 жылы жариялаған. Суреткердің бұл туындысына да кіші жанрлардағы шығармалары сияқты интеллигенция өмірін арқау етеді. Оқиға романның үш кейіпкерінің тіршілігі, өмірге көзқарасы мен іс-әрекеті, айналасындағылармен қарым-қатынасы арқылы өрбиді. Рафд – социалист, ал Анис – жеке басы­ның бақытын жоғары қойып, өз жа­йын, өз қамын ғана күйттейтін жан. Үшін­ші кейіпкер – әңгімеші. Демо­кра­­­тия­лық, алдыңғы қатарлы көзқара­сының арқасында ол жоғарыда аталған кейіпкерлердің іс-әрекетіне әділ баға беріп, оқушысын өмір мәніне тереңірек ой жіберуге шақырады. Сол тұстары Ирак халқының өмірін, тіршілік-тынысын, қо­ғамда болып жатқан өзгерістерді шын­­шылдықпен суреттей білгені үшін бұл шығарманы оқушы қауымы жылы қабылдаған.

Бурһан 1969 жылы Кеңес Одағына біліктілік арттыруға жіберіледі. Кейін ол Максим Горький атындағы Бүкіл­дүниежүзілік әдебиет институтына түсіп, оны бітіргеннен кейін бірыңғай шы­ғармашылықпен айналысады. Мәскеуде көптеген ақын, жазушы, әдебиет және мәдениет һәм өнер қайраткерлерімен жақын танысқан оның Кеңес елі туралы дүниетанымы да кеңейе түседі.

1973 жылы Бурһанның «Шиққа фи шари Аби Нуас» («Аби Нуас көшесіндегі пәтер») атты үшінші романы жарық көрді. Жазушы осы еңбегі арқылы Ирак халқының алпысыншы жылдардағы өмірін суреттейді. Аталмыш шығарманы әдебиет сыншылары араб дүниесіндегі тұңғыш саяси роман деп таныды. 

Бейруттегі «Уайдат» баспасы 1980 жылы Бурһанның «Әл-Джиср әл-джу­задж» («Шыны көпірлер») атты жаңа романын жариялады. Бұл шығармада Ирак халқының 1958 жылғы револю­циядан кейінгі тұрмыс-тіршілігі қам­тыл­ған. Суреткердің бұл шығармасы да революцияның алғашқы кезеңін реалис­тік сипатта баяндап берген тұңғыш көр­кем туынды.

Бурһан әсіресе сексенінші жылдары өндіре жазды. Мәселен, әзірге толық жариялана қоймаған «Әл-Фейха» («Хош иісті») романында ежелгі шаһар Бабыл­дың кешегісі мен бүгінін өзек етсе, «Әл-Лайал Бағдадийа» («Бағдад түн­дері») атты романын жастық шақ күндеріне арнайды. Алғашқы шығар­масының бір­неше тараулары «Ас-Сака­фа әл-джа­дида» («Жаңа мәдениет») жур­на­лы­ның 1986 жылғы бірнеше санын­да басы­лып үлгерді. Әбу-Дабидің «Аруақ» («Қағаз­дар») журналында да тек осы жы­лы Бурһанның «Нуджум аз-зухр» («Тал­түс­тегі жұлдыздар») атты роман­ның үзін­ділері қатар жарияланды.

1980-жылдардан бастап Бурһан шы­­­ғармашылығында тағы бір жаңа ке­зең басталды. Ол енді аударма өнерімен ты­ғыз айналыса бастайды. Мәс­кеудегі «Прогресс», «Радуга» баспалары­мен келісе отырып қалам­гер Кеңес жазушыларының он үш кітабын аударыпты. Оның ішінде К.Фединнің «Алғашқы қуаныштар», Ю.Бондаревтің «Жағалау», С.Айнидің «Өсімқор», «Бұхара», сондай-ақ «Орыс жазушыларының ертегілері» һәм «Тәжік жазушыларының әңгімелері» жинағын араб тілінде сөйлеткен. 

Бурһан қазақ әдебиетінің де досы. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» рома­ны­мен араб оқушыларын тұңғыш рет та­ныс­тырады. Бурһан аударған «Абай жо­лы» «Радуга» баспасының Таш­кенттегі бө­лімшесінде 1984 жылы басылып шық­ты.

Бурһан «Абай» романын араб тілінде сөйлетудің оңайға соқпағанын айтады. Бұл ретте оған оның аударма өнеріндегі мол тәжірибесі көмектескен. Оның үстіне өзі де осыған дейін қарымды қаламгер ретінде қалыптасқан-ды. Жазушы біз­бен әңгімелескенде XIX ғасырдағы қазақ халқы өмірінің түздік бәдәуилер тұрмыс-тіршілігіне, сенім-нанымына етене жақындығы байқалатындығын еске алды. Сондай-ақ ол Әуезовтің қа­зақ жұртының өмірін реалистік ше­бер суреттегенін, сондықтан да араб оқушыларының «Абай» романын ерекше қызыға оқып, қуана қарсы алғандығына тоқталды.

– «Абай» романы арқылы, – дейді тәр­жімашы, – қазақ халқының тарихы мен тағдыры әдет-ғұрпы, сенім-нанымымен танысып, жаңа әлем, жаңа дүниемен қауышқандай әсерде боласың. «Абай» романы заңғар биікке самғаған, адам жанын сусындататын шоқтықты шығар­ма. Оны оқу арқылы рухани ой-дүниең кеңейіп, дүниетанымың молая түскенін сезесің. Сөйтіп М.Әуезов «Абай» романы арқылы қазақ халқын әлем мәдениетінің асқар шыңына же­телейді.

«Абай» романын аудару үстінде Бур­һан кезінде осы шығарманың компо­зициясы туралы жеке мақала да жаз­ған екен. Тәржімашыны аса қызық­тырған жайттардың бірі Әуезовтің образ сомдау тәсілі. 

Қазақ әдебиетінің досы Бурһан әл-Хатыб – азаматтық позициясы айқын, рухы берік, суреткерлік парасаты терең қаламгер. Оның кейіпкерлері ұлы мақ­сат, асыл мұраттар үшін күресетін, әре­ке­ті кесек жайсаң жандар. Ол – шығар­машылығы сан салалы, өсу үстіндегі күр­делі жазу­шы. Бурһанның аталып өткен, әрбір роман, баяндаулары жеке-жеке талдап, зерттеуді қажет етеді. Сондықтан да біз қазақ әдебиетінде Бурһан туралы жа­зылып отырған мақаламыз оның тек қана шығармашылық өмірбаяны мен кейбір шығармаларына, тәржімашылық қырына ғана тоқталдық. Халқымыз «дос­тыққа достық – қарыз іс» демей ме, енде­ше біз де осы мақаламыз арқылы дос алдындағы қарызымызды аз да болса өтесек деп едік.

2. Гили Абд ар-Рахман

Мәскеуде «Московские новости» атты газет Еуропаның бірнеше тілдерінде (ағылшын, француз, неміс) және араб тілінде де «Анба муску» деген атпен шығып тұрды. Соның араб тіліндегі нұсқасын үнемі оқып тұратынбыз. Онда негізінен «Московские новостиде» жа­рия­ланған дүниелер араб тіліне ау­дарылып берілетін. Аударма болғандықтан тілі жеңіл еді. Сол газетте мен оқыған Мәс­кеудегі Шығыстану институтының «Азия халықтары әдебиеті бөлімінде» Музаф­фар Ала әл-Абд әл-Уахид атты жігіт оқы­ды және ол «Анба мускуде» қызмет етті. Ұмытпасам ол Мәскеудегі ГИТИС-ті бітірген-тін. Аспирантурада Ирак театр­лары мен араб драматургиясын зерт­теумен айналысты. Сол әріптесім бірде жанұя жағдайымен еліне, Бағдадқа баратын болды да «Анба мускудегі» қызметін уақытша атқара тұруды маған тапсырды. Редакция басшылығымен де келісіп қойған екен. Ол мені қызықтырып: Редакцияда қазақтың классик ақыны Абайдың өлеңдерін араб тіліне аударған, түбі судандық Гили Абд ар-Рахман деген ақын қызмет етеді. Одан оның Абайды аудару тәжірибесі туралы сұхбат алуға болады. Оған мен ескертіп қоямын деді де, бірнеше күннен кейін Бағдадқа ұшып кетті. Мен де газеттегі қызметке кірісіп кеттім.

Көп ұзамай Музаффар Бағдадтан оралды да қызметін қайта жалғастырды. «Анба мускуде» аз ғана уақыт болған­дықтан Гили Абд ар-Рахманмен Бурһан әл-Хатыб сияқты оның Абай өлеңдерін аудару тәжірибесі туралы шешіле сұхбаттасудың реті келмеді. Әйтсе де оның өмірі мен шығармашылығы туралы аз да болса қазақ оқушыларына таныстыра кеткенді жөн көрдім.

Гили ас-Саид Абд ар-Рахман (1934ж. туыл­ған) орта бойлы қара торы жігіт екен. Ол 1973 жылы Азия және Африка жазушыларының V конференциясына (Алматы), 1975 ж. Алматыда өткен әл-Фа­ра­бидің 1100 жылдық тойына қатыс­қан. Шетел ақын-жазушылары шығар­маларын араб тіліне тәржімалаумен де айна­лысады. Ол аударған Абайдың таңда­малы өлеңдері мен дастандары 1974 жылы Мәскеудің «Прогресс» баспасынан араб тілінде жарық көрген.

Аудармашы-ақынның қазақ халқы­ның мәдени-тарихи өмірімен жете таныс­тығы араб оқырмандарына Абай шы­ғар­маларының тілі жатық, мән-мағы­насының, өзіндік көркемдік-идеялық дәре­жесінің бұзылмай жетуіне игі ықпа­лын тигізген. Бұл жөнінде Египеттің «Әл-гумһурийа» («Республика»), «Әл-Маса», («Кеш»), Ирактың «Тариқ аш-Шағб» («Халық жолы») газеттері жылы лебіз білдірген.

Гили ас-Саид Абд ар-Рахман 1975 жы­лы Мәскеудегі Шығыстану институтында «Возникновение и развитие суданской новеллы» тақырыбында филология ғы­лымдарының кандидаты ғылыми дә­ре­жесі үшін жазылған диссертация қор­ғады. Ғылыми жетекшісі профессор Е.П.Челышев болса, ал оппоненттері Г.И.Шарбатов, Б.Я.Шифар еді.

Мәскеуде судандық біраз ақын-жазу­шылар тұратын. Олардың ішінде Тадж Сир әл-Хасан атты ақынды білуші едім. Ол Гилидің аудармасын оқып шыққанын айта келе, тәржіма жайлы жақсы пікір білдірді.

Мәскеуде тұратын араб қаламгерлері­нің бірқатары өз елдеріндегі саяси басшылықпен келісе алмай эмиграцияға кеткен көрінеді. Олардың арасында кейін халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты болған Абд ар-Рахман әл-Хамиси де бар еді. Гили де Суданнан Мәскеуге эмиграцияға кеткен сондай қаламгер көрінді. Ол аударған Абай өлеңдеріне Тадж Сир әл-Хасаннан басқа араб елдері оқушыларының пікірлері жайлы сол жылдары «Абай және араб оқушылары» атты мақаламда айтқанмын.

2017 жылы Түркияның Ыстанбұлдағы Стратегиялық зерттеулер орталығы Хартумде халықаралық конференция өткізетін болды. Хартум батысы орталық Африкадан басталатын Ақ Ніл, шығысы Эпиофиядан бастау алатын көгілдір Нілдің Хартум тұсында қосылып бір Ніл болып ағатын ортасында. Мұнда баруға құштар болғаным – Гили елінде болса, онымен тағы бір кездесу еді.

Конференция Хартумдегі халықара­лық «Африка» атты университетте өтті. Оған көп ғалымдар, ақын-жазушылар, студенттер қатысты. Содан Гили жай­лы сұрадым. Жазушылар Гили Абд ар-Рахманның өткен ғасырдың 60-жыл­дары Мәскеуге Суданның әскери билі­гі­мен келісе алмай кеткенін, оның талант­ты ақын болғанын айта келе, қа­лам­гердің қайтыс болып кеткенін айтты. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.


Әбсаттар Дербісәлі,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, 
ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор